ЖаңалықРедакция таңдауы

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 30 мыңнан астам өтінім түскен

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының жұмысы мен жоспары таныстырылды.

Ең алдымен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев Қордың Қамқорлық кеңесінің шешімімен Қаңтар оқиғасында қаза болған әскерилердің, ішкі істер органдары мен ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасыларына көмек көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ, бұған ауыр жарақат алған қызметкерлер де қамтылады. Мұнда омбудсмендерден алған тізім назарға алынып қана қоймай, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың жолдаған ақпараттары да қарастырылған.

«Бізге келіп түскен тізімге байланысты бұл адамдардың қаза болуының мән-жайын құзырлы органдармен анықтау керек болады. Осы деректердің анықталуына қарай көмек көрсететін боламыз. Атап айтқанда, қайырымдылық қор ретінде Қаңтар оқиғасының кездейсоқ құрбандарына көмек көрсетеміз деп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, тергеу амалдары аяқталғаннан кейін осы бастамаларды толық көлемде іске асыру мүмкін болады», – деді Қор төрағасы.

Соған қарамастан, қоғамдық қорға келіп түскен өтінімдердің 70 пайызы ұйымның қызметіне сәйкес келмейтінін жеткізген Болат Жәмішев Қор тұрғын үй сатып алумен, азаматтардың несиелерін өтеумен айналыспайтынын атап өтті.

«Қайырымдылық көмек туралы барлық өтінім қордың электронды порталына келіп түседі. Бүгінде Қор құрылған сәттен бастап Қазақстанның барлық өңірінен 30 мыңнан астам өтінім келді. Оның 70 пайызы Қордың қызметіне сәйкес келмейді. Олардың көбісі баспана сатып алу мен несиені өтеуге қатысты», – деді Б.Жәмішев.

Спикерлердің айтуынша, Қор Сарапшылық комитетінің шешімімен алғашқы қайырымдылық жобаларды іске асыра бастаған. Атап айтқанда, «Тұсаукесер» атты реабилитолог-нұсқаушыларды оқыту жобасы мен әлемдегі ең қымбат Zolgensma дәрісін сатып алу бойынша жоба қаржыландырылмақ.

Басқа материалдар

Back to top button