Жаңалық

BMW, Rolls-Royce және MINI компанияларының жаһандануы

Неміс тіліндегі Bayerische Motoren Werke, яғни Bavarian Motor Works зауыты бүкіл әлемге BMW (bmwgroup.com) қысқартылған атауымен танымал.

BMW немістің үш өндірістік компаниясының бірлестігі: Бавариядағы Rapp Motorenwerke мен Bayerische Flugzeugwerke, Тюрингтегі Fahrzeugfabrik Eisenach. Авиациялық қозғалтқыш өндіруші Rapp Motorenwerke 1916 жылы Bayerische Motorenwerke деп тіркелді де, 1923 жылы компания өз өнімдерімен қатар мотоцикл шығара бастады. 1929 жылы BMW Dixi лицензиясы бойынша Austin7 автокөліктерін құрастыратын Fahrzeugfabrik Eisenach компаниясын сатып алып, автокөлік өндірісін кеңейте түсті. Сөйтіп, BMW-нің алғашқы автокөлігі BMW Dixi деп аталды.

BMW жаһанға жұп-жұмыр дизайны, ғажайып салтанаты және жоғары сапалы өнімділігімен әйгілі. Компанияда 125 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді, жыл сайын нарыққа шамамен 2,4 млн автокөлік шығарады және 95 млрд € (103 млрд $) пайда көреді. Компанияның нарықтағы көшбасшылығын автомобиль, мотоцикл және авиациялық қозғалтқыш өндірісі құрайды. BMW Group компаниясын жетістікке жеткізген факторлардың бірі – инновациялар, дәл осы инновациялар BMW өнімдерінің барлық желілеріне енгізіледі. BMW компаниясы бірегейлігінің маңызды тұсы – болашаққа бетбұрыс, аянбай еңбектену және жаһандық табысқа қол жеткізу деп біледі. Аталмыш компания әйгілі BMW брендімен қатар, атақты Rolls-Royce және теңдессіз MINI брендтерін қамтиды.

BMW мен «көлік жүргізу ләззаты» – егіз ұғым, тіпті BMW көлігі жоқ жүргізушілер де оған тамсанады! BMW көлігінің желдей жүйткуі, спортқа бейімдігі, жаңашыл инновациялары мен тартымды дизайнының керемет үйлесімі жүргізу рақатын сыйлайды. Автокөліктердің бірқатар модельдері сияқты, BMW-нің бірден-бір ерекшелігі – «көлік жүргізу ләззатын» келесі сатыға көтеретін «M» модельді үлгілері. BMW «M» (Motorsport-қа арналған) бастапқыда BMW-нің жарыс бағдарламасын жеңілдету үшін жасалған, бірақ содан бері BMW автокөліктерінің портфолиосына жоғары жиынтықталған арнайы функциялар орнатылған қосымша ретінде енді. BMW M – танымал автоспорт мұрасының бір тармағы, сондай-ақ ең соңғы толықтырулар енгізілген BMW M760 желісінің жоғары өнімділігін білдіреді. Бұл – 7-сериялы көліктер мен Rolls-Royce Ghost бастапқы деңгейінің арасындағы алшақтықтан арылтатын, BMW және Rolls-Royce-ты қосатын эволюциялық байланыс.

Rolls-Royce – әлемдегі эксклюзив люкс санатындағы автокөлік бренді. Брендтің беделін ұзақжылдық тарихы мен бай дәстүрі қалыптастырды. Rolls-Royce шексіз билік, сән-салтанат, сапа және қауіпсіздік ұсынады. Бастапқы деңгейдегі Rolls Royce Ghost бағасы 250 000 долларға бағаланды, ал қалған модельдер осы бағадан жоғарылай береді. Rolls Royce өзінің алғашқы эксперименттерінен бастап үнемі жетілдіріп отыратын мінсіздікке негізделген сән-салтанатты паш етті. Дүниежүзіндегі керемет сәнді автокөлік өндіруші беделіне лайық болу үшін ең жоғарғы сапа мен талғампаз шеберлікті қамтитын мінсіздік майда бөлшектерді де назардан тыс қалдырмайды. Rolls-Royce сияқты, MINI-дің түп-тамыры Біріккен Корольдіктен шыққан.

MINI – шағын автокөлік жасауға маманданған, BMW-нің қол астындағы автомобиль бренді. MINI автокөліктерінің шағын платформасы тәжірибені барынша кеңейтіп, маңызды мәселелерге ерекше көңіл бөледі. Ұзақ уақыт бойы ойластырылған айрықша дизайн мен ақылды шешім қалада көлік жүргізуді ыңғайлы етеді және тұтынушылардың жеке қажеттіліктерін қанағаттандырады. Жарыста аты аңызға айналған британ Джон Купердің құрметіне аталған MINI Cooper – осы брендтің ең танымал моделі. MINI Cooper желісі – британиялық классикалық мини-автокөліктің ізбасары, сондай-ақ нағыз неміс машина жасау мен құрастыру өнеркәсібінің спорттық үйлесімі керемет көрініс тапқан. MINI командасының айтуынша, олар MINI көліктері ұсынатын көтеріңкі көңіл-күй, еркіндік және даралықтан ләззат алатын 20 мен 30 жас аралығындағы ауқатты қала тұрғындарына немесе қалада тұратын колледж студенттеріне бағытталған!

Дәулетті қала тұрғындарының назарын MINI-ге аудару немесе BMW не Rolls-Royce-тың әлдеқайда бай клиенттерінің көңілінен шығу үшін BMW Group көшбасшылары компанияның болашақ бөлшек сауда стратегиясын құру мақсатында автокөлік өнеркәсібі аясынан тыс брендтерді зерттеді. Осыдан «Өнім білгірі» енгізілді. BMW өнім білгірлері – комиссия алмайтын автокөлік сарапшылары. Олар тұтынушылардың талғамы мен таңдауына және клиенттің кез келген сауалына жауап беріп, ақпаратпен қамтамасыз етуге уақытын аямайды. Нәтижесінде автокөлікті сатып алу туралы келісім жасалғаннан бастап клиенттің көңілі толғанға дейінгі «өнімділікті» өзгертеді, сонымен қатар автосалонға келген клиенттерді ыңғайсыз сезімнен арылтып, көңіл қошын көтереді (және автокөлікті комиссия алу мақсатында сататын сатушыға жасалатын қысымды да басады).

Дереккөз:

  1. Jonathan M. Gitlin, «The 2017 BMW M760i Is a Hell of a Car, but Is It an M?», ARS Technica, February 8, 2017;
  2. «BMW at 100: Bavarian Rhapsody», The Economist, March 12, 2016; Carmine Gallo, «BMW Radically Rethinks the Car Buying Experience», Forbes, April 18, 2014;
  3. «How German Cars Beat British Motors–and Kept Going», BBC News, August 2, 2013;
  4. Hannah Elliott, «The Best Luxury Sedan Is Still a BMW», Bloomberg BusinessWeek, June 6, 2016.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button