Жаңалық

Некеге тұрғандардың 16%-ға жуығы ұрпақ сүйе алмайды

Уақыт өткен сайын ерлер мен әйелдердің ұрпақты болу мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жаңадан бас құраған жұбайлардың 15-20 пайызы бала сүю бақытына қол жеткізе алмайды екен. Ал елімізде жылына шамамен 150 мыңдай жұп шаңырақ көтерсе, 20 мыңдайы бір сәбиге зар болатын көрінеді. Ал олардың 10 мыңға жуығы экстракорпоральді ұрықтандыруға (ЭКҰ) мұқтаж.

Қазақстандық қоғамдық даму институты жанындағы Отбасы институтын зерттеу орталығының мәліметінше, 2020 жылы елімізде бедеулік ауруы бойынша 16 187 әйел, 1 372 ер кісі тіркелген. Орталықтың зерттеуінде: «Некеге тұрғандардың 16%-ға жуығы ұрпақ сүйе алмайды. Бұған ерлер де, әйелдер де тең жауапты. Ерлердің өз денсаулығына немқұрайлы қарауы, зиянды әдеттерге үйір болуы, өндірісте тәуекелшіл мінез-құлыққа бейімдігі экономикалық белсенді жаста созылмалы ауруларға шалдығуға және өлімге әкеледі», – делінген.

Егер үйленген жұп бір жылдың ішінде балалы болмаса, оларға ресми түрде бедеулік диагнозы қойылады. Демек ерлі-зайыптылар бір жылдан соң өздері тіркелген емханаға барып қаралып, Отбасын жоспарлау орталығына жолдама алуы тиіс. Онда бір уақытта ер мен әйелдің денсаулығы тексеріліп, қажетті ем-домдар жасалады. Бұл басқышта да өздігінен бала көтере алма­ғандар квота кезегіне қойылып, ЭКҰ жасатуға кеңестер беріледі.

Елімізде ЭКҰ-ға 2010 жылдан бері квота беріліп келеді. Атап айтқанда, 2010 жылы – 100, 2011 жылы – 350 квота, 2012-2014 жылдарға жеке-жеке 600 квота бөлінді. 2015 жылға – 820, 2016 жылға 813 квота қарастырылса, 2017 жылдан биылға дейін жыл сайын 900 квотадан берілді. 2018 жылдан кейін квотаның саны мыңнан асқанмен ол да бала сүйгісі келгендердің мәселесін толықтай шеше алмады. Сөйтіп 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында отбасылардың бала тууға мүмкіндігі болмайтын отбасылық-демографиялық жағдайды қатты алаңдаушылық тудыратын мәселелердің бірі деп атады. Бұл мәселені шешу үшін Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосып, квотаны 7 есеге арттыру тапсырылды.

Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін жыл сайын бедеулігі расталған 7000 жұпқа міндетті медициналық сақтандыру аясында ЭКҰ жасату қарастырылған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button