Жаңалық Редакция таңдауы

Жастар «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалының шығармашылық тобымен кездесті

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Алаш және мемлекетшілдік сана» тақырыбында жастар мен «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалының шығармашылық тобы арасында кездесу өтті.

Еркін сұрақ-жауап форматындағы рухани кездесуде мектеп оқушылары мен студенттер «Ахмет. Ұлт ұстазы» фильмі жайлы әсерлерін әңгімелеп, көкейдегі сұрақтарын фильмнің сценарисі Ұларбек Нұрғалымұлына, режиссері Мұрат Есжанға және продюсері Айсәуле Әбілдаеваға қойды.

«Біздің кітапхана Нұр-Сұлтан қаласындағы бірден-бір руханият ордасы болғаннан соң жастардың бойындағы мемлекетшілдік пен ұлттық сананы нығайту бағытында тұлғалармен әркез осындай кездесулерді жиі өткіземіз. Бұрын үлкен кісілермен өткізсек, қазіргі кезде орта, жас буынмен де пікір алмасуды қолға алып отырмыз. Биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Алаш және мемлекетшілдік сана» деген жобаны бастап жатырмыз. Осы жерде жастарды алаштанушылармен, ғалмдармен ұдайы кездестіріп отырамыз. Бүгінгі сыр-сұхбат Ахмет Байтұрсынұлына арналғандықтан көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, танымал болып жатқан «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалы төңірегінде болды. Бұл тақырыпты да біздің кітапханаға келетін студенттер мен жастар өздері таңдап отыр десек болады. Яғни біз жас оқырмандар арасында жиі сауалнама жүргізіп тұрамыз. Қаншама студент ұлт ұстазына арналған осы киноны көздеріне жас алып көргендерін айтып, шығармашылық топпен кездесуге ұсыныс білдірді», – дейді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Жастар орталығының жетекшісі Жарқынбек Жұмаділұлы.

Сериал жарық көргелі жұрттың ықыласы да ерекше болғанын көгілдір экраннан да, әлеуметтік желілердегі пікірлерден де байқап жүрміз. Киноға деген қызығушылықтың артуынан соңғы кезде шығармашылық топпен кездесулер де көбейген көрінеді. Ақын, жазушы, сценарист Ұларбек Нұрғалымұлының айтуынша, кездесуге шақырған жастардың қарасы күн санап артып келеді.

«Әсіресе, оқу орындары, осындай ұжымдық мекемелер сериалды түсіру тобымен кездесуге көбірек шақырып жатыр. Кеше Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымымен кездестік. Онда офлайн 30-40 кісі, ал онлайн мыңға жуық ұстаз бен оқушы қатысты. Мамыр айында Назарбаев университеті кездесуге шақырып отыр. Әсіресе жастар жағы өз аудиторияларын шақырып, сұрақтарын қойып жатыр. Жақында ғана бір бизнес тренер хабарласып, фильмді 3-4 рет көріп шыққанын, сұрақтарын жазып, астын сызып қойғанын көрсетіп, инстаграм парақшасында тікелей эфирге шақырып отыр. Ондай да ұсыныстар көп», – дейді ол.

Біз сценаристен жастарды сериалдағы қандай оқиға қатты қызықтыратынын, олардың тарапынан қандай сұрақтар жиі қойылатынын да сұрап білдік.

«Фильмнен кейін Ахаңның өмірін танығысы келетін кісілер көбейген. Әссіресе, «Мәдениет тарихы» шын ба? Табыла ма екен? Оны іздеуге бола ма екен?» деген сияқты сұрақтар өте көп. Ғазымбектің өміріне қызығып, «ол шынымен сондай тарихи тұлға ма? Бұрын неге білмегенбіз» деп сұрақ қойғандар да жиі кездеседі. Шынында біздің сериалдың да бір мақсаты осы болды. Өйткені бізге белгісіз болып келген сондай бір буынды, тұлғаларды танытқымыз келді. Мысалы, әдебиетке, мәдениетке қатысты жазбалары бар Алаштықтар көбірек танымал да, ал өздері жазбайтын, бірақ ғылым саласымен айналысқан Алаш тұлғалары көп қой. Ғазымбекті көрсету арқылы көрермен өзі тарихи шындыққа көз жеткізу үшін ары қарай ізденсе деген ой болды. Жастардың арасында сериалдың ішінде болған оқиғаға байланысты «анау шын ба, мынау шын ба» деген сияқты, Жангелдин, Тұңғаншин секілді антагонист кейіпкерлерге қатысты да қызықты сұрақтар көп болып тұр», – дейді Ұларбек Нұрғалымұлы.

Қаржы мен уақыттың тапшылығына байланысты жетіспей қалған дүние көп болғанымен фильмнің көздеген көп мақсаты орындалғанын айтқан жазушы: «Көркем фильм деген бір сілтеуші ғана. Ол тарихи дерек емес, бірақ тарихи деректерге бағыттаушы, қызықтырушы деп айтуға болады. Мысалы, кинотанушы бір апаймыз «Ахаңды біз көреміз деп алаштанушы болып кете жаздадық. Ондағы қойылған сұрақтар бойынша, Жангелдинге, Ғазымбекке, Бадрисафаға байланысты бүкіл ақпараттарды өзім отырып іздедім» дейді. Сұрақ туған кезде іздеген дүние адамның жадында жақсы қалады. Осындай дүние алса ғой деп берген дүниемізге өздері біз соны алдық деп айтып беретін, жеткізбекші болған ойды жете түсініп отырған көрермендеріміз бар. Сол дәл жеткен кезде қуанасың», – дейді.

Бүгінде өмірден тез түңіліп, ұлтқа қызмет ету дегеннің үдесінен шыға алмай қалып жататын кісілер үшін де үлкен сабақ болғанын сценаристің сөзінен байқап, білгендей болдық.

«Көп оқырман «біз не істп жүрміз?» деген сұрақты өзімізге қойдық дейді. Әсіресе ұстаздар жағы «біз өте керекті жолда жүр екенбіз ғой деген ұстанымға келдік. Біздің сенімімізді бекітті. Ұстаз дегеннің ұлы, мәртебелі іс екенін сездік», десіп жатыр.  Әрине, қаржы мен уақыттың таршылығына байланысты жетіспей қалған дүние көп. Дегенмен фильмдегі осы мақсаттар орындалды», дейді сценарий авторы.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button