Жаңалық Редакция таңдауы

Биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталады

2022 жылы Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады.

Исламның бес шартының үшіншісі – Рамазан айында ораза ұстау. Ораза ұстау, хижреттің екінші жылында парыз болды.

Рамазан айы кей жылдары 29 күн, ал кейбір жылдары 30 күн болады. Рамазан айы 29 күн болған кезде де ораза толық болып есептеледі. Өйткені парыз болғаны сол айда толығымен ораза ұстау. Өйткені, пай-ғамбарымыз тоғыз мәрте Рамазан оразасын тұтқан. Бұл рамазандардың төртеуі 29, ал бесеуі 30 күн болған.

Рамазан – мұсылмандар үшін қасиетті және берекелі ай. Ислам таңы осы айда атып, дүниені жарығына бөлеген, ұлы кітабымыз Құран Кәрім осы айда түсе бастаған. Мың айдан да қадірлі болып есептелетін Қадір түні де осы айдың ішінде. Ішкі дүниемізді жаман ойлардан және сыртқы дүниемізді жаман әрекеттерден тазартатын ораза осы айда ұсталады.

Биыл ораза 30 күн болмақ.

1 сәуір – Алғашқы тарауих намазы
2 сәуір – Оразаның бірінші күні
27-28 сәуір – Қадір түні
30 сәуір – Соңғы тарауих намазы
1 мамыр – Соңғы ораза
2 мамыр – Ораза айт мейрамы

Пітір садақасы – 500 тг

ОРАЗАНЫ БҰЗЫП, ТЕК ҚАНА ҚАЗАСЫН ӨТЕУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ЖАҒДАЙЛАР

1) Әдетте желінбейтін нәрсені және дәрі ретінде қолданылмайтын нәрселерді жеп, жұту (топырақ, қағаз, мақта сияқты);

2) Мұрынға дәрі құю;

3) Құлақтың ішіне дәрі тамызу;

4) Дәрет кезінде аузына және мұрынға су алғанда байқамай тамағына су кетіп қалу;

5) Аузына салған түрлі-түсті жіптің бояуы шығып, түкірікпен араласуы, оны жұтып қою;

6) Қиын жағдайда оразасын бұзу;

7) Ұйықтап жатқанда басқа біреу аузына су құйып жіберу;

8) Өз қалауымен аузын толтырып құсу;

9) Әлі күн батпай тұрып, батты деп ойлап аузын ашу;

10) Сәресінің уақыты бітсе де, әлі уақыт бар деп жеу.

ОРАЗАНЫ БҰЗБАЙТЫН ЖАЙТТАР:

1) Ораза ұстағанын ұмытып, жеп-ішу (ұмытып кетіп жеп немесе ішіп қойған адам ораза екені есіне түссе, аузын шайып, оразасын жалғастырады. Ораза екені есіне түскеннен кейін тамағынан бір нәрсе өтсе, оразасы бұзылады).

2) Құлағына су кетіп қалу;

3) Көзіне дәрі тамызу;

4) Түнде жуыну қажет болғанымен таңертеңгісін жуыну;

5) Еріксіз құсса;

6) Ұйықтап жатқанда жыныс жолдарынан сұйықтық бөлінсе;

7) Қан алдыру;

8) Еріксіз тамағына тозаң, түтін кіру;

9) Аузындағы түкірікті жұту.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button