Мақала Редакция таңдауы

«Ат тұлдау» – аза тұтуға байланысты салт

Жылқы малы – қазақтар үшін жарық дүниеге келген уақытынан өмір бойы бірге болып, соңғы демі таусылғанша қасында болатын жанына ең жақын жануар.

Соған байланысты аза тұтқан кезде ат тұлдайды. Қайтыс болған адамды соңғы сапарына шығарып салу кезінде осы ғұрып жасалуы тиіс.

Атты қалай тұлдайды?

Киіз үй есігінің алдына марқұмның жақсы көретін аты байланатын. Оның ерін теріс ерттеп, үстіне марқұмның киім-кешегін жайып, қару-жарағын іліп, ең үстіне бас киімін қояды. Содан қайтыс болған адамның жасы егде тартқан туысы атқа «иесіз жетім қалдың», «тұлданған ат», «қаралы күн туды» деген сияқты сөздерді айта отырып, аттың жалы мен құйрығын қысқа етіп кесетін. Кекілін жоғары қаратып, тік етіп, үкі сияқты байлайтын. Бұл жануардың тұлданғанын, енді марқұмның асына сойылатынын білдірген. Мұндай ат жыл бойы бос жайылатын. Тұл атты ешкім ұрламайтын, себебі қазақ сенімі бойынша, тұл атты ұрлаған жанның жанұясынан бір адам қайтыс болады екен.

Марқұмның асы өткен соң, аттың бас сүйегі найзаның ұшына көтеріліп, марқұмның жатқан жерінің бас жағына орнатылатын.

Салттың мәні неде?

Қазақ халқы жылқыға аса мән берген. Жылқы, басқа жануарларға қарағанда, сезімтал болғандықтан, иесінің жоқтығынан қайғырып кетуі мүмкін немесе иесін іздеп, жоғалып кетеді. Соның алдын алуы үшін осы ғұрыпты жасаған. Бұлай етілуінің тағы бір себебі – ат иесінің о дүниеде де сенімді жолдасы болсын деген сенім.

Салттың әдебиеттегі көрінісі:

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясында «Ат тұлдау» салты жақсы суреттелген: «Байдалы қараны тігіп, барлық жиылып тұрған жанкүйер жақындармен бата қылған кезде, сол үйдің екі жақ босағасына екі ат жетектеліп келді. Бірі – доға жал, семіз күрең ат. Екіншісі – дом боп жарап қалған, сартап болған сұлу қара көк ат. Күрең ат – Бөжейдің қыс мінетін аты. Қара көкті осы жаз басынан байлап жүр еді.

Бөжейдей азаматтарының ыстық көзіндей болған екі серік аты келгенде барлық үлкендердің өздері де еңіреп-еңіреп жіберді. Біреулер таяғына сүйеніп, бірнеше кәрілер жер тіреп жыласып:

– Арысым-ай, арыстаным, бауырым-ай! – десіп күңіреніп еді.

Өзгеден бұрын бойын жинап алған тағы Байдалы болды. Ол әуелі оң жақ босағада тұрған күрең атқа кеп:

– Жануар-ай, иең кетіп, тұл қалдың ғой, сен бейбақ! – деп, жақындап келді де, күрең аттың кекілін шорт кесті. Содан құйрығынан алып, уыстап тұрып, дәл тірсегінен төмен жоғары келтіре, қалың құйрығын да борт-борт кесіп алды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button