Жаңалық Редакция таңдауы

15 сәуір - Ұлттық ғашықтар күні

Махаббат – дүйім дүниенің ең асыл, жалпақ жалғанның ең кіршіксіз сезімі болса, ұлы сезімнің шырқау шыңына көтерілген сезімге адал, сертке берік Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу шынайы махаббаттың символы іспетті.

Қазақстанда бүгін «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні. Жылдағы дәстүр бойынша ұлттық ғашықтар күні елімізде 15 сәуірде аталып өтеді.

Батыстан келген Әулие Валентин күнін емес, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күнін асыға күтетін жастар қарасы жыл санап көбейіп келеді

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күнінің тарихы

Мәңгілік махаббаттың символына айналған Қозы мен Баян күнін атап өтуді алғаш 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған болатын. Ол жастар ұйымдары, оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттық ғашықтар күнін мерекелеуге шақырды. Қоғам қайраткерінің бастамасы көптің көңілінен шыққаны рас, бірақ мерекенің нақты күні көпке дейін белгіленбей, әр өңір әртүрлі тойлай бастады. Мәселен, Таразда 15 сәуір — Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні, Семейде 11 наурыз – Баян күні, тағы бір өңір 19 мамыр –  Қозы күні аталсын деп түрлі ұсыныстар айтты.

Сондай-ақ, 15 сәуірде Грузияда да Ғашықтар күні тойланады екен.

Қозы Көрпеш — Баян Сұлу эпосы – халқымыздың інжу-маржаны, асыл қазынасы.

Бір-біріне қосыла алмаған қос ғашықтың қайғылы махаббатын жырлайды. Лиро-эпостық жыр XIII-XIV ғасырлардан бастап жырланып, XIX ғасырдың ортасы тұсында қағазға түсірілді.

Қозы мен Баян эпосы Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже ақындар арқылы ауыздан-ауызға тарап, ұрпақтан-ұрпаққа жетті. Бүгінде 20-ға жуық нұсқаның ішінен ең белгілісі – Жанақтың нұсқасы.

Махаббат жыры Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп, бел құда болуынан басталады. Екі әке серттесіп, Қозы мен Баянды қоспақ болады. Бірақ, аң аулап жүріп, ұлды болғанын естіген Сарыбай баласын көре алмай қаза болады. Уақыт өте, дүниеқоңыз Қарабай «қызымды жетім ұлға бермеймін» деп, бір кездері отарын жұттан құтқарған Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың қосылуын қаламаған Қодар айласын асырып, Қозыны өлтіреді. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Баян Сұлу өш алу үшін қулыққа басады. Ол Қодарға құдықтан су алып берсе, оған күйеуге шығатынын айтады. Қыздың сөзіне сенген Қодар оның бұрымынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, Баян бұрымын кесіп тастайды. Осылайша, Қодар түпсіз тұңғиыққа құлап өледі. Содан кейін Баян ғашығы жатқан күмбезге келіп, өз-өзіне қол жұмсайды.

Белгілі жазушы, драматург Ғабит Мүсіреповтің осы аттас пьесасы бар.  Шығарма 1939 жылы сәуір айында жазылып біткен. Баян Сұлу – Қозы Көрпеш трагедиясы алғаш рет 1940 жылдың 29 сәуірінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанды. Ал 1992 жылы Асанәлі Әшімов түсірген «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» кинокартинасы көрермендерге жол тартты.

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу кесенесі бар.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button