Жаңалық

«Астана Операның» әр қойылымын 300 адам тегін көре алады

Мәдениетті насихаттауға арналған «МәдениЕл» жаңа жобасы аясында бюджет қызметкерлері үздік опера және балет қойылымдарына шақырту ала алады.

«Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы болмайды» дейді Ғабит Мүсірепов. Ал сол рухани кемелдік пен мәдени өсуге ықпал етіп, өнерден сусындауға мүмкіндік беретін бірден-бір орын болса ол театр екені анық. Алайда тіршілік қамы, қызмет қарбаластығы кез келген кісінің мәдени демалуына мүмкіндік бермейтіні де бар. Әсіресе ірі қаланың жұмысбасты тұрғындары Мельпомена ордасына тіптен уақыт бөле алмай жатады.

Ал қолыңызға шақырту алсаңыз күйбең тірліктің шырмауынан шығып, театрдың ғажап атмосферасымен танысу едәуір жеңіл болмақ. «МәдениЕл» жобасы дәл осы орайды сізге де беруі мүмкін.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бастамасымен қолға алынған жоба Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қолдау тауып, 9 ақпаннан бастап «Астана Опера» театры тарапынан жүзеге асырыла бастады.

«Демеушілердің қаражаты есебінен жүйелі түрде әр қойылымға 300 адам – бюджеттік сала қызметкері шақырылып отырады», – дейді «Астана Опера» МОБТ директоры Ғалым Ахмедьяров.

Мысалы, бүгін Петр Чайковскийдің «Аққу көлі» әлемдік балет жауһарына білім, денсаулық, полиция, төтенше жағдайлар департаменті мен коммуналдық сала қызметкерлері шақырылған.

«Шынымды айтайын, театрларға көп бара бермеймін. Күнделікті шаруаның қамымен уақыт табу да қиын. «Астана Операға» алғаш рет келіп тұрмын. Бұл жер өзінің әсемдігімен баурап алса, ғажайып әуен мен керемет бишілер мені тіпті таңғалдырды», – деп әсерімен бөлісті елорданың әлеуметтік мекемесінің тәрбиешісі Жанерке Бекбаева.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button