Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақстанның туристік маршруты

Қазір Қазақстандағы мәдени-тарихи, сауықтыру және экстремалды туризм даму үстінде. Сондай-ақ, еліміздегі табиғатты, тарихи және көрікті жерлерді тамашалауға, демалыстан ләззат алуға әлемнің түкпір-түкпірінен және Қазақстанның өңірлерінен келетін туристер саны да салыстырмалы түрде көбейген.

Дегенмен, біздің ел азаматтарының көбі Қазақстан территориясы ішінде ел көріп, жер көргенді саяхат санамайды. Мүмкіндігі жетсе, шетел асып саяхаттау санасына сіңген. Сол себепті ішкі туризмді дамыту бағытында түрлі жобалар іске асуда. Біз сіздерді еліміздің тарихи-мәдени, туристік  жерлерімен таныстыру мақсатында «Қазақстанның туристік маршруты» атты жаңа айдар ұсынып отырмыз. Айдарымыздың бүгінгі алғашқы санында «Түрген шатқалы» туралы ақпаратпен бөлісетін боламыз.

«Жер жәннаты – Жетісу» атанған Алматы облысының табиғаты сан алуан. Бұл аймақтан қаңсыған шөлді де, көсіле аққан өзенді де, биік-биік тауды да кездестіруге болады. Сондықтан, Алматы облысының көркем табиғатын тамашалауға еліміз бен шет елден келушілер саны күннен-күнге артып келеді.

Түрген шатқалы – Алматыдан 90 км шақырым қашықтықта және үлкен Ассы үстірті (биіктігі 2560 метр) орналасқан. Ұзындығы 44 км. Ежелгі уақытта бұл жер Қытай мен Үндістаннан саяхатқа шыққан керуендердің куәгері болған.

Түрген шатқалында Семеновтың үйеңкісі, жабайы өрік, Мушкетовтың кургавкасы сияқты құрғақшылықты жақсы көретін ағаштар айтарлықтай көп кездеседі. Есік шатқалында шыршалар 1350-1400 м. биіктіктен қаптап өсіп тұрса, Түрген шатқалында шыршалар белдемі 1650 м. биіктіктен басталады. Ауа құрғақтығының жоғарылығы және ашық күндер санының көп болуы – денсаулыққа және адамдардың тынығуына өте қолайлы. Түрген шатқалы «Тау-Түрген» санаторийімен танымал, онда аса терең жерден жылы бастау суы шығып жатады. Ол буырқанған, суы мол Түрген өзенінің сол жақ жағалауындағы магистраль жолынан 19 км. қашықтықта 1400-1500 биіктікте орналасқан.

Шатқалдағы Түрген өзені Іле Алатауының мұздықтарынан бастау алатын екі ірі – Шың Түрген және Кіші Түрген өзендерінің түйіскен жерінен бастау алады. Түрген өзені шатқал бойымен ағып өтеді. Өзенге шатқалдың ортаңғы бөлігінде оң жағынан атауы жоқ бір тармақ келіп құяды, онда “Аюлы” сарқырамасы орналасқан, ал одан төменірек сол жағында Теріскенсу өзенінің тармағы қосылады. Және шатқалда 7 сарқырама бар. Адамдар жиі баратыны: біріншісі «Аюлы» және екіншісі «Қайрақ». Алғашқы сарқырама (биіктігі 30 метр) жасыл шыршалар мен шыңдар арасындағы көрікті орында орналасқан. Шатқалдағы шыңдар жер сілкінісі кезінде бөлініп, мұзды кезеңге дейінгі іздерді сақтаған. «Аюлы» сарқырамасына баратын көпірден жоғары 300 метрде «сұлулық көзі» бұлағы орналасқан.

Түрген шатқалындағы үйлер Тянь-Шань қайындары мен теректерінің, талдар және жабайы Сиверс алма ағашы мен өрік ағашы арасындағы жайылма орманға шебер үйлескен. Негізгі жол арқылы шатқалдың ішімен келе жатқанда 19 км жерде автобус аялдамасы бар және одан кейінгі жолмен «Медвежий» сарқырамасына (биіктігі 30 м.) баруға болады.

 

Фотосуреттер интернет беттерінен алынған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button