ЖаңалықРедакция таңдауы

Күннің түсі сары емес екенін білесіз бе?

Көрермен көркем фильмдердің әсерінен ғарыш туралы көп ақпаратты қате қабылдауы мүмкін. Себебі фильмдегі әсіреленген кей эпизодтар шын мәніндегі ғарыш әлемінен алшақ. Назарларыңызға ғарыш туралы кең тараған 10 мифті ұсынамыз.

Ғарышта суық

Көп фильмде ашық ғарышқа скафандрсыз шыққан адам әп-сәтте үсіп, мұзға айналатынын көруге болады. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Өйткені ғарышта температура жоқ. Ол жақта суық та, ыстық та емес. Вакуумда конвекция мен жылу өткізу қабілеті болмайды.

Скафандрсыз ашық ғарышқа шыққан жағдайда адам терісіндегі су буланатындықтан тоңуы мүмкін, алайда үсіп қалмайды.

Адам ғарышта «жарылып» кетеді

Вакуумде не қысым әлсіз жерде адам ауа шары секілді жарылып кетеді деген пікір бар. Бірақ бұл да қате. Өйткені вакуумде қысым жоқ. Сондықтан адам шар секілді жарылып кетпейді.

Айдың қараңғы жағы бар

Айдың Күн сәулесі түспейтін қараңғы жағы бар деген де түсінік бар. Алайда бұл да – қате пікір. 1959 жылы КСРО ғалымдары Айдың қарсы бетін суретке түсірген. Айдың өз осінен айналу жылдамдығы Жермен бірдей болғандықтан бізге тек оның бір ғана жағы көрінеді. Ал шын мәнінде, Айдың екі жағына да Күн сәулесі түседі.

Қара құрдым – шұңқыр тәріздес

Ұзақ уақыт бойы Қара құрдымның шын «келбетін» көре алмағандықтан адамдар әртүрлі көркем фильмдерге сеніп, оны шұңқыр тәріздес құбылысқа балады.

Галактика кіндігіндегі Қара құрдымның фотосын түсіру үшін әлемдік зерттеушілер Event Horizon Telescope жобасын әзірлеген болатын. Ол үшін Жердің әр түкпіріне 8 телескоп қойып зерттеген. Мамандардың бұл еңбегі нәтиже беріп, адамзат тарихында алғаш рет Қара құрдымның фотосы түсірілді. Оны түсіру мен зерттеу, сондай-ақ жариялау үшін 2 жылдай уақыт кеткен.

Сонымен Қара құрдым – жойқын тартылыс күші арқылы бүкіл материя мен жарық нұрын еш жібермей өзіне тартып алатын массасы өте ауыр жұлдыздық дене (үңгір емес). Оның массасы өте жоғары, тартылыс күші өрісі тым жойқын болғандықтан, ешқандай материя, магнитті толқын, жарық жылдамдығында қозғалады делінетін жарық радиациясы одан қашып құтыла алмайды. Бетіне түскен жарық ешқашан кері шағылыспайды, сыртқа еш жарық шығармайды. Ал арғы жағы жұмбақ әлем.

Күн сары түсті

Көзімізге Күн сары болып көрінгенімен, шындығында олай емес. Күннің түсі – ақ. Атмосфераның әсерінен ғана Күн сары болып көрінеді.

Ғарышқа ұшқан алғашқы тіршілік иесі – Лайка

Ғалымдар 1946 жылғы шілдеде америкалық V2 ракетасына дрозофила шыбынын жүгерімен бірге, ұшырған болатын. Сол арқылы жоғары қабаттардағы радиацияның әсерін білгісі келіпті.

Дрозофиладан кейін, ғарыш әлеміне қына мен маймылдар жіберілді. Ғарышқа барған ең алғашқы маймылдың аты Альберт II болатын. 1949 жылы осынау примат-ғарышкер 134 шақырым биіктікке дейін жете алған. Ал тағы да бір ғарышкер Альберт I-де 1 жыл бұрын 100 шақырым биіктікке жете алмай, тұншығып өлген.

NASA ғарышта жазу жазуға арналған қаламға миллиардтаған қаржы жұмсаған

Қарапайым қаламмен ғарышта жазу мүмкін емес. Өйткені оның сиясы ғарышта төмен ақпайды, сондықтан NASA миллиардтаған қаржыға ғарышта жазатын қалам жасатты деген түсінік бар. Шындығында, Fisher Pen компаниясының өкілі Пол Фишер құны бар болғаны 2,95 доллар тұратын қалам жасаған. Алғашқыда ғарышкерлер осы қаламды қолданған.

Астероидтар белдеуінен ұшып өту мүмкін емес

Марс пен Юпитер арасында айналып жүретін астероидтар белдеуі бар. Ғалымдар ол жақта 10 миллионға жуық аспан денесі бар деп тұжырым жасады. Дегенмен оның арасынан адамзат баласы жасаған кез келген ғарыш аппаратымен ұшып өтуге болады. Өйткені олардың өзара қашықтығы – орта есеппен, бір жарым миллион шақырым.

Ғарыш кемелері түзу ұшады

Фильмдерден ғарыш аппараты Жердегі көліктер секілді түзу жүріп, оңай бұрылатынын көруге болады. Шындығында ғарыш кемелері доға тәрізді Гоманов траекториясымен ұшады.

Жер Күнге жақындаған соң жазда ауа-райы ыстық болады

Жер мен Күннің ара қашықтығы өзгерген сайын жыл мезгілдері де ауысады деп ойлайтындар көп. Жер Күнге қаңтар айында барынша жақындап, дәл алты айдан соң барынша алыстай түседі. Сондықтан жыл мезгілі Күн мен Жердің ара қашықтығына байланысты болса қаңтарда жаз, шілдеде қыс болуы керек еді.

Ақпарат massaget.kz порталынан алынған.

Басқа материалдар

Back to top button