ЖаңалықРедакция таңдауы

Ғажайып әлем: Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайы

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып көрікті жерлер ежелден саяхат пен туризм нысандарына айналған.

Біз «Қазақстанның туристік маршруты» айдарында қазақтың қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын ұлан ғайыр шексіз даласындағы әсем жерлер туралы сөз қозғасақ, «Кім? Қайда? Қашан?» айдарында еліміздегі тарихи – мәдени кешендермен әр апта сайын сіздерді таныстыратын боламыз.

Ұлттық рухымыздың бір тармағы ата-баба мұраларынан сыр шертетін, олардың қалдырған өнегесін кейінгі ұрпаққа танытатын – мұражайлар екені анық. Қазіргі таңда халықтың тарихи-мәдени мұраны көріп, ол туралы білуге деген құштарлығы күн санап артып келе жатқандығын аңғарамыз. Өткенге құрметпен қарап, бүгінгі күнді қадірлеп, келешектің қамын ойлау – көпшіліктің басты міндеті.

Айдарымыздың бүгінгі санында біз Алматы қаласында орналасқан ҚР Мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайы туралы ақпараттарды ұсынамыз.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайы – 1976 жылы Т.Г. Шевченко атындағы Қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясының және Республикалық қолданбалы өнер музейінің қоры негізінде қаланған. 1984 жылы қаңтарда музейге Қазақ КСР Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің есімі берілді.

Бүгінде Ә. Қастеев атындағы МӨМ еліміздегі бейнелеу өнері саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту ісіндегі ірі көркемсурет музейі болып табылады. Музейде Қазақстанның бейнелеу өнері, Қазақстанның қолданбалы өнері, шетел классикалық өнері, жаңа дәуірдегі шетел өнері, қорлар, көрме және экспозиция, насихаттау және экскурсиялық қызмет көрсету, ақпарат және баспа, қайта қалыпқа келтіру ісі сынды 9 ғылыми орталық жұмыс атқарады. Қазіргі таңдағы музейдің қоры өзінің көркемдік деңгейінің жоғарылығымен көптеген әлемдік жинақтардан еш қалыспайды. Музейдің аса бай қорындағы 22 500-ден астам кескіндеме, графика, сәулет және Қазақстанның, Ресейдің,  Еуропаның, Американың, Шығыс елдері халықтарының қолданбалы өнерінің баға жетпес жұмыстары музейдің негізі қорындағы туындылар болып табылады.

Музейдегі әр бөлімге жеке тоқталатын болсақ:

«Қазақстан мүсін өнері» бөлімі     – Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің жинақтамасындағы қызықты бөлімдердің бірі. Онда іргелі кәсіби мектебімен, шеберлігімен ерекшеленетін суретшілердің шығармашылығымен таныстырады. Олар – Х. Наурызбаев, И. Иткинд, Е. Мергенов, П. Усачев, Б. Төлеков, Е. Сергебаев, В. Рахманов, О. Прокофьева, М. Рапопорт, А. Есенбев, Э. Казарян және т.б. көптеген мүсіншілер.

Мүсін өнерінің негізіне сезім, дене, салмақ және форманың материалдық сапасы принципі алынған. Яғни көрермен залда жүріп-ақ, мүсінді айналдыра қарап шығып, оның барлық жағынан көре алады.

Мүсіндер – мәрмәр, қола, ағаш, шамот, күйдірілген саз балшық (терракота) және т.б. материалдардан жасалған.

Еркін, түрліше және өзіндік пластикалық тілмен жасалған мүсіндік туындылар сіздердің ойланып-толғануларыңызға мол септігін тигізеді.

«Қазақстанның сәндік – қолданбалы өнері» бөлімі – қолданбалы өнер коллекциясы көп жылдық жинау, зерттеу, сақтау қызметінің нәтижесі болып табылады. Қазақтар келесідей дәстүрлі қолөнер түрлерімен: өрнекті киіз жасаумен, тоқымамен, кесте тігумен, ши тоқумен, ағашты, металды, тері мен сүйекті көркем өңдеумен айналысқан.

Коллекция үлкен ғылыми қызығушылық тудырады және ежелгі көшпелі мәдениет қойнауында пайда болған барлық қазақ халқы үшін біртұтас материалдық, көркем және эстетикалық құндылықтар жүйесінің өміршеңдігінің көрнекі үлгісі. Әшекейлерде ою-өрнектің геометриялық, зооморфтық, жұлдызды, өсімдік және адам тәріздес сарындары қолданылған.

«Ресейлік мүсін» бөлімінен – XVIII-XX ғасырлардағы Рокотов пен Левицкийдің, Боровикоский мен Кипренскийдің, Верещагин мен Айвазовскийдің, Репин мен Крамскойдың, Саврасовтың, Шишкин мен Левитанның түпнұсқа туындыларын көруге болады. «Орыс суретшілерінің одағы», «Өнер әлемі», «Голубая роза», «Бубновый валет» жылжымалы көрме суретшілерінің және т.б. бағыттағы қылқалам шеберлерінің туындылары да бар.

«ХХ-ХХІ ғасырдағы Шетелдік мүсін» бөлімінде – Мұражай қорында кеңес өнерінің даму тарихын жүйелеуге қажетті жәдігерлер жеткілікті. Розанова мен Петров-Водкин, Фальк пен Кузнецов, Сарьян мен Таңсықбаев, Никонов пен Андроновтармен белгілі қылқалам шеберлерінің тізімі тоқтап қалмайды. Ресей мен Украинаның. Арменияның, Грузия мен Әзірбайжанның, Молдавия мен Белоруссияның, Балтық және Орта Азиядағы кеңестік республикалардың суретшілерінің туындылары бар.

Сонымен қатар, төрт ғасырлық Еуропа өнерінің бейнесін көрсететін 16-19 ғасырлардағы Италия мен Францияның, Голландия мен Фландрияның, Германияның, Англия мен Австрия суретшілерінің жұмыстарын көре аласыз. 16 ғасырдағы итальян суретшісі Камбиазоның, 17 ғасырдағы голланд суретшілері Хальстің, Бейерен мен Кейптің ғажап туындылары да осында. Рембрандтың жұмысын да осы арадан кезіктіресіз. Франс, Кіші Поурбус пен Денистің жұмыстары арқылы Фландрияның өнерін тамашалайсыз.

18 ғасырдағы француз кескіндемешілері Дюге мен Бурдонның картиналары кімді де болса еліктіріп әкетеді. Мұражай қоржынында Гудон мен Куазевоның мүсіндік туындылары да орын тапқан. Француз графиктері Каллоның, Домье мен Гаварнидің және неміс графиктері Шонгруэрдің, Дюрер мен Үлкен Кранахтың парақтары өз елдерінің өнерін айғақтайды.

Қытай, Жапония, Үндістан заттары мен дұңған, ұйғыр, корей шеберлерінің жекелеген туындылары Шығыс елдері өнерінің қоржынын толтырып тұр.

Басқа материалдар

Back to top button