Редакция таңдауы Жаңалық

Батырдың ерлігі өшпесін...

Бүгін, 4 сәуір Сидней Олимпиадасының чемпионы, боксшы Бекзат Саттархановтың туған күні. 20 жасында Олимп тұғырын бағындырған батыр тірі болса бүгін 42 жасқа толар еді.

Бекзат Саттарханов 1980 жылдың 4 сәуірінде Түркістан қаласында дүниеге келген. Үйдің кенжесі кішкентайынан әлжуаз болып өскен соң, ата-анасы Бекзатты спорт үйірмесіне беруді жөн санайды. Алғашында күрес үйірмесіне қатысқан ол балуандар сайысын құп көрмей, 1995 жылдан бастап былғары қолғапқа құмартқан.

Алғашында өзін-өзі қорғап үйренсін деген оймен ата-анасы Бекзатты күрес үйірмесіне қатыстырады. Алайда күреске ынтасы болмай, екінші жағынан күреспен айналысу бойдың өсуін тежейтінін ұғып үйірмеге бармай, бірден боксқа бет бұрады. 1986-1996 жылдар аралығында Абай атындағы мектеп-интернатта, кейін Жұмабек Еділбаев атындағы №18 орта мектепте оқиды. 1995 жылы алғаш рет бокс үйрімесіне жазылып, балалар бапкері Нұрлан Жұмабаевтан тәлім ала бастайды. Ата-анасы мен туыстары Бекзаттың боксқа деген ынтасын байқағанымен, мұны жай, өтпелі кезең деп ойлаған. Бірақ ол бокспен шұғылданғанына бір жыл толмастан республикалық сайыстың жеңімпазы атанып, былғары қолғапты бекер кимегенін дәлелдейді.


Сидней Олимпиадасында ол әлемнің ең үздік боксшыларын жүлдеден қақты. Атап айтар болсақ, алғашқы айналымда румыниялық Овидиу Бобирнатты 14:5 есебімен жеңді.
Екінші кездесуде Оңтүстік Африка Республикасының өкілін 16:5 есебімен сүріндірді. Саттархановтың Сиднейдегі ең басты жекпе-жегі деп Рамазан Палианимен өткен кездесуді айтуға болады. Бүкіл түрік жұртының үміті, Еуропа чемпионы Палианиді 12:11 есебімен ұтқан соң, Бекзаттың мықтылығын мойындайтындар қатары көбейді.

Жартылай финала марокколық Тамсаманиді 12 ұпай басымдығымен жеңген қазақ батырын финалда басқа емес, 1999 жылғы әлем чемпионы, америкалық Рикардо Хуарес күтіп тұрды.
Әйтсе де, азулы америкалық та Бекзатқа тісін батыра алған жоқ. Сидней Олимпиадасының финалында Саттарханов Хуаресті 22:14 есебімен таза жеңіп, Қазақстанға тарихи алтын жүлдені сыйлады.

Сидней Олимпиадасында бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері міндетін атқарған Тұрсынғали Еділов Бекзат туралы естелігінде оның тым ақкөңіл болғанын алға тартады.
Сиднейдегі жеңісінен кейін, оған Елбасы І дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті. Тарихта Бекзат «Барыс» орденінің тұңғыш иегері ретінде де қалды.

Бекзат Саттарханов Олимпиада чемпионы атанған соң бар болғаны үш ай ғана өмір сүрді. Сол үш айда еліміздің бар өңірін аралап, өзі үшін тақым қысқан қарапайым халықпен жүздесті. Ең соңғы рет туған қаласындағы мерекелік жиында «Жылдың үздік спортшысы» атағын алды да, анасымен қоштасып, мәңгілік сапарға кете барды.

Материалды дайындау барысында ғаламтор беттеріндегі мақалалар пайдаланылды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button