Жаңалық Редакция таңдауы

«Қазақстандық қоғамдық даму институты» мен «Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» меморандумға қол қойды

1 сәуір күні Көкшетау қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті.

Эксперттік клубтың отырысында қатысушылар Мемлекет басшысының елді одан әрі дамытуға, саяси жаңғыртуға, адам құқықтарын қорғауға бағытталған бастамаларын, сондай-ақ, Жолдауда белгіленген міндеттерді шешу жолдарын талқылады.

Жаңа Жолдауда қозғалған өзекті мәселелер бойынша «Ш. Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті» КеАҚ ректоры Марат Сырлыбаев өз пікірін білдірді:

«Өзгеру үшін өзімізді қолға алып, заман ағымына итермелеу арқылы жедел қабілеттерімізді дамытсақ, мемлекетіміздің мерейі үстем болары анық. Рухани жаңғыру – тұрақты даму деген сөз. Рухани жаңғырусыз тұрақты даму мүмкін емес. Заман өзгереді, уақыт өзгереді, жаңа талаптар, жаңа құндылықтар пайда болады. Халық та, қоғам да даму керек. Даму үшін, алдымен, өзің тану керек. Даму деген сөз – дұрыс тарих жасау деген сөз. Әспеттеген, әдемілеген тарих емес, шын мәнінде өзінің ішіндегі қарама-қайшылығымен, кемшілігімен соның бәрін анық, әділ тарихымыз болуы керек. Рухани жаңғыру мен өзгерудің түпкі мақсаты – қоғамдық сананы жаңғырту болған соң, әрине қыруар жұмыс атқарылары белгілі. Қалыптасқан заманауи қоғамға айналу үшін бұл жолды да жүріп өту керекпіз. Сондықтан бұл міндетті бір ғана биліктің не болмаса зиялы қауым өкілдерінің ғана иығына артылған жүк деп ұғынбауымыз керек. Қазақстандық  әр азамат өз саласы бойынша дұрыс бағытта жұмыс істеп, ой елегінен өткізуі тиіс».

Өз кезегінде Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма Төрағасы Қазбек Майгельдинов Президент Жолдауының негізгі аспектілерін атап өтіп, жаңа саяси реформалар саяси трансформацияның логикалық жалғасы болғанын атап өтті:

«Жолдау аясында басты қойылған талап – саяси реформа. Бұл жолдаудың жергілікті халыққа, жалпы,  белсенді азаматтарға болсын, үкіметтік емес ұйымдарға болсын, жалпы азаматтарға тигізетін пайдасы неде? Бұдан шығатын нәтиже қандай деген сұрақтарға келетін болсақ, мен мысалға айтар едім, сайлау жүйесін өзгерту және саяси партияларға байланысты біршама бастамалар басталды. Соның бірі бұған дейін облыс әкімі, облыс әкімінің орынбасары партия филиалдарының басшысы болатын болса, енді заңды түрде партия филиалының басшысы бола алмайды. Облыс әкімі  мен орынбасары енді мәслихатпен тепе-тең жұмыс істейтін болады. Екінші жағынан жаңа саяси партиялардың пайда болуына алғышарттар жасайды. Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мәселе қоғамдық кеңестердің жұмыстарын қайта құру. Қоғамдық кеңестердің құрылуының басты мәселесі қазіргі мемлекеттік органдар болсын, мәслихат болсын, басқа да ұйымдарда бюджеттің ашықтығы мен мөлдірлігіне өзінің септігін тигізу».

Жолдауда айтылған Президенттің бастамаларына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров та түсініктеме берді:

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформаларды ұсынған кезде, ең негізгі мәселе біздің әрқайсысымыздың санамыз жаңғыру керек. Өйткені, саяси реформация дегеніміз ол тек қана белгілі бір заңдарға өзгеріс енгізу немесе белгілі бір номативтік-құқықтық жаңа бір базаны қалыптастыру емес. Саяси реформация дегеніміз – ең бірінші ол біздің еліміздегі саяси процестерді жаңарту, жаңғырту. Саяси процестерді жаңарту ол біздің әрқайсысымыздың санамызға байланысты болады. Сондықтан бүгінгі таңдағы ең негізгі мәселе осы халық пен қоғамның арасында, билік пен халықтың арасында диалогты құра отырып, біздің азаматтарымыздың әрқайсысының  саяси әлеуетін арттыра отырып саяси мәдениетті қалыптастыру болып табылады. 30 жылдың ішінде, өкінішке орай, мынау тәуелсіз мемлкет құрамыз деп өзіміздің халқымыздан өзінің билігін тартып алдық. Белгілі бір шешімдер қабылданатын болса, ол шешімдердің барлығы осы халықпен келісілмейтін болды. 30 жылдың ішінде экономикамызды реформалаймыз деп, экономикалық көптеген активтер шетелге кетіп қалды. Сондықтан, менің ойымша саяси реформалардың саяси аспектісі бүгінгі таңда әлеуметтік әділеттілік. Яғни, халыққа өзінің билігін қайтарып беру керек. Менің ойымша, біздің Президентіміздің айтып отырғаны, егер азаматтар партия құрамыз дейтін болса, партия құруға құқылы болу керек және партия құруға ешкім қарсылық көрсетпеуі керек. Бұл бірінші. Екінші, аймақтарда саяси партияға кірмейтін, бірақ саяси процестерге араласқысы келетін азаматтар бар. Міне осы азаматтарға саясатқа араласуға құқық беру керек».

