Жаңалық

«Азаматтық алаңда» аналар тақырыбы сөз болды

Қазақстандық қоғамдық даму институтының қарамағындағы Ruh.kz порталының ұйымдастыруымен «Алып анадан туады» тақырыбында «Азаматтық алаң» отырысы өтті.

Отырыста қазақ аналарының ерлігі мен өжеттігі, тәлімі мен өнегесі сөз етіліп, бүгінгі қазақ қоғамындағы әйелдің орны мен рөлі айтылды.

Отырысқа қоғам белсенділері, журналистер мен блогерлер, Қазақстандық қоғамдық даму институтының өкілдері мен өңірлік жобалық кеңсе қызметкерлері қатысты.

Онлайн отырысты жүргізген Қазақстандық қоғамдық даму институты Бағдарлама жобаларының басқармасының жоба менеджері Рүстем Қанапиянов: «Қазақ қоғамында әйелдің орны ерекше. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл бар. Ұлттың болашағы да қазақтың әйелінің қолында. Сондықтан қазақ әйелі отбасы қоғамының ұйытқысы, тәрбиенің берік қорғаны», – деп сөз бастап, қатысушыларға кезек берді.

Этнология магистрі, журналист, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру жобасының, «Ертегі – ел ертеңі» рухани өнегелік тәрбие беру жобасының авторы, қоғам қайраткері Тұрар Саттарқызы 90-шы жылдары қазақ әйелдері қақаған қыс, шыжыған ыстықта қап-қап тауар арқалап, азаматтардан асып түсіп еңбек еткенін еске алды. Тоқсанның тоқырауында шаңырағының ауыртпашылығын ғана арқалап қоймай, ел экономикасының өсуіне де үлес қосқан қыз-келіншектерге әр қалада ескерткіш қойылып, кино түсірілуі керек екенін жеткізді. Оның айтуынша, осындай қарапайым әйелдерді үлгі тұту бүгінгі қоғамда шиеленісіп тұрған әйелдер мәселесінің, көп балалы аналар тақырыбының,  адал еңбекті дәріптеу мәселесінің оң шешім табуына ықпал етеді.

«Ел басына күн туған қиын-қыстау заманда ерлеріміз емес, аналарымыз етігімен су кешті. Аналарымыз бала-шағалары үшін қиыншылыққа шыдап, тұралап жатқан мемлекетке қол жаймай, тығырықтан шығудың жолдарын өздері тапты. Жеңдерін түріп, ала дорба арқалаған аналарымыз жер-жерді, тіпті шетел асып саудамен айналысты. Осылайша өздерін жұмыспен қамтып, тауар тапшылығын жойып, ел экономикасының тұрақтануына ықпал етіп, елді дағдарыстан аман алып қалды. Мемлекетіміз осы аналарымыздың арқасында ауыр дағдарыстан аман өтті. Үкіметке салық төлеу арқылы мемлекет бюджетін толтырды. Бүгінгі жастар сол аналарымыздың жанқиярлығын ешқашан ұмытпағаны абзал. Ресми емес деректерге сүйенсек, 90-шы жылдары 2 млн-нан астам қыз-келіншек шетелден тауар әкеліп, сауда-сатықпен айналысқан екен. Қаншама әйел тауар тасып жүріп жол-көлік оқиғаларынан қаза тапты, шетел асқанда ұры-қары, қарақшыларға тоналды, полиция тарапынан қысым көрді. Бұлардың бәрін жай айтып отырған жоқпын. Өзімнің де басымнан өткен жағдайлар», – деп өткір ойын айтқан ол бүгінгі қоғамдағы әйелдер мәселесіне қатысты ұтымды ұсыныстарын да тізбелеп өтті.

Блогер, қоғам белсендісі, Ruh.kz порталының бас редакторы Самат Нұртаза болса арыға бармағанда өткен ғасырдың өзінде әйелдер қауымының қазақты қиындықтан алып шыққанын айта келіп: «XX ғасырдағы аналарымыздың көрген қиындығын қазіргі заманның бойжеткендеріне айтсаң қиял-ғажайып ертегі айтып отырғандай боласың. Сондықтан да қазақ әйелдерінің арқасында қазақ ұлты аман қалды. Алайда Батыстан келген феминизм түсінігімен бүгінгі бұрымдыларымыздың ер азаматтарды сыйламауы жиі кездеседі. Қыз бала ер азаматты сыйласа, жігіттеріміз оларды аяласа біз бір ертегідегідей қоғам құра аламыз деп ойлаймын. Сонымен қатар, Ұлыбаританиядағы сияқты қыздарымызды жастайынан «сен – ұлттың болашақ анасысың» деп тәрбиелейтін, идеологиялық үгіт-насихат жүргізетін текті қыздардың институты жұмыс істесе деген үміт, ұсыныс бар», – деді.

Қазақ қоғамында ана бейнесі ұлттық  тәрбиенің бастауы болғанын тілге тиек еткен Сараптау және әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының жоба менеджері Жақсыбек Жиеналиев «тектілік» деген сөздің төркініне тереңірек тоқталды.

«Бала тәрбиесінде ананың орны ерекше. Әр ана өз баласын өсіре отырып, ұлттың да болашағын тәрбиелейді. Ол отбасында қазақтың дәстүрін, ырым-тыйымын білуден басталады. Ана қай тілде сөйлесе бала да сол тілде сөйлейтін болады. Қазақ біреуге разы болып, ісіне тәнті болғанда «текті азамат екен», «текті атаның баласы екен» деп жатады. Бала нағашысына тартса «шешесі текті жердің қызы» деп мақтауын асырады. «Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» дейді Әлихан Бөкейхан. Бұл текті адамның ғана аузынан шығатын сөз», – дейді ол.

«Тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі – аналардың алдында бәріміз қарыздармыз». Отырысқа қатысушылар ұлттың мәңгілік тілекшісі болған аналарымызға арналған тақырыпты осылайша түйіндеді.

https://www.youtube.com/watch?v=S7BkvvFx6Vg

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button