Жаңалық Редакция таңдауы «Рухани жаңғыру» аймақтарда

Абай университеті жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлауда

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесінің басты мақсаты - мемлекеттік «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында берілген бағыттар бойынша нақты жобаларды университет көлемінде жүзеге асыру.

Бүгінде аталған бағыт бойынша Жобалық кеңсенің нақты атаулы жобаларға арналған бекітілген жоспары бойынша, «Туған жер», «Латын әліпбиіне көшу», «Қазақстанның киелі географиясы», «100 жаңа есім – Тұлғатану», Жаңа гуманитарлық білім: «100 жаңа оқулық» мемлекеттік бағдарлама аясындағы жобаларымен қатар, университетіміздің тарапынан «Студенттер мен магистранттардың ұлттық санасын қалыптастыру», «Абайтану – жаңа белесте», «Жыр алыбы – Жамбыл», «Жаһандағы қазіргі қазақ мәдениеті», «Ұлы дала жастары» жобалары жүзеге асырылып келеді.

Сондай-ақ әрбір институтымыздың жеке жылдық жоспарымен де кешенді іс-шаралар кеңінен қамтылуда.

Әрине, «Рухани жаңғырудың» идеологиялық-танымдық, академиялық, ғылыми, тәрбиелік саясатын жүзеге асыру айтарлықтай оңай шаруа емес. Өткен жылдың оқу бағдарламасымен университет деңгейінде бірнеше ауқымды жобалар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына бағытталып жүзеге асты. Солардың маңыздыларын атап өтсек, «Қазақстан және Қытай: екі ел арасындағы қоғамдық қатынастардың тарихи аспектілері» атты халықаралық онлайн конференция; «Рухани жаңғырудағы психологиялық білім негіздері» тақырыбында онлайн-семинар курстар; Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында #NAURYZUYIMDE студенттік фотобайқауы челенджі; Абай өлеңдерін жатқа оқудан «Абайдың асыл мұрасы» атты байқау; «Жамбыл үміті» шығармашылық байқауы; «Алматы музейлеріне саяхат» атты рухани-танымдық күндер; «Өркениеттер әлемі» Боралдай сақ қорғандары археологиялық кешеніне танымдық экскурсия; Қайым Мұхамедхановтың 105 жылдығына арналған «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған…» атты дөңгелек үстел және де «Менің елім» (Моя страна) атты патриоттық байқау ұйымдастырылды.

Жалпы, егер салыстырмалы түрде Рухани жаңғыру бағдарламасының соңғы төрт жылда жасалған жобалардың есебін анықтасақ. «Туған жер» жобасы бойынша 17 жоба, «Латын әліпбиіне көшу» жобасы 14 жоба, «Қазақстанның киелі географиясы» 7 жоба, «Студенттер мен магистранттардың ұлттық санасын қалыптастыру» жобасы 45 жоба, «Жаңа гуманитарлық білім: 100 жаңа оқулық» жобасы 17 кітап, 12 іс-шара, «Абайтану жаңа белесте» жобасы 32 жоба, «100 жаңа есім – Тұлғатану» жобасы 10 кітап, 21 іс-шара, «Жаһандағы қазіргі қазақ мәдениеті» арнайы жобасы 12 жоба, «Ұла дала жастары» жобасы 27 жоба, «Жыр алыбы – Жамбыл» жобасы бойынша 5 жоба жүзеге асырылып, қамтылған білім алушылар мен педагогикалық-профессорлық құрамының 15895 астам қатысушы – тікелей тыңдаушы, белсенді қатысушы, немесе орындаушы ретінде қатысқан екен. Ал жүзеге асқан әр деңгейдегі жобалық жұмыс 192 іс-шараны құрапты.

Әрине, соңғы екі жылдағы пандемиялық жағдайлар жылдық жоспарға енген іс-шаралардың тұрақты, уақытылы, сапалы деңгейде өтілуіне ерекше әсерлерін тигізді. Көбіне, онлайнда білім алу үрдісіне қарай бейімделген жобалармен шектелу уақыт пен бекітілген қаулылардың шеңберінде қалды. Десек те, осы үрдіс кеңінен әлеуметтік желіні пайдалануға, zoom арқылы байқауларды, кездесулерді, конференцияларды жүргізуге дағдыландырды.

Биылдың өзінде, 2021-2022 оқу жылының жоспарлы іс-шарасы бойынша түрлі бағыттағы 91 жуық маңызды жобалар университеттің Басқармасымен бекітілді. Оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының «Ахмет. Ұлт ұстазы» кино туындыларын арнайы жатақханаларда көрсетілімінен бастап, Абай еліне рухани танымдық экспедициясын өткізуді, ұлттық спорт үйірмелерін ашуды, университеттің Рухани жаңғыру мемлекеттік бағдарламасының ғылыми-академиялық аспектілерінің талдамалы жинағын шығаруға дейін т.с.с. жаңа жобаларды жүзеге асыру шаралары жоспарланған. Соларды орындауда, осы күндері университеттің «Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесі мемлекеттік бағдарламаның жан-жақты жұмысын күн тәртібіне сай штаттық деңгейде жүргізіп келеді.

 

Мақсат Жақауов,

Абай атындағы ҚазҰПУ

«Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсе жетекшісі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button