Сонымен қатар, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов та пікір білдірді:

«Мемлекет басшысының Жолдауы шыққан сәттен бастап, біздің өңірдегі қоғамның барлық топтары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, Ассамблея өкілдері, жастар, қоғамдық пікір көшбасшылары және басқалар осы стратегиялық құжатқа үлкен қолдау білдіруде. Біз қазірдің өзіңде парламенттік сайлау мен ауыл әкімдерін сайлау барысында елімізді реформалаудың басталғанына куә болдық. Бұл бастама біздің өңірде халық тарапынан қолдау табуда. Жергілікті жерлерде мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру және күшейту болып табылады. Осы ретте біздің облыстық қоғамдық кеңес жаңартылып, оның 70 пайыздан астамы азаматтық қоғам өкілдерінен құралды. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған барлық мақсаттар мен міндеттерге бірлесіп қол жеткізе алатындығымызға сенімдімін».

Өз кезегінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин:

«Партия тізіміне сайлау ол мына бәсекелестікті төмендетіп, одан кейін мына сайлаушылардың сайлауға деген ынтасын төмендетіп, тіпті кейбір елдің ішіндегі белгілі азаматтар осы сайлау процесінен тыс қалып қойды. Міне сондықтан мажоритарлық жүйені енгізу партиядан басқа партияда жоқ бірақ ел ішінде беделі бар, елге сөзі жүретін, елдің мәселесін жоғары деңгейде қорықпай қоя алатынадамдарға өтуге мүмкіндік береді. Парламентте үш фракция болса да, Ассамблеядан сайланған депутаттар болса да, жаңа депутаттық топ құрылды «Жаңа Қазақстан» деген. Осыдан бірнеше жыл бұрын осындай депутаттық топтар болған, партияға қатысы жоқ, бірақ енді қазір осындай жаңа үрдістер Парламенттің өзінің ішінде бәсекелестік тудырып, көптеген партиялардың бағдарламаларына кірмей қалған мәселелерді қозғап, өңірлік мәселерді қозғап жұмыстар жүргізуде. Біз көптен бері өтпеген Парламеттік тыңдауларды бастап жатырмыз, осыдан жеті жыл бұрын болған екен соңғы Парламенттік тыңдау. Осындай өзгерістер Парламент ішінде болып жатыр. Ашықтық, журналистерге барлық біздің қызметіміз көрініп отыр»,- деп пікір білдірді.

Отырыс барысында Президент жолдауы біздің қоғамның ең өзекті және шұғыл мәселелерін шешуге бағытталған экономикалық, әлеуметтік және саяси шаралар кешені екендігі айтылды.

Дөңгелек үстел отырысына қатысқан әр сарапшы өз пікірін білдіріп, қойылған сұрақтарға жауап берді. Шара соңында қатысушылар Жолдауда айтылған жаңа бастамалар мен міндеттерді қолдады.

Сонымен қатар, «Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті» КеАҚ студенттік парламент депутаты Нұржан Смағұлов вице-министр Данияр Рамазанұлына өз сауалын қойды:

«Парламентте, Мәслихатта жастарға квота бар, бірақ ұлттық компанияларда, мемлекеттік органдарда квота жоқ. Мұнай-газ өнеркәсібінде,  Ауылшаруашылық саласында жастар жоқ, олар өздері жұмыс істеу керек немесе жеке меншік мекемелерде жұмыс істеуге мәжбүр. Осыдан, ұлттық компанияларда, мемлекеттік органдарда қызметкерлер жетіспейді. Екінші, блогерлер туралы заң. Блогерларда да БАҚ өкілдеріндегідей әр таратқан ақпаратқа жауапкершілік болуы тиіс.  Және де құқық қорғаушыларды қорғаудың ұлттық тетігін нығайту. Құқық қорғаушыларды қорғауымыз керек».

«Біздің министрлікке қатысты қойылған сұраққа жауап беретін болсам. Қалған сауалдарды басшылыққа жеткізетін боламын. Квота жайлы айтатын болсақ, жастар арасында квота бойынша мәселелер бар. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгін естіген боларсыздар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 3 айлық сынақ мерзімізін алып тастады. Реформалар жүріп жатыр, нәтижесін күту қажет. Блогерлар бойынша заңды бекіту өте үлкен жұмыс. Барлығын тәрбиеден бастау керек, өздерінің сана-сезіміне байланысты. Оның бәрі болмай  мына блогерларды тоқтату ол енді қиын. Сөз еркіндігі деген бар бізде, соған сүйеніп біз оларға тыйым жасауға құқылы емеспіз. Құқық қорғаушыларды қорғау заңдарымен де жұмыс жүргізілуде. Президент жанындағы Адам құқығы комитеті де бұл бағыт бойынша жұмыс атқаруда»,- деп жауап берді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі.   

Сонымен қатар, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ мен «Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» КеАҚ арасында тікелей және өзара тиімді ынтымақтастық орнату мақсатында Меморандумға қол қойылды.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button