Жаңалық Редакция таңдауы

Әр қазақ оқуы тиіс 5 кітап

«Кітап ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» деп бекер айтпаса керек. Әр адам кітап беттерін ашқан сайын әлемнің тылсым табиғатын ұғынып, жаңа құндылықтарды үйренеді. Кітап оқыған адамның шетте калмасы анық.

Әсіресе қазақ халқының көркем  әдеби шығармалары адамның бүкіл ой-қиялын, сыр-мінезін түгел баурайды: қуантады, сүйіндіреді, таңдантады, күйіндіреді, жылатады, күлдіреді…Қысқасы, адамның көңіл-күйінде сан түрлі құбылыстар туғызып, із қалдырады.

Біз сіздерге барлығы оқуға кеңес берген кітаптардың ішінен әрқайсысымыз оқуымыз керек Топ-5 кітапты ұсынбақпыз.

  1. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық стиль деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне биік эстетикалық талғам, көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Мұхтар Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсеткен. Қазақтың дана ұлы Абай образын, мәңгілік тұлғасын сөз өнерінде өзгеше даралықпен сомдаған.
  2. Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» – қазақтың ұлы ғалымы, ағартушысы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметіне арналған эпопея. Көп қырлы туындыда Шоқанның жарқын бейнесі ғана емес, сол замандағы қоғамдық-саяси ахуал, қазақ халқының тұрмысы мен салт-дәстүрі жан-жақты баяндалады.
  3. Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен тер» – ел, халық, оның әлеуметтік тағдыры туралы шығарма. Уақыты өзгергенімен, заманалық зәрулігі өзгермейтін туынды. Тірлік-тынысы әлдеқайда кең шығарма және жанрлық жағынан да басқаға ұқсамайды. Роман үш кітаптан тұрады: 1) Ымырт, 2) Сергелдең, 3) Күйреу.
  4. Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе» – ірі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірін, туған ортасы мен ел үшін істеген қызметін танытатын кең тынысты шығарма. Роман Тұрардың балалық шағы мен өскен ортасын, тегін, Сібірге айдалып бара жатқан әкесі Рысқұлдың өмірін, әке кегін баяндаудан басталады. Шығармаға өзек болған сюжеттер Тұрардың өсу, қалыптасу, кемелдену кезеңін көрсетіп, қиын өмірдегі күрделі тартыстардың бел ортасында жүрген Тұрардың бейнесін асқақтата түседі.
  5. Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» – қазақ сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихты көркемдік пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі, партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген шығарма. Трилогия Алмас қылыш, Жанталас, Қаһар деген бөлімдерден тұрады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button