Мақала Жаңалық Редакция таңдауы

Swatch нарыққа қалай шықты?

Swatch Group (swatchgroup.com) – сағат пен зергерлік бұйым өндіруші, штаб-пәтері Швейцариядағы (Еуропа) Биль қаласында орналасқан компания.

1983 жылы тегі ливандық Николас Хайек Allgemeine Gesellschaft der Schweizerischen Uhrenindustrie және Société Suisse pour l’Industrie Horlogère компанияларын біріктіру арқылы осы компанияны құрған. Қазір ол – әлемдегі ең әйгілі сағат өндіруші.

Николастың қызы Найла Хайек – 2010 жылы әкесі қайтыс болғаннан бері Swatch Group-тың басқарма төрайымы, сонымен қатар 2013 жылы Swatch Group компаниясы сатып алған сәнді зергерлік бұйым жасайтын Harry Winston Inc. компаниясының бас директоры. Кіші ұлы Джордж Николас («Ник») Хайек – 2003 жылдан бері Swatch Group компаниясының бас директоры және президенті. Қазір компанияның 40 %-ы Хайек отбасына тиесілі.

Swatch және оның әлемдегі 37 еншілес компаниясында шамамен 37 000 адам жұмыс істейді, ал компанияның кірісі – шамамен 9 млрд швейцариялық франк (CHF) немесе шамамен 9 млрд $. Компанияның Биль қаласындағы штаб-пәтері Швейцарияның француз және немістілді аймақтарының шекарасында орналасқан, құрылымы бойынша компания қостілді және мәдени әралуандығымен ерекшеленеді. Шын мәнінде, Swatch өндіретін барлық бұйым әртүрлілік пен мәдениетке негізделген. Осы мәдени әралуандық компанияның жалпы бренді мен жаһандық стратегиясына енгізілген.

Мысалы, Swatch брендтері жаһандық нарықта кәнігі тұтынушылар талап алатын мәдени бойтұмарға айналды. Тіпті Николас Хайек компанияның негізін қалаған кезде басталған «Swatch Revolution» үнемі ел аузында. Үздік швейцариялық сағат жасау ісі (швейцариялықтар Patek Philippe, Rolex, Jaeger-LeCoultre сияқты әйгілі брендтермен танылған) және қолжетімді пластик сағаттардың кенеттен пайда болуы сағаттар әлемінде төңкеріс жасады.

Сағаттар уақыт көрсетуден де маңызды бола бастады. Өйткені бұл – дербес мәдениет, жаңа тіл және сөзсіз тілдесу. «Swatch» сөзінің мағынасы шүберектің бір қиығын немесе түсті білдіреді, көбінде шүберек үлгісі ретінде қолданылады. Swatch мәдени бірегей сағат жасап шығарып, сол сағаттары арқылы жаһандық интеграцияның іргетасын қалады.

Swatch Group брендтері әйгілі Swatch сағаттарының аясынан да кең. Швейцариялық үздік брендтер: Blancpain, Breguet пен Omega, сондай-ақ Balmain, Calvin Klein сағаттары мен зергерлік бұйымдары, Certina, Flik Flak, Glashütte, Hamilton, Harry Winston, Jaquet Droz, Léon Hatot, Longines, Mido, Original, Rado, Tissot, Tourbillon және Union Glashütte бірегей әрі классикалық өнімдерін қамтиды. Бұл брендтер мінсіз «шеберлікті», яғни компанияның жылдық есебінде әрдайым атап өтілетін ерекшелігін қалыптастырады. Компанияны түрлі тәсілдермен, мысалы, Instagram парақшасы арқылы тың дүние ойлап табуға ынталандырады.

Instagram әлеуметтік желісінде (instagram.com/swatch) Swatch-тың сюжеттік желісі анық көрсетілген. Swatch компаниясы Swatch сағаты арқылы аксессуар жасаудың өзіндік ерекше тәсілін қалыптастыруды ұсынады. #MySwatch тэгі арқылы кез келген адам Swatch-ты қалай қолданғанын жұртшылыққа паш етеді. «Skin» сағаттарының жаңа желісі пайдаланушыларға «билеуге», ештеңеден тайсалмауға және «Skin»-мен бірге #YourMove жасауға көмектеседі.

Мәдениет жағынан мың құбылған Swatch ондаған жылдар бойы әлемдік нарықтағы мәдени бірегейлігін біртіндеп қалады. Swatch брендінің жеке сипаттамасы осы мәдени бірегейлікті бейнелейді: «Swatch сағатын көргендер оны жазбай таниды. Swatch-ты кез келген басқа сағаттардан ерекшелейтін айрықша нәрсе бар. Ол не? Сырт көрінісі, түсі, әлде пластигі ме? Бәлкім, дизайн немесе кез келген киіммен үйлесетін әмбебап швейцарлық өнім болғандығынан шығар. Swatch сағаттары еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін кез келген жағдайда тағуға арналған. Әйтсе де Swatch нарықты тұтас қамтуды көздеп отырған жоқ. Swatch – өмірге деген көзқарас, қарым-қатынас, болашаққа көз салу. Swatch көңілге шаттық сыйлайды. Сағатты қолыңа тақсаң – әлемге ашыласың, үнсіз тілдесесің. Жүректен-жүрекке тіл қатасың».

Swatch Group – қарапайым ғана мәдени әралуандық емес немесе әртүрлі мәдениеттердің тұтынушыларына әлем бойынша маркетинг өнімдерін ұсынумен шектелмейді. Көп жағдайда компания әлемдегі бірегей мәдениетті қалыптастыратын құндылықтар, наным-сенімдер, нормалар мен артефактілерді құрады. Осылайша Swatch сағаттары мен зергерлік бұйымдарының ауқымды өндірісі клиенттің даралығы мен бірегейлігін қалыптастыруға көмектеседі.

Дереккөз:

  1. Corinne Gretler, «Swatch CEO Nick Hayek Sees Swiss Watch Turnaround in 2017», Bloomberg BusinessWeek, February 2, 2017;
  2. Silke Koltrowitz, «Swatch Group Seeing Strong Demand So Far in 2017», Reuters, March 16, 2017 (reuters.com/article/us-swatch-results-idUSKBN16N15B);
  3. «The Amazing Adventures of the Second Watch», Swatch History 2017 (swatch.com/en_us/explore/history);
  4. «Swatch Is Challenging Google and Apple with Its Own Operating System», Fortune, March 16, 2017.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button