ЖаңалықРедакция таңдауы

Nur Otan партиясының аты Amanat болып өзгерді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII съезі өтті.

Партия отырысына еліміздің әр өңірінен 399 делегат қатысты.  Кеше партияның саяси кеңесінің отырысы өтіп, онда арнаулы қаулымен съезд күнтәртібі бекітілген болатын. Соған сәйкес бүгінгі съезде партияның Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу және Nur Otan партиясын модернизациялау көзделген.

Ең алдымен сөз алған Nur Otan партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Партияның Жарғысына өзгерістер енгізу керек екенін айтып, жас партияшыларды қолдау үшін «Партияның контент-фабрикасы» іске қосылатынын жеткізді.

«Кадрлық жұмысты жолға қою мақсатында жаңа буынды дайындауды қолға аламыз. Партияның жұмысы барынша ашық болуы тиіс деп санаймыз. Бұл халықтың сұранысы. Мәслихаттардағы депутаттардың рейтингін халыққа ұсынамыз. Партиялық мобильді қосымша ісе қосылады.  Ол қоғамдық мәселелерге байланысты түрлі сауалнама қалдыру мен ұсыныс-тілектерді білдіруге септігін тигізеді. Қазіргі таңда өзгерістерге сай партияның басты бағдарламалық құжаттарын қайта қарау қажет деп ойлаймыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша атқарушы хатшы лауазымы енгізіледі. Жол картасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарлама жүзеге асырылады», – деген Асхат Оралов креативті жас партия мүшелерінің әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін «Партияның контент-фабрикасы» жобасын қолға алу керектігін де атап өтті.

Мәжіліс төрағасы, палатадағы Nur Otan фракциясының жетекшісі Ерлан Қошанов Nur Otan партиясының атауын Amanat деп өзгертуді ұсынды. Сондай-ақ, ол ауыл жастарының әлеуетін дамытуға бағытталған жаңа «Өрлеу» жобасын, жастарды отансүйгіштікке баулитын жаңа «Қайсар» әскери-патриоттық жобасын жүзеге асыру керектігін айтты.

Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек саяси партияның мемлекеттік жүйенің, саяси жүйенің негізгі элементі, негізгі тұтқасы екенін баса айта келіп: «Заман өзгерді, ел өзгерді, партияның да түбегейлі өзгеретін кезі келді, тіпті атауы, құрылымы, жұмыс моделі де өзгеруі керек», – дедеі.

Осыдан кейін сөз алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия атауын Amanat деп өзгертуді қолдайтынын айтты.

«Заман, қоғам, адам өзге­ріп жатқанда, партияның өзгеруі – заң­ды­лық. Бұл – уақыт талабы. Осыған орай жаңа ғана айтылғандай, саяси ұйым­ның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен «Аманат» деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады. «Аманат» ата-бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырған өсиеті деген ұғымды білдіреді. Аманат сөзінің – мағынасы терең, халқымыздың тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алады. Ол бабаларымыз өсиет еткен тәуелсіздіктің мәңгі арман-мұраты, қуатты мемлекеттіліктің және жалпыұлттық тұтастықтың, кең-байтақ Отанымыздың құндылығы ретінде сипатталады. Біз осы баға жетпес мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің аға буын мен өскелең ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Сондықтан мен партиямызды ресми түрде «Аманат» деп атауды толық қолдаймын», – деген Мемлекет басшысы партияның жаңа тұғырнамасын әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда елдің жаңа саяси дамуын ұсынатынын айтты.

Басқа материалдар

Back to top button