Жаңалық «Рухани жаңғыру» аймақтарда

Марғұлан оқулары – 2022

12-13 сәуір күндері Алматыда Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ті бірлесіп «Марғұлан оқулары – 2022» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.

Ғылым күніне орай ұйымдастырылған конференцияда өткен жылы Қазақстанда және көрші мемлекеттерде жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижелері таныстырылды. Жиынға еліміздің жетекші ғалымдары мен АҚШ, Әзірбайжан, Бельгия, Италия, Ресей мамандары қашықтан қатысты. Айта кетейік, мұндай шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі.

«Өткізілген конференцияның жыл сайын жинағы шығады. Бұрын бір томға сиятын болса, соңғы жылдары 3 томға жетті. Біздің төл тарихымызға деген қызығушылықтың артуы деп білеміз. Мемлекет зерттеу ісіне қаржыны арттыруы да себеп болып отыр», – деді Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бөлім жектекшісі Ералы Ақымбек.

Конференция аясында «Қазақстанның ежелгі тарихын зерттеудегі археология мен генетика мәліметтерін интеграциялау мәселелері» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Онда археолог-мамандар мен генетиктер бірлескен зерттеулердің өзекті мәселелерін, ынтымақтастық бағыттарын, генетикалық зерттеулердің қазіргі жағдайы және Республикадағы даму перспективаларын талқылады.

1989 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Марғұлан оқулары – 2022» ғылыми конференциясының қатысушылары – барлық пәнаралық мамандар алдағы жылдары бас қосып, археология мен ежелгі тарихымызга катысты тың мәселерді шешуге келісті. Бұл шара ғылыми қауымдастықтың ақпарат алмасар, ой бөлісер, әріптестік орнатар және халықаралық ынтымақтастықты нығайтар алаңына айналғаны хақ.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button