Редакция таңдауы

16 жастағы қазақстандық АҚШ-тың ең жас магистранты атанды

16 жастағы қазақстандық Абзал Мырзаш Нотр-Дам университетінің информатика және инженерия факультетінің жоғары мектебіне оқуға түсті.

Қазіргі таңда магистрант аталмыш оқу ордасында білім алып, PhD докторантураға ауысуды жоспарлап жүр.

Жаз айында Нотр-Дам университетіне түсіп, қазір информатика саласы бойынша түрлі зерттеулерді қолға алған. Бұл туралы магистрант былай дейді:

«Қазір әлемнің үздік университеттерінде білім алғаныма қуаныштымын, енді білімімді әрі қарай жетілдіріп, докторантураға ауысқым келеді. Осыған дейін Пенсильвания, MIT, Гарвард, Принстон және Йель университеттеріне докторантураға түсуге өтініш бердім. Бірақ жас ерекшеліктеріме байланысты өтінішімді қабылдамады. Нотр-Дам университетінде бұған қатысты тыйымдар жоқ, сондықтан жақында «ең жас докторант» атанып қалуым да мүмкін» – деді жас ғалым.

Абзал Мырзаш – қазақстандық вундеркинд, дипломы бар ең жас маман. Алматылық вундеркинд 12 жасында мектеп бітіріп, ҰБТ-дан 117 балл жинап, университет қабырғасын аттаған. Ол Қазақстан-Британ техникалық университетінің түлегі. ҚБТУ ақпараттық технологиялар факультетінің «Ақпараттық жүйелер» мамандығын тәмамдады.

«Мен қазақ еліне және ҚБТУ-дың барлық оқытушыларына алғыс айтамын, бұл менің еңбек жолыма жақсы бастама болып, әрі қарай дамуыма ықпал етті. Көптеген түлектер ҚБТУ-да білім алғанын мақтан тұтады деп ойлаймын. Мен де мақтан етемін. Болашақта еліме оралып, жаңашылдықтармен бөлісемін. Еліміз біз сияқты білімді тұлғалармен көркейеді», – дейді Абзал Мырзаш.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button