Редакция таңдауы Жаңалық

NEET жастардың келешегі талқыланды

2022 жылғы 20 қаңтарда «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен «NEET санатындағы жастар: әлеуметтену мәселелері мен оларды шешу жолдары» тақырыбына арналған «Jastar: ózekti másele» сараптама алаңының отырысын өткізді.

Талқылауға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, республикалық жастар ұйымдарының басшылары, сарапшылар мен ғылыми қоғамдастықтың, сондай-ақ ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Отырысқа қатысушыларды құттықтай отырып, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов мемлекет жас қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту бағытын жалғастыратынын атап өтті.

«Біз қоғамның нақты сұраныстарына жауап беруіміз керек, бұл ретте біздің алғашқы кеңесшілеріміз сарапшылар болады», – деп атап өтті вице-министр.

Пікірсайыс барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Вера Ким жастардың қазіргі мәселелері мен қажеттіліктеріне назар аударды. Ол сондай-ақ жас азаматтардың проблемалары қаңтарда орын алған әлеуметтік-экономикалық оқиғалар мен жалғасып жатқан пандемия жағдайында шиеленісіп жатқанын айтты.

Ал «Жастар» ҒЗО-ның Әлеуметтану зерттеулері және болжау басқармасының басшысы Евгения Руднева әлеуметтану зерттеулерінің актуал нәтижелерін ұсынып, жастарды әлеуметтендіру мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталып өтті.

Өз кезегінде БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Жасөспірімдер мен жастарды дамыту бағдарламаларының үйлестірушісі Айгүл Шәріпова жастардың мәселелері мен қажеттіліктеріне қатысты жаңа инновациялық тәсілдер қажет екенін атап өтті. Себебі қазіргі ұрпақтың диджитализация мен цифрландырудың жоғары деңгейіне байланысты өзіндік ерекшеліктері бар.

Сараптамалық алаңда «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Чеботарев Андрей және Жастар қызметкерлері қоғамдастығы кеңесінің төрағасы Наурызбаев Нұрлыбай да өз пікірлерін білдірді.

«Jastar: ózekti másele» сараптама алаңы отырысының қорытындысы бойынша мемлекеттік жастар саясаты саласын жетілдіруге бағытталған ұсынымдар тізімі қалыптастырылды. Сарапшылардың барлық ұсынысы жастар саясаты саласындағы құжаттарды әзірлеуде қаралатын және ескерілетін болады.

Іс-шара барлық санитария-эпидемиология нормаларын сақтай отырып, онлайн форматта өтті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button