Жаңалық Редакция таңдауы

Индонезияның саяси және экономикалық эволюциясы

Индонезия – ірі мемлекет. Шығысында Суматрадан батысқа қарай Ириан Джаяға дейін 3 200 миль қашықтықта орналасқан 17 мыңнан астам аралда 260 миллион халық өмір сүреді.

Халқының басым көпшілігі – мұсылмандар, халық өте тығыз орналасқан. Жергілікті тұрғындардың 86 %-ы өздерін мұсылман санайды, әйтсе де ол – әлемдегі көпұлтты елдердің бірі. Жұртшылық 500-ден астам тілде сөйлейді және шалғай аймақтардағы сепаратистер өте белсенді.

Президент Сухарто отыз жыл бойы аралдарға шашылған халықтың басын біріктіріп, «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстады. Сухарто әскери истеблишменттің қолдауына сүйенген нағыз диктатор болды. Оның билігі тұсында индонезиялық экономика үнемі өркендеп отырды, бірақ теріс тұстары да жоқ емес. Сухарто ішкі кикілжіңдерді аяусыз басып-жаншып тастайтын. Сонымен қатар саяси жүйені өз жақтастары мен отбасылық кәсіпорындарының мүддесі үшін пайдаланды, сондықтан да «туыстық капитализммен» аты шықты. Ақырында, Индонезияда 1990 жылдары жинақталған қыруар қарыз Сухартоны алқымнан алды. 1997 жылы Индонезия экономикасы тығырыққа тірелді. Халықаралық валюта қоры елге 43 млрд $ көлемінде құтқару пакетін берген еді. Алайда қаражаттың басым бөлігі Сухарто мен оның жақтастарының қалтасына түскені белгілі болған соң, халық көшеге шығып, наразылық білдірді. Нәтижесінде ол отставкаға кетуге мәжбүр болды.

Сухарто биліктен кеткеннен кейін Индонезия орнықты демократияға бетбұрыс жасады. 2004 жылы елдің тікелей сайланған тұңғыш президенті Сусило Бамбанг Юдойоно билікке келді. 2009 жылы Юдойоно екінші мерзімге сайланды. 2014 жылы оны қазіргі президент Джоко Видодо алмастырды. Бүкіл әлемдегі саяси еркіндік туралы мәліметті жариялайтын Freedom House ұйымы Индонезияның азаматтық еркіндік, жүріп-тұру еркіндігі және баспасөз бостандығына шектеу қойғанын сынға алса да, сайлаудың «еркін және әділ» болғанын атап өтті. Сондай-ақ Freedom House ұйымы Индонезия қоғамында сыбайлас жемқорлықтың етек жайғанын атап көрсетті. Сыбайлас жемқорлық деңгейін бағамдайтын Transparency International ұйымы Индонезияға төмен баға берді. Индонезия 2015 жылы әлемнің 168 елінің ішінен 88 орынды иеленіп, ықтимал 100 баллдан 36 балл жинаған.

Экономикалық аренада даму кідірді, прогресс болған жоқ. Индонезия экономикасы үнемі жетілуде, дегенмен Үндістан мен Қытай сияқты басқа да ірі дамушы елдермен салыстырғанда, өсу қарқыны баяу жүрді. Индонезияда ешқашан экономикалық либерализм орныққан емес. Көптеген сала протекционистік саясаттың күшімен шетелдік бәсекеден қорғалған. Мұндай саясаттың түп-тамыры шетелдіктер Индонезияның ресурстарын тонап, елге түк қалдырмады деген тұжырымнан алынып отыр. 2014 жылы шетелдік бәсекеден қорғалған салалардың тізімі кеңейтілді, енді оған құрлықтағы мұнай өндіру мен электрондық сауда енгізілді. Үкіметтің тауар бағаларын бақылауды жиі енгізуі және белгілі бір тауарларды, әсіресе бензинді жиі субсидиялауы жағдайды ушықтырды, осы шаралардың барлығы нарық механизмінің бұрмалануына алып келді.

Сонымен қатар бірнеше салада әлі күнге дейін тиімсіз мемлекеттік кәсіпорындар басым. Индонезияда 140-тан астам мемлекеттік кәсіпорын жұмыс істейді, олар елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 20 %-ын құрайды. Энергетика, электр энергиясын өндіру, тасымалдау, авиация, ауыл шаруашылығы, банк және телекоммуникация салаларында мемлекет меншігіндегі кәсіпорындар көп. Сондай-ақ ел мемлекеттік кәсіпорындарға тиесілі, тозығы жеткен инфрақұрылымнан азап шегуде. Өйткені электр станциялары, жолдар, аймақтар және басқалары әлі де жеткіліксіз. Индонезия халқы Ұлыбритания халқынан бес есе артық, бірақ Ұлыбританиядағы энергетикалық қуаттың жартысын ғана тұтынады. Көлік инфрақұрылымының нашарлығына байланысты Индонезиядағы логистикалық шығындар Таиландтан 50 %, ал Малайзиядан екі есе көп.

2014 жылы Индонезияның жаңа президенті Джоко Видодо экономиканы ырықтандыруға және инфрақұрылымды жақсартуға уәде берді. 2015 жылдың басында Видодо бензинге мемлекеттік субсидияны алып тастап, баға белгілеуді еркін нарыққа жіберді. Субсидияларға мемлекеттік қазынадан 20 млн доллар жұмсалды, ол жалпы мемлекеттік шығындардың 15 %-ын құрады. Осы орайда Видодо қоғамдық инфрақұрылымды кеңейтіп, теңізде 5 терең және 24 фидерлік порт, 10 әуежай, 25 гидроэлектр станциясы, 2000 шақырым жол мен 10 өнеркәсіптік паркке инвестиция салуды жоспарға енгізгенін жариялады. Осы шаралардан кейін экономиканы қайта реттеуге бағытталған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Кейбір тауарлардың импорттық шектеуі алынып тасталды, инвестициялық рұқсатты өңдеуге қажетті уақыт айтарлықтай қысқарды, ал бизнес жүргізу үшін қиындық тудыратын кейбір регламенттер жойылды. Видодо Индонезияның шетелдік инвестицияларды құшақ жая қарсы алатынын баршаға жария етті.

Осы шараларды қабылдаса да, Индонезия әлі күнге дейін экономикалық келеңсіздіктерден арылған жоқ. Ең басты түйткілдердің бірі – ел экономикасы шикізат өнімдеріне тікелей тәуелді, ал бұл өнімдердің бағасы Қытай экономикасының әлсіреуіне байланысты күрт түсіп кетті. Сонымен қатар елдегі экономикалық өсуді аяқтан шалатын сыбайлас жемқорлық өршіп тұр. Сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың санын азайту үшін ешқандай шара қолға алынбаған. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Индонезия өз әлеуетін толық ашу үшін сыбайлас жемқорлыққа тұсау салып, тиімсіз мемлекеттік компанияларды жекешелендіруге тиіс, сондай-ақ экономиканы қайта реттеп, инфрақұрылымын жақсартуды жалғастырып, ұзақмерзімді шетелдік инвесторларды тартуға көп көңіл бөлуі керек.

Дереккөз:

  1. Freedom House, «Freedom in the World 2015»;
  2. «A Survey of Indonesia: Time to Deliver», The Economist, December 11, 2004;
  3. «Spicing Up Growth», The Economist, May 9, 2015;
  4. «The Unstimulating Stimulus», The Economist, October 17, 2015;
  5. CIA World Factbook, 2015;
  6. Mukul Raheja, «The Dire Need for Reform of Indonesian SOEs», Jakarta Post, February 26, 2014.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button