Ақтөбе облысы

Қазанғаптың бейіті

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: 1994 жыл

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Қосқақ қыстағынан солтүстік-солтүстік-шығыстқа қарай 5 км.

Зерттелуі: Ескерткішті 2005 жылы Ақтөбе облысының кешенді этноархеологиялық экспедициясы зерттеп, бейіттің өлшемдерін алып, фотофиксация жасады.

Қысқаша анықтамасы: Қазанғаптың бейіті қазіргі төртқұлақ қоршаудан, жоспары төртбұрышты болып келеді. Бейіттің қабырғалары ақ, ашық-сары түсті кірпіштерден қаланған.

Аңыз әңгіме: Қазанғап Тілепбергенұлы – Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Ақбауыр деген жерде дүниеге келіп, сол жерде қайтыс болған.

Қазақтың ұлы күйшісі. Әкесі Тілепберген Жамантай, Тәубек деген байлардың жалшысы болған. Өзі де жастайынан қозы бағып, кең байтақ жазық далада табиғаттың небір таңғажайып құбылыстарымен тілдесіп, қамыстан, қурайдан құлаққа жағымды үн шығара білген.

Кейін оның сырласы да, мұңдасы да домбыра болды. Қазанғаптың өте зерек және сезімталдығы сондай, ауылға келген әнші-күйшілердің шығармаларын бір тыңдағаннан кейін өзіне қайта тартып бере білген. Бұл қасиет кейін оны қолына қара домбырасын алып елге әйгілі күйшілерді іздеп сапарға шығуға мәжбүр етеді.

Ол ең алғаш Доңызтаудағы Төрешпен кездесіп, одан біраз күй үйренеді. Төрештің ақыл кеңесімен Қарақалпақ еліндегі Бесқалада тұратын Орынбай күйшімен кездеседі.

Осыдан кейін Қазанғап өзі де күй шығарып, жеке ойнау стилін қалыптастыра бастайды. Орынбор жәрмеңкесінің базарбасы, өте дәулетті, бірақ күйшілік өнерді одан да жоғары қоя білген Үсен төремен кездесуі Қазағапқа тың жігер, ерекше шабыт береді. Себебі, Үсен төремен өнер жарыстыруға көптеген күйшілер жасқанған. Қазанғап Жаманқаладан қайтқан сапарында сол Үсен төренің ауылына соғады. Қазанғаптың орындаушылық шеберлігіне тәнті болған төре оны бірнеше күн қонақ қылып, құрмет көрсетіп, сый-сияпатпен шығарып салады.

Қазанғап күйлері-өмір шындығынан туған өлмес дүниелер. Қос ғасырдың куәгері болған Қазанғап өз заманының қоғамдық болмысын күйлері арқылы шеберлікпен бере білген. Оның шығармалары халық тағдыры мен ел өмірін бейнелейтін философиялық терең толғанысқа құрылған. Қазанғап сол кездегі көпшіліктің, елдің басындағы жұтаң тіршілікті, ауыр қайғы қасіретті жүрегімен жете сезіне білген. Оның «Көкіл», «Бала Мұхамбетжан» т.б. күйлері осының айғағы.

Басқа материалдар

Back to top button