Жаңалық Редакция таңдауы

«Бұл – нағыз көзбояушылық!». Үкіметтің кеңейтілген отырысында не айтылды?

Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Үкіметтің міндеттері туралы айтты.

«Жаңа Үкіметтің алдында еліміздің экономикалық әлеуетін толық қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл өте маңызды міндет. Сондықтан, біз оны басымдықтардың бірі деп есептеуіміз керек. Жоспарланған реформаларды іске асыру және инфляцияны төмендету – басты міндет. Ең бастысы, азаматтарымыздың табысын арттыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша өткен жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы 4%-ға, өңдеу өнеркәсібі 5,5%-ға, құрылыс индустриясы 7,6% – ға өсті.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке халықтың табысын арттыру және адамдардың табысы арасындағы алшақтықты азайту үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

«Табыс – халықтың әл-ауқатын жақсартудың және болашаққа деген сенімін арттырудың басты факторы. Өкінішке орай, соңғы уақытта халықтың табысы экономиканы жақсарту есебінен емес, әлеуметтік трансферттер есебінен ұлғайды. Әлеуметтік жәрдемақы мен зейнетақы есебінен ғана өмір сүретін адамдар аз емес. Бес жыл ішінде халықтың жалпы кірістерінде еңбек кірістерінің үлесі 80%-дан 67%-ға дейін қысқарды, ал әлеуметтік трансферттер 17%-дан 29%-ға дейін өсті. Осыдан халық табысы алатын жалақыларына емес, бюджет шығындарына тікелей байланысты екені анық көрініп тұр. Қарызға батқан және кедей адамдардың үлесі артып келеді. Бүгінгі таңда миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл соңғы он жылдағы ең нашар көрсеткіш. Осыған қарамастан, Үкімет орташа жалақының өсуі туралы есеп береді. Бұл – нағыз көзбояушылық!», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button