Редакция таңдауыСұхбат

Қазақ баласы әлемнің 30-дан астам университетінен шақырту алды

Қазыбек Тоқтаров – әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарынан шақырту алған қазақ баласы.

Италия, АҚШ, Финляндия, Нидерланд және Корея елдерінің университтері қазақстандық оқушыны өз студенттерінің қатарынан көргісі келетінін мәлімдеген.

«Мен әлемнің 30-дан астам университетінен шақырту алдым. Оларды тосын сый деп емес, екі жылдық дайындығымның нәтижесі ретінде қабылдадым. Әрине, қатты қуандым. Ойлана келе Италиядағы 800 жылдық тарихы бар Padua University-де білімімді жалғастыруды жөн көрдім. Бұл жерде Николай Коперник оқып, Галилео Галилей сабақ берген. Сондай-ақ Нобель сыйлығының бірнеше лауреаты да менің университетімнің түлектері болып есептеледі», – деп әңгімесін бастады ол.

Қазыбектің айтуынша, еуропалық білім беру жүйесінің артықшылықтары көп.

«Оқу барысында қиындықтар болған жоқ. Бірінші семестрді қашықтан оқыдық. Уақыт айырмашылығы үлкен емес, сондықтан маған осындай оқыту форматы ыңғайлы болды. Менің ойымша, еуропалық білім беру жүйесінде көптеген артықшылық бар. Оқу үш жылға созылады. Университеттің негізгі философиясы – студенттің өздігінен білімге ұмтылуына жағдай жасау. Мысалы, бізге дәріске қатысу міндетті емес. Десе де, білімгерлер компанияда жұмыс істеп, практикалық тәжірибе жинап жүруі мүмкін. Енді біреулері университет бағдарламасымен қатар, басқа ресурстарда жаңа мамандықты оқып жатыр. Ең бастысы, студент емтихан тапсыруы керек. Әрине, кез келген дүниенің екі жағы болады. Бұндай еркіндікке барлық жан дайын емес. Біреу жоғарыда айтылғандай оқи алады, ал біреу қыдырумен уақыт өткізіп, оқуды ұмытады. Осы орайда әр адам өз өміріне жауапты екенін ескерген жөн. Жеке өзіме оқу ордамның философиясы ұнайды», – дейді Қазыбек Тоқтаров.

Отандасымыз болашақта  елге оралып, Қазақстанның дамуына атсалысқысы келеді.

«Әлемде көптеген мүмкіндіктер бар. Қазіргі таңда IT мамандары бүкіл әлемде сұранысқа ие. Университетте оқып жүрген кезімде халықаралық тәжірибе жинағым келеді. Бакалавриатты бітіргеннен кейін қай елде жұмыс істейтінімді айта алмаймын, өйткені өмірді болжау мүмкін емес қой. Бірақ мен ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанға міндетті түрде ораламын. Көптеген мемлекетте болсам да, өз елім қымбат, ерекше ыстық. Болашақта Отанымыздың дамуына үлес қосқым келеді», – дейді Қазыбек.

Басқа материалдар

Back to top button