Жаңалық Редакция таңдауы

Марқакөл – Шығыстың інжу-маржаны

«Кім? Қайда? Қашан?» айдарының бүгінгі саны Қазақстанның ең жас қорықтарының бірі Марқакөл қорығы жайлы болмақ.

Марқакөл қорығы – Шығыс Қазақстан облысында орналасқан, бай флорасымен және фаунасымен ерекшеленетін табиғи аймақ.

Марқакөл қорығы – республикамызда ашылған алтыншы мемлекеттік қорық. Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы 1976 жылы 4-тамызда Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданы территориясында бірегей Марқакөл көлі мен оны қоршаған ландшафтын қорғау мақсатында құрылды. Қорықтың қазіргі көлемі – 75048 га,оның едәуір бөлігін (46045га) Марқакөл көлі су айдыны алып жатыр. Құрғақ жері екі бөлімге: оңтүстік-шығыс жағалауы мен Азутау жотасының солтүстік баурайы,Тополевка өзені аңғары мен Күршім жотасының су айрығы бөлігі бөлінген.  Ең биік нүктесі — 3304,5 метр (Ақсу-Бас тауы).

Марқакөл шұңқыры ландшафтысы флораға бай,жоғары өзекті өсімдіктердің 1000-дай түрі,сонымен қатар ағаштың 12 түрі мен бұтаның 22 түрі кездеседі. Мұнда Қазақстан Қызыл кітабына енгізілген,құрып кету қаупі бар және сирек кездесетін 15 өсімдік түрі – таңдамалы қылтанақ, дала және кәдімгі таушымылдық, сібір қандығы, қар дәуаяғы, ала күлте қызғалдақ, қызғылт семізот, алтай рауғашы, мақсыр маралтамыры, секпіл шолпанкебіