Жаңалық Редакция таңдауы

«Sarap» эксперттік клубының кезекті отырысы өтті

24 наурыз күні Нұр-Сұлтанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын талқылауға арналған «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті.

Шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, саяси партиялардың өкілдері, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері және ҚҚДИ сарапшылары қатысты.

Сарапшылар клубының мүшелері мемлекет басшысының елді одан әрі дамытуға, саяси жаңғыртуға, адам құқықтарын қорғауға бағытталған бастамаларын, сондай-ақ Жолдауда көрсетілген міндеттерді шешу жолдарын талқылады. Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму вице-министрі Данияр Қадіров алғы сөз сөйледі. Ол еліміздің өзекті мәселелері мен даму мәселелерін шешуге белсенді азаматтарды тарту мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, оның барлық кезеңдерінде мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне ҮЕҰ-ды тарту тетіктері жетілдірілетінін атап өтті.

«Президенттің реформалары барлық дерлік саяси институттарға қатысты және қазірдің өзінде басталған реформалардың заңды жалғасы болып табылады. Атқаратын жұмыс көп. Биліктің негізгі институттары Президенттің, Парламенттің, партияның, сайлау және сот-құқық қорғау жүйелерінің негізгі өкілеттіктері қайта қаралады. Біз суперпрезиденттік басқару түрінен күшті парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшу алдында тұрмыз. Министрлікке келетін болсақ, қызметті жетілдіру, қоғамдық кеңестердің құрамын жаңарту жұмыстары жалғасады. Қазіргі уақытта 102 кеңес құрылды, тағы 111 кеңес қалыптасу сатысында. Бұл ретте жаңартылған құрамдарды қалыптастыру кезінде белсенді ҮЕҰ, партиялар мен азаматтық институттардың барынша тартылуы қамтамасыз етіледі», – деп түйіндеді сөзін вице-министр.

Өз кезегінде Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма Төрағасы Майгельдинов Қазбек Елбасы жолдауының негізгі аспектілеріне тоқталып, жаңа саяси реформалар саяси қайта құрудың заңды жалғасы болғанын атап өтті:

«Президенттің өкілеттігін шектеу – президенттік өкілеттіктердің шамадан тыс болуынан бас тартудағы маңызды қадам. Бұл отбасылық-рулық бөлінудің және қандай да бір жаңа олигархияның пайда болуына жол бермеуге деген сигнал сияқты. Сонымен қатар, сайлау процесін жетілдіру, сот жүйесінің тәуелсіздігі мен ашықтығы, азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін арттыру туралы айтылды. Осылайша, елімізде көппартиялық жүйе мен пікірлер плюрализмін дамыту үшін заңнамалық деңгейде нақты алғышарттар жасалуда. Бұл барлық партияларға билік үшін күресте, сайлаушылармен жұмыс атқаруда нағыз бәсекелестік уақыты келгенінің  белгісі».

Жаңа Жолдауда қозғалған өзекті мәселелер бойынша «Ауыл» Халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков  өз пікірін білдірді:

«Жолдауда мақсаттар мен міндеттерді айқындалды. Енді олардың нақты жүзеге асуына барлығымыз, қазақстандықтар белсене атсалысуымыз қажет. Президент «Реформа үшін тағы да реформа ешкімге керек емес» деп анық айтты. Халыққа абстрактілі идеялар мен уәделер емес, жақсы жаққа қарай бағытталған нақты өзгерістер керек. Қаңтардың қайғылы оқиғаларының негізгі себептерінің бірі халықтың табысының өте төмен болуы мен осы ретте азық-түлік өнімдеріне деген бағаның тұрақты өсуінен екендігі ешкімге құпия емес. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешумен қатар, елдің саяси жүйені реформалауға мұқтаж екендігі туралы бірнеше рет айтылған».

Сонымен қатар, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы Төрағасының орынбасары Берік Дүйсембинов:

«Бұл Жолдауда Абай облысын құру деген жаңалықты аймақ тұрғындары қуанышпен қарсы алды. Еңсесі түсіп кеткен Семей жұрты кеше боран соғып тұрғанына қарамастан Наурыз мерекесін көңілді қарсы алды, себебі жағымды жаңалық көңілдерін жайландырды. Барлығы қолдап, тек жақсы нәтиже күтетінін айтуда. Сондағы бір ақсақал бата берді: «Айналайындар, келіп қалған екенсіңдер, көп рақмет сендерге, бірақ , мына жолдауды бізге түсіндірмей-ақ қойыңдаршы. Бәріміз оны түсіндік. Тек осы Жолдауды енді сапалы орындап, сапалы заң қабылдап, уәкілетті органдар өздерінің жұмыстарын аяқтап, бір жылдан кейін келсеңдер дейді». «Жолдаудың халық өміріне қалай әсер етті ме, тұрмыс жағдайы жақсарды ма, қандай жұмыс тындырды»,- деген сияқты сұрақтардың төңірегінде әлі бір дұрыс жауап естіген жоқпын. Мен осы отырысты пайдалана отырып ұсыныс айтқым келеді, Жолдау бойынша сұрақтарға белгілі бір уақытты қойып, барлығымыз жауап берейікші. Өткен жолы  ауылда сайлау өтті, жаңа әріптесім айтып өтті басы өте жақсы басталды. Ауыл өзіне керекті жанашыр азаматын сайлап алады деп біз сайлауға түстік. Сол кезде 50-ден аса адамды мемлекеттік қызметтік өтелі жоқ деп, біздің партияның адамдарын алып тастады. Ең соңында бұл сайлау баяғыша қалды. Ауылға қатысы жоқ, ауылды мансапқа жетудегі баспалдақ ретінде қолданып жүрген, артық айтсам кешіріңіздер, кейбір алаяқтар сайланып кетті. Қазіргі Жолдауды қарап отырсаңыз, басқа жолдаудан бөлек. 3-4 жыл алдын көтерілген бірнеше мәселелер осы Жолдауда қарастырылған. Енді осы Жолдауды елдің игілігіне асатындай етіп іске асырсақ. Қаңтар оқиғасы бойынша да, әлі күнге дейін шындық жауап жоқ. Сондықтан, 1 ай сайын ба, әлде, 6 ай сайын ба осы жерде кездесейік. Әркім өз саламыз бойынша есеп берейік», – деп ұсыныс айтып, сөзін қорытындылады.

«Amanat» партиясы Елордалық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Сақтаған Сәдуақасов Жолдаудың басым бағыттарының бірі ретінде партиялық жүйенің мүмкіндіктерін кеңейту, саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету мәселелерін атады:

«Елбасы жариялаған барлық реформалар екі басым міндетті шешеді: дәйекті демократияландыруға жәрдемдесу және мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ету. Тіркеу шегін төмендету, сондай-ақ Президенттің басқа да ұсыныстары жаңа партиялардың пайда болуына әкеледі. «AMANAT» адал, салауатты бәсекелестікті нығайтуды және күшті қарсыластардың пайда болуын қолдайды».

ЖСДП партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов та Елбасының Жолдауда айтылған бастамаларына тоқталды:

«Президенттің Жолдауда айтылған көптеген бастамалары ЖСДП бағдарламасы сияқты жазылған. Бұл – Мәжіліс пен мәслихаттарды сайлаудың аралас жүйесі, Конституциялық сотты қалпына келтіру, бақылаушылардың өкілеттіктерін кеңейту, ҚР ОСК-ның тәуелсіз қызметі, партияларды тіркеу кезінде адамдардың санын азайту және жергілікті өзін-өзі басқару бойынша кейбір сәттер. Ал, партияның көп жылдар бойы қайталап айтып келе жатқан тұстары бар. Олар Жолдауда да көрініс тапты (әкімдерді партиялық лауазымдардан шығару, Семей облысын қалпына келтіру, Президент қандай да бір партияны басқармауы тиіс және т.с.с.)».

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының тұрақты комиссиясының Төрағасы Владислав Сергеев Мемлекет басшысының сайлау жүйесінің пропорционалды-мажоритарлық моделін енгізу туралы ұсынысына түсініктеме берді:

«Бізге жаңа кезеңге – іске асыру кезеңіне кірісетін кез келді. Мұндай диалог алаңдары алдағы жұмыс бастамаларының негізіне айналатыны сөзсіз. 50/50 –  форматына көшу пропорционалды-мажоритарлық жүйе, менің ойымша, бұл жақсы. Бұл ұжымдық жауапкершіліктен жеке адамға ауысуға мүмкіндік береді. Бұл жаман ба әлде жақсы ма, бірақ депутат әрдайым жасырынып: «Тізім бойынша кірдім, қазір сайлау округтері жоқ» деп айта алады. Әрине, ішкі орнығу бар, бірақ адамдар жеке тұлға үшін емес, партия үшін дауыс берді. Тиісінше, депутаттың бұл жеке жауапкершілігі бұлыңғыр. Менің ойымша, осындай аралас, соның ішінде мажоритарлық модельді енгізу депутаттық корпустың жеке жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді».

«Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Конституцияға 5 рет өзгерістер енгізілді, бірақ бұл Жолдаудың ерекшелігі, түзетулер Конституцияның 30 бабына: 7 Конституциялық Заңға және 15 заңға енгізіледі, бұған дейін мұндай заң болған емес. Сондықтан ағымдағы реформалар ауқымды», – деп атап өтті ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғалымжан Құсманғали.

Отырыс барысында Президент жолдауы – біздің қоғамның ең өткір және шұғыл мәселелерін шешуге бағытталған экономикалық, әлеуметтік және саяси шаралар кешені екендігі атап өтілді. Дөңгелек үстел жұмысына қатысқан сарапшылар өз пікірлерін білдіріп, қойылған сұрақтарға жауап берді. Соңында олар Мемлекет басшысының Жолдауда көрсеткен жаңа бастамалары мен міндеттерін қолдады.

Айта кетейік, 16 наурызда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында бағдарламаны жүзеге асыруға арналған Қазақстан халқына кезекті Жолдау жасады, ол саяси реформалар бағдарламасын және бірқатар әлеуметтік-экономикалық шараларды іске асыруға арналды.

«Жаңа Қазақстанда біз әр түрлі көзқарастар, бірақ біртұтас ұлт деген қағиданы ұстануға тиіспіз. Диалог пен ымыраға келудің жоғары мәдениеті біздің еліміздегі азаматтық ынтымақтастықты нығайтудың басты факторларының бірі болады», – деді Президент.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button