Жаңалық

Асылбек Есенбаев – Президент халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған маңызды тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында Үкімет алдына халықтың әл-ауқатын арттыру жөнінде маңызды әрі ауқымды міндеттер қойды.

Мемлекет Басшысы Премьер-Министрге халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырғанын ерекше атап өткім келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жұмыс нақты əрі əр бір азаматқа бағдарланған болуы керек. Басқарудың əр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекіту қажет. Жұмысқа орналастыруды қажет ететін азаматтардың нақты санын анықтау керек», – деп атап өтті.

Осыған байланысты «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институтының (ҚҚДИ) 2021 жылдың 20 шілдесінен 2 тамызына дейін жүргізген әлеуметтік зерттеуінен мысал келтіргім келеді.  Зерттеу қорытындысы халықтың негізгі бөлігінің борыштық жүктеме мәселесі бар екенін көрсетті. Мәселен, 66,0%-ының несие рәсімдеу тәжірибесі бар, олардың бір бөлігі сауалнама жүргізу кезінде несиелерін өтеген. Олардың 37,0%-ы сауалнама кезінде несиеге төлеп жатқан болса, 7,0%-ы бірнеше несиені қатар төлеп жатқандар болды.

Ауыл тұрғындары арасында жаппай сауалнама жүргізу кезінде несиесі барлар үлесі жоғары (41,4%) болды. Ал қала халқы арасында бұл көрсеткіш біршама төмен (34,1%) екенін байқадық.

Сондай-ақ, бұл ретте қазақстандықтар арасында ақша жинау әдеті мүлде қалыптаспағанына куә болдық. Яғни сауалнамаға қатысушылардың тек 26,0%-ында ғана жинақ немесе депозит болды.  Бұл халықтың жинақтауға мүмкіндігі жоқ екендігін көрсетеді.

Мемлекет басшысы жариялаған әлеуметтік және экономикалық шаралардың барлық пакетін іске асыру қысқа мерзімде нәтижелер беретініне сенімдімін.

Басқа материалдар

Back to top button