Жаңалық

«Sarap» эксперттік клубы алаңында Жолдауды талқылау бойынша жиын өтті

Бүгін наурыз айының 25 күні Қазақстандық қоғамдық даму институты жанындағы Sarap эксперттік клубының алаңында Жолдауды талқылауға байланысты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, журналистер және сарапшы мамандар қатысты. Отырыс еркін форматта, пікір алмасу негізінде өтті.
«SARAP» эксперттік клубының отырысын ашқан Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов Жолдау жайлы өз ойын жеткізіп, Наурыз мейрамымен құттықтап сөз кезегін дөңгелек үстелге қатысушыларға ұсынды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазбек Иса Жолдаудың негізгі міндеттері мен бастамалары туралы сөз қозғап, айтылмай қалған жайттар жайында да түртіп өтті.

«Президенттің бұл жолдауын «Жаңа Қазақстан – Жаңа дәуір» деп айтуға толық құқы бар. Өйткені бұндай жолдауды, бұндай саяси өзгерістерді біз 30 жыл күттік. Мен барлық сұхбатымда айтып жүрмін, біз президент жолдауын тыңдауға ескі дәуірде кіріп, жаңа дәуірде шықтық. Бұл ешқандайда әсерелеу емес. Себебі, жолдау ішінде айтылған әрбір қадау-қадау қадамдар, саяси өзгерістер осылай айтуға нық сенім береді. Яғни, бұл жердегі тағы бір көңіл аударатын нәрсе Президент жолдауында бүкіл қоғамдық ұйымдардың, саяси партия болсын, жеке тұлға болсын барлығының ұсыныстарының қамтығанын көреміз. Біздің тағы бір қуанған себебіміз, «Ақ жол» партиясының 20 жылдан бері айтып келе жатқан саяси өзгерістер туралы ұсыныстары, соның ішінде 2020 жылғы сайлауалды саяси бағдарламамыздың 80%-ы осы Президент жолдауында айтылды. Парламент мәжілісінің өкілеттігі күшейді, бұлда біздің айтып келе жатқан ұсыныс. Осы қызмет кезінде түсінгеніміз үкімет келіспесе, біз мәжіліс ешқандай заңды да, бапты да өткізе алмаймыз. Онда не үшін депутат болып отырмыз деген сұрақ болатын бізде. Бұрын мәжілістің ұсынған заңдарын сенат мақұлдау керек болса, енді заңды мәжіліс өзі қабылдай алады. Мәжіліс енді жылына 2 рет халық алдында есеп береді. Бізде бір мәселе бар 30 жылға жуық жолдаулар айтылып келе жатыр, дегенмен айтылады бірақ іске толық аспайды, есебі сұралмайды. Келесі жолдау шығады, оның алдындағы жолдаудың міндеттері ұмыт қалады. Осы жолы ондай қателікке жол бермей, Жаңа Қазақстан деген атауға сай болу керек. Конституцияға өзгерістер енгізіледі деп жатыр, соның ішінде тілді де ұмытпауымыз керек. Біздің Жаңа Қазақстан ескі Ресей тілінде сөйлей беретін болса одан түкте шықпайды. Тіл өзгермесе тірлік өзгермейді, діл де өзгермейді. Ол мың жерден ескі Ресей тілінде сөйлеп, атын Жаңа Қазақстан қойдық дегенмен одан түкте болмайды. Сондықтан да ең алдымен тіліміз туралы заңды қабылдау керек»,– деп Жолдауда айтылмай қалған тіл туралы да айтып өтті.

«Біз болады дегенді болды деп талқылап отырмыз. Бірақ бұл әлі іс жүзінде іске асқан жоқ. Мәжілістің құзыры кеңейді деп қай кезде ауыз толтырып айтуға болады, ол егер парламент сайлауында жеңіске жеткен партияның немесе партиялар блогының үкіметті жасақтай алатын құзыры болса, сонда мәжілістің құзыры кеңейді деп айтуға болады. Қазір мемлекет қазынасына түсетін қаржының 70%-ын «Самұрық-Қазына» онды-солды ешбір есепсіз жұмсайды. Осы Самұрық-Қазынаны мәжіліс алдында есеп беретіндей етсек, сол кезде мәжілістің құзыры кеңейеді. Енді Мәжіліс заңды өзі қабылдаса, бізге сенаттың қандай керегі бар? Бізде сөз бен істің арасында аспан мен жердей қашықтық бар. Президент солай айтты екен деп бөрігімізді аспанға лақтыруға әлі ерте, нәтижесін күтейік»,-деді «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, халықаралық журналист Сұлтанхан Аққұлы.

