ЖаңалықРедакция таңдауы

«H&M» брендінің ең ұтымды тұсы

H&M – әйелдер, ерлер, жасөспірімдер мен балаларға арналған сәнді киімімен танылған Швецияның мультиұлттық бөлшек сауда алпауыты.

H&M әлемдегі жарнамалық хабарды жеткізу үшін жылдар бойы Бекхэм, Бейонсе және Бундхен секілді атақты жұлдыздарды ұтымды пайдаланды. Дэвид Бекхэм, Фрея Беха, Бейонсе, Жизель Бундхен, Джорджия Мэй Джаггер, Миранда Керр, Мадонна, Ванесса Паради, Кэти Перри, Лана Дель Рей, Рианна және Аня Рубик әлем бойынша H&M-мен жұмыс істеген танымал адамдар тізімінің жартысын ғана құрайды. Сондай-ақ H&M компаниясының жаһандық жеткізу тізбектері бір деңгейде жақсы ұйымдастырылған және жарнама науқаны сияқты ықпалды.

H&M (Hennes & Mauritz AB – компанияның толық атауы) бизнесі 1947 жылы Швецияның Вестерос шағын қалашығында «Хеннес» атымен басталған. 1946 жылы компанияның іргесін қалаушы Эрлинг Перссон АҚШ-қа іссапарға барғанда, сәнді киімді салыстырмалы арзан бағамен ұсыну идеясы туады. Сол кездері Перссон әйелдер киіміне ғана көңіл бөлді және Hennes швед тілінде «оның» (әйелдің) дегенді білдіретін. Бірнеше жыл өткен соң, 1968 жылы Хеннес аңшылық керек-жарақ сатушы Мауритц Видфорздан (Mauritz Widforss) ғимарат пен дүкендегі құрал-саймандарды сатып алды. Сөйтіп, ерлер киімін жеткізу құрал-сайман сатудың бір бөлігіне айналды. Бұл ерлерге арналған киімнің компания топтамасына енуіне, сондай-ақ Hennes & Maurits (H&M) атауының шығуына ұйытқы болды. Қазіргі уақытта әлемнің 60 елінде H&M-нің 3 800-ге жуық дүкені, 148 мыңға тарта жұмысшысы бар. Ол – Испанияда орналасқан Inditex компаниясынан (Zara-ның бас компаниясы) және АҚШ-та іргесі қаланған GapInc компаниясынан кейінгі әлемдегі ең үлкен киім сатушы.

H&M брендінің алты түрі бар әрі бренд бүкіл әлем бойынша кең танылған. Осы танымал брендтерге: COS, Monki, Weekday, Cheap Monday және & Other Stories кіреді. H&M барлық адамға салыстыра алғанда қолжетімді бағада әрдайым сәнді киім тігеді, компания өнімін алпысқа жуық елде және қосымша 10 нарықта онлайн бағытта сатады. COS сән әлеміндегі стиль тұжырымдамасын зерделеп, өнімін сауда дүкендерінде және 38 елде онлайн сатады. Monki нарықтағы сән тәжірибесі ретінде промоушн жүргізуде, сөйтіп, киімдерін 30 нарықта дүкен арқылы және онлайн ұсынып отыр. Weekday – 25 нарықта сатылымы бар, сәнді джинсіге маманданған компания. Cheap Monday «стритстайл және субмәдениет әсерін подиум стилімен»22 біріктіреді және жиырмадан астам нарықта көпшілік назарына ұсынады. Тұлғалық болмысын таныту және өзіндік стилін табуға бағытталған & Other Stories бренді 2013 жылы нарыққа шығып, қазір 17 нарықта қолжетімді. H&M коллекциясы сатылатын 70 елде үлесі бар осы брендтер жиынтығы компания үшін бірегей жаһандық жеткізу тізбегін құрайды.

Киім коллекциясын 160 ішкі дизайнер мен 100 модельер әзірлейді. Дизайнерлер мен модельерлер командасы – әртүрлі жас пен ұлт өкілінен құралған үлкен топ. H&M-нің дизайн процесі «сән, сапа мен ең жақсы баға арасындағы дұрыс үйлесімге ұмтылуды… және әрдайым тұрақты даму түсінігін де қамтиды».23 H&M-нің иелігінде ешқандай меншікті фабрика жоқ, алайда команда өз жобаларын жүзеге асыру үшін 900-ге жуық дербес жабдықтаушымен жұмыс істейді. Мұндай тәуелсіз киім өндірушілер, негізінен, Еуропа мен Азияда орналасқан. Олар H&M-нің барлық өнімін дайындайды және олар біз білетін H&M брендтерінің сәнді бұйымдарын жасау мақсатында фабрикаларды қажетті компоненттермен қамтамасыз етеді. H&M ұйымындағы 80-ге жуық адам қауіпсіздік техникасы мен сапаны бақылаумен қатар, тауар өндірушілер зауытындағы жұмыс жағдайын үнемі тексеріп отырады, химиялық заттарға бекітілген талаптардың мінсіз орындалуын жіті қадағалайды.

Әр өнімге тапсырыс беру мерзімі – жаһандық жеткізу тізбегінің инфрақұрылымы шеңберіндегі H&M-нің негізгі аспектісі. Атап айтқанда, әр өнімге ыңғайлы уақытта тапсырыс беру – H&M-нің бағасы, уақыт циклі мен сапасы арасындағы дұрыс тепе-теңдікке қол жеткізудің маңызды бөлігі. Сәнді киімді қолжетімді бағамен сатуға қажетті тиімділікті іске асыру үшін H&M ұзақмерзімді серіктестермен қоян-қолтық жұмыс істейді және жеткізу тізбектерінде қажетті жұмыстың тұрақты болуына қомақты қаражат бөледі. Осы бағытта компания дүниежүзілік аренадағы жұмыс жағдайын және қоршаған ортаға тигізер әсерін үнемі жетілдіруге ұмтылады. H&M 900 жабдықтаушы арқылы шамамен 1 900 зауыт және 1,6 миллион жұмысшымен байланыс орнатқан.

Дереккөз: 

  1. «The Environmental Costs of Creating Clothes», The Economist, April 11, 2017;
  2. H&M website, http://hm.com; L. Siegle, «Is H&M the New Home of Ethical Fashion?» The Observer, April 7, 2012;
  3. G. Petro, «The Future of Fashion Retailing—The H&M Approach», Forbes, November 5, 2012;
  4. K. Stock, «H&M’s New Store Blitz Moves Faster Than Its Digital Expansion», Bloomberg Businessweek, March 17, 2014;
  5. M. Kerppola, R. Moody, L. Zheng, and A. Liu, «H&M’s Global Supply Chain Management Sustainability: Factories and Fast Fashion, GlobaLens, a division of the William Davidson Institute at the University of Michigan, February 8, 2014.

 

Басқа материалдар

Back to top button