Қарағанды облысы

ТЕРЕКТІ ӘУЛИЕ ПЕТРОГЛИФТЕРІ

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында ежелгі дәуірде тасқа қашалып сызылған суреттер мен петроглифтер жақсы сақталған Теректі әулие атты таңғажайып жер бар. Ол жер Жезқазғанның шығысынан 90 шақырым, ал Қарағанды облысының Теректі стансасының солтүстік-батысынан 20 шақырым жерде жатыр. «Теректі әулие» көне заманның петроглифтері сақталған, сондай-ақ, неолит, энеолит, қола дәуірлерінің қолтаңбасы бар, ерте темір дәуірінде бағалы металдарды өндірген орындар мен түрлі қорғандардың ізі қалған киелі мекен. Ондағы петроглифтердің арасында ең көп кездесетіні аттың суреті. Сонымен қатар, түйе, бұқа, теке, бұғы, жылан, мысық тұқымдас жыртқыш, қос ат жегілген арбаның суреттері де бар. Ал түрлі белгілер мен таңбалардың, геометриялық пішіндердің көптеп кездесетіндігі бұл жердің ежелгі дәуірде құрбандық шалатын орын болғандығына меңзеп, ерекше назар аударады. Бұл петроглифтер оңтүстігіндегі петроглифтерге қарағанда анағұрлым аз зерттеліп келді. Тек өткен ғасырдың 40-ыншы жылдарының ортасында атақты ғалым Әлкей Марғұланның күш салуының арқасында Орталық Қазақстандағы тарихи жәдігерлер тыңғылықты зерттеле бастады.

Теректі әулиедегі суреттердің көптігі мұнда ең алдымен табиғи апаттардан қорыққан халықтың күнге табынуы, жергілікті «рухтарды» ерекше қастерлеу, сиқырлық-магиялық рәсімдер жасау сияқты әрекеттерімен түсіндіріледі. Сол кездегі адамдар мен қоршаған ортаның қарым-қатынасы өзара түсіністікте деп байыпталған. Сондықтан олар өздерінің азығы үшін пайдаланған тіршілік иелеріне асқан сыйластықпен қараған. Табиғатқа зиян келтіру Көк Тәңірісінің қаһарына ұшыратады деп түсінген. Осындай түсінік кейінірек түркілер мен моңғолдардың дініне де негіз болып, олар адам баласы табиғат пен қоғамның тепе-теңдігін бұзбай, солармен бірге өмір сүруі керек деп түсінген. Баяғы психологияның бір жұрнағы ретінде қазақта қалған бір мінез, аңшылар аң ауласа: «Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп кешірім сұрайды. Киелі аңды атпауға тырысады, аң-құстың пірі бар деп санайды.

Теректі әулиеде бірінің артында бірі тұрған 12 текенің суреті бейнеленген. 12 саны жаратылыста киелі санның бірі. Тастың шеті мүжілгендіктен суреттің шет жақтары дұрыс көрінбейді. Текелердің санын күнтізбемен немесе адам баласының бір мүшелімен 14 байланыстыруға болады. Ал екі бұғының суреті стильдік жағынан осы өңірдегі басқа суреттерден мүлде басқаша, оларда скифтік элементтер кездеседі. Аяғы шабылып қалған сияқты қысқа қылып сызылған жануардың тұмсығы едәуір ұзын, ал мүйіздері ағаштың бұтақтарына ұқсап бейнеленген. Осыған ұқсас суреттер Тыва Республикасындағы МугурСаргол тастарынан да табылған.

Теректі әулие жартасында мысық тұқымдас жыртқыштың жалғыз суреті бар. Суреттің салыну шеберлігі үлкен қызығушылық тудырады. Жартасқа сурет салғандар бейнелеу өнерінің ең алғашқы өкілдері. Ежелгі суретшінің қиялынан туған жыртқыш жылқы мен мысық тұқымдастардың қосындысынан шыққан. Бұл археолог, мәдениеттанушы ғалым Л.С.Клейн таңбалап айтқандай, «Кентаврлар уақытында», яғни есте жоқ ескі бір дәуірлерде туған синтез бейне болуы ғажап емес.

Оратылған жіңішке құйрығы мен үш тұяқты алдыңғы аяқтары образдың мазмұнын ашып тұрғандай. Ал денесінің қалған бөліктері тура жылқының дене бітімімен бірдей қылып салынған. Осыған ұқсас суреттер Алтай мен Моңғолиядағы тастардан да табылғандығын атап өткен жөн. Сонымен қатар, Теректі әулиеден түсіндіруге келмейтін жұмбақ сурет те табылды. Онда бір шеңберден екі сызық шығады. Біреуі солтүстікке, екіншісі солтүстікшығысқа қарай бағытталған. Яғни кәдімгі теледидардың антеннасына ұқсайды. Шеңбердің ортасында қосөркешті түйе бейнеленген, ал сызықтардың ортасында антропоморфтық жануарлар, екі крест, ал суреттің астында адам сызылған. Мұндай суретке ұқсас бейнелер Қазақстанның түрлі аумақтарында кездеседі. Олардың барлығы белгілі бір культтік сюжеттерге негізделген болуы мүмкін деген болжам ғана бар.

Теректі әулиенің ең биік шыңдарының бірінен ұзындығы 2,5 метр, ені 35 см болатын, тік түсетін тегіс сызық табылды. Ол халық арасында «Әулие сырғанағы» деген атпен белгілі. Бұл жолақ, бәлкім, Құс жолын меңзейді немесе әлдебір салт-дәстүрге байланысты болар. Ертедегі адамдар космогонияны жақсы меңгерген, күн райының аспан шырақтарына тәуелді екенін білген.

Теректі әулиедегі іздер көптеген мифтер мен аңыздарға арқау болды. ХІ ғасырдағы атақты ғалым әл-Бирунидан қалған деректер бойынша, тастағы іздер Әзірет Әли мен оның тұлпары – Дүлдүлдің іздері көрінеді. Ал тағы бір тұлпар басқан – аттың тұяғының іздері қалған жерді халық арасында «Періштенің ізі» деп атайды. Сол жердің топырағын ел баласының жастығының астына салған. Сондай-ақ, жас нәрестені шомылдырғанда да осы жердің топырағынан бір уыс алып, суға араластырады. Халық нанымында ат тұяғы тиген жердің топырағын дәрі ретінде де қолдануға болады. Алайда ол ат асқан жүйрік немесе сәйгүлік болуы тиіс. Қазақстанның көптеген жерлерінде тасқа қашалып сызылған ат тұяғының іздері бар. Олар «тұлпартас» деп аталады. Ә. Марғұланның айтуынша, Сарыарқадағы Беғазы тауларында Манастың тұлпары Аққұланың іздері бар көрінеді. Теректі әулиенің материалдары өте маңызды әлі терең археологиялық қор құрады. Тасқа қашалған суреттерді зерттеу ежелгі тарихты тану үшін ғана емес, сондай-ақ, қазақ халқының мәдениеті мен рухани байлығын сезіну үшін де қажет.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button