Мемлекет басшысының президенттік өкілеттілікке шамадан тыс үстемдік беруден бас тарту арқылы өзгеге өнеге боларлық қадам жасағанын айтқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлтай Аманжол:

«Президенттің халыққа жолдауы Ел үмітіне шырақ жаққан,халқымыз жылдар бойы күткен оң өзгерістердің есігін ашып берген тарихи бағдарлама болды. Жаңа саяси реформалар кезеңінің басталып кеткенін сезіндік. Мемлекет басшысы өзгерістің өзекті бастауын өзінен бастауға бел буды. Суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты президенттік Республика тәсіліне түбегейлі өтуге тәуекел етті. Осы тұрғыда алда өзі жасайтын қадамдарын ұсынды. Соның ішінде президент саяси партияның мүшесі болмауы, тек президент емес облыс, аймақ басшылары ешқандай саяси партиялардың ішінде қызметте болмау керек деді. Яғни, егер осыны тиянақты жүзеге асыра алатын болсақ. Бұл дегеніміз саясат алаңында саяси партиялардың жарысы қыза түседі деген сөз. Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек демекші келесі сайлауда өздеріңіз көресіздер саяси дода үлкен болады. Жаңа партиялар қосылуы да әбден мүмкін».

Сонымен қатар, экономика ғылымдарының докторы Сапарбай Жұбаев Жолдаудың экономикаға қатысты тұстарына тоқталып өтті:

«Қаңтар оқиғасынан кейінгі кезектен тыс жолдаудың негізігі себебі –экономикалық жағдай еді. Қазақстанның экономикасында халықтың наразылығына мен екі нәрсеге тоқталмақ едім. Бірінші – біздегі сыбайлас жемқорлық. Бұған негізгі 3 себеп бар: 1) меншікке иелік ету; 2) сайлау еркіндігі жоқтығы; 3) әдет-ғұрып. Халықтың жағдайы неге нашар дегенде, меншіктің әділетсіз бөліну, яғни ұлттық байлықтың әділетсіз бөлінуіне келіп тоқаталады. Қазір небәрі 162 адам ұлттық байлықтың 55% иеленіп отыр. Бұл тұрғанда ешбір әділеттілік болады екен-ау, жемқорлықтан құтыламыз-ау, халықтың жағдайы жақсарар деу қиын. Айына 1 млн-нан артық жалақы алатындарға және үлкен кәсіпорындарға салынатын салық мөлшерін көбейту керек. Бұл әлемдік дәлелденген тәжірибе». Және де көкейде жүрген сұрақтарын қатысушыларға қойды.

Отырыс барысында саясаттанушы Серік Белгібаев пен Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы, журналист Мәриямгүл Құсайынова жастар мәселесі туралы сөз қозғады. Жастардың мамандық таңдаудағы қиындықтары, шетелде оқу деген сияқты тақырыптарда жұмыс жүргізілу қажеттігін айтты.

«Кез-келген ақылды адам, басқалардың қателігін көріп үйренеді дейді ғой. Сондықтан да біз қазір Батыс елдерінің тәжірибесінен ұғатынымыз, жалпы барлығы саясаттан басталады. Саяси жүйені дұрыс құрсақ мемлекеттік жүйеміз дұрыс құрылады. Біздің конституцияның 25 жылда көрмегені жоқ, әрбір 2-3 жыл үлкен өзгерістер енгізіледі. Содан халықтың конституцияға да, мемлекеттік жүйеге де сенімі азайды. Осы тұрғыдан көптеген өзгерістер болатынына сенемін. Мен үшін Мемлекет басшысының суперпрезиденттік билік пен билік партиясының төрағасы болудан саналы түрде бас тартып, сайлаудың ішінара мажоритарлық жүйеге өтуін құптағаны маңызды шешім болды», – деді саясаттанушы Мейрам Иманбаев.

Жиын соңында барлық қатысушылар өзара пікір алмасып, Жолдауға айтылған міндеттер мен бастамаларды қолдады. Әрбір пікір білдіруші сөзден іске көшетін кез келгенін баса айтты.

 

Басқа материалдар

Back to top button