ЖаңалықРедакция таңдауы

Колледждерге құжат қабылдау қашан басталады?

Биыл колледждерге құжат қабылдау 20 маусымнан басталады. Бұл туралы ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Техникалық және кәсіптік білім беру бағытында колледжге түскісі келетін талапкерлерге бірнеше мамандықты таңдау мүмкіндігі беріледі.

«Осы жылдың өзінде кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша 10 мыңнан астам талапкерді қамту жоспарланып отыр. Әр талапкердің 4 мамандық пен 4 колледжді таңдауға мүмкіндігі бар. Педагогикалық мамандықтарға түсу үшін 4 баллға дейін шекті бал және эссе жазу талабы бар», – деді ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Сонымен қатар, «Соңғы жылдары еліміз бойынша 18 колледж жабылды. Олардың жабылу себебі лицензиямен байланысты емес, колледждерді оңтайландыру мақсатында осындай шара қолданылды. Яғни кейбір колледждердің қызметін қайта қарау керек болды. Негізінен бұл шара жеке колледждерге қатысты болды», – деп мәлімдеді.

Департамент басшысының мәлімдеуінше, колледждерде білім беру сапасын арттыру мақсатында бірқатар шара іске асырылды.

«Алдымен білім бағдарламасын әзірлеуде колледждерге академиялық еркіндік берілді. Білім бағдарламасын заман мен нарықтың сұранысына сай етіп дайындау керек. Әрине, білім беру туралы заңның шеңберінде әзірленеді. Ендігі уақытта оқу орны жұмыс берушімен, білім беру бағдарламасын нақты мамандық пен қажетті білім-білікті негізге ала отырып бірлесіп әзірлейді. Содан соң аталған білім беру бағдарламасы сараптамадан өтіп, кейін бағдарламалар реестріне тіркеледі», – дейді ол.

 

Басқа материалдар

Back to top button