ЖаңалықРедакция таңдауы

Киберқұқықбұзушылық қалай жазаланады?

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ қарамағындағы «Ruh.kz» порталы «Әлеуметтік желі этикасы» тақырыбындағы «Азаматтық алаң» отырысын ұйымдастырды.

Әлеуметтік желі – әркімнің жеке меншігі, кибернетикалық келбеті. Желідегі парақшасын кімнің қалай жүргізетіні өз ырқында. Десе де желідегі буллинг, жалған ақпарат тарату, бейәдеп сөздерді қолдану сынды әдеттердің көбейуі желі қолданушыларының этиканы сақтамауына әкеледі.

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті, Қазақстандағы Әйел журналистер клубының басшысы Нәзия Жоямергенқызы желідегі тәртіпті сақтамағандардың түрлі деңгейде жауапқа тартылатынын сөз етті.

«Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіретін жалған ақпарат таратқан адам  1 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл арқалауы, 400 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылуы не 1 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – дейді Нәзия Жоямергенқызы.

Сондай-ақ жиын барысында ҚР Қылмыстық Кодексiнің 174-ші, 273-ші, 439-шы, 456-шы баптары бойынша құқық бұзған азаматтардың қандай жаза алуы мүмкін екендігі айтылды.

Блогер, медиамаман, журналист, қоғам белсендісі Ерлан Оспан өз басынан өткен оқиғалармен бөлісіп, белгілі бір реформаға әлі де дайын емес екенімізді айтты.

«Әлеуметтік желідегі аккаунтым – менің меншігім. Ол жерде не айтамын, қалай айтамын өз ырқымда», – дейтін әріптестерім болды. Оларға екі жақты пікір білдіруге болады. Мынауың дұрыс, мынауың бұрыс деп кесіп айту мүмкін емес. Сондықтан желідегі этика әркімнің өз мәдениеттілігіне байланысты дүние», – дейді Ерлан Оспан.

Битке өкпелеп, тоңды өртемек жоқ. Этиканы сақтамайтын қолданушылар үшін әлеуметтік желіден бас тарта алмаймыз. Отырыс қорытындысы бойынша:

  1. Желі қолданушыларының құқықтық сауатын арттыру;
  2. Желі мәдениетін қалыптастыруға бағытталған контент өндіру;
  3. Еңбек шартына әлеуметтік желінің қолданылуы туралы тармақ қосу сынды ұсыныстар білдірілді.

Басқа материалдар

Back to top button