Қарағанды облысы

ТАЛДЫ 2 ҚОРЫМЫ

Қарқаралы ауданы, Қ.Аманжолов ауылынан 1,4 км жерде орналасқан. Ескерткіш ерте темір дәуірімен мерзімделген, біздің эрамызға дейінгі VI-V ғғ. аралығын қамтиды. Әр дәуірлік құрылыстардан тұратын 60 нысан тіркелген. Қорғандар ерте заманда тоналғанына қарамастан, табылған бұйымдар ерекше ғылыми және мәдени құндылыққа ие. Жүздеген ұсақ қабықша, түйіршіктерді санамағанда, толықтай құйылып жасалған 130 астам алтын бұйымдар, 14 садақ жебесі, тас моншақтар бар. Табылған бұйымдар ішінде мысық тұқымдас жыртқыш аңдардың әдемі мүсіндері, алтыннан жасалған белдіктің басы мен қапсырмалары, жыртқыш аң бейнеленген тығырықшарлар, аспа белдіктердің алтын қапсырмалары, алтын сырға бар. Сонымен бірге киім ілдіргілері мен фольгалардың фрагменттері табылды. Жалпы, Талды II қорымында Орталық Қазақстанның жоғары әлеуметтік деңгейлі сақ билеушісі жерленген. Талды II қорымының қорғандарынан алтыннан құйылған жүзден астам бұйымдар мен көп мөлшерде ұсақ әшекей бұйымдар табылды. Алтын заттар-сақ билеушілері киген салтанатты киімнің әшекейлері. Оның арасында кісе белдіктің қапсырмалары мен қайыстарға кигізілген әшекейлер мен түрлі тығырықтар, көптеген ілдіргі салпыншақтар, қару тағылған қайыстар мен киімнің әр жеріне тағылған жапсырмалар бар. Талды II қорымындағы ескерткіштердің құндылығы қазба барысында табылған алтыннан құйылған заттармен шектеле қоймайды. Б.з.д. I мыңжылдықта Еуразияның далалы және таулы өлкелер тарихында ерекше дәуір бой көтере бастайды. Дәл осы уақытта мал шаруашылығына негізделген ерекше құбылыстың – Далалық өркениеттің қалыптасу үдерісі жүрді. Жалпы өркениет қазіргі таңда ғылыми ортада Скиф-сібір әлемі деген атауға ие.

 

Басқа материалдар

Back to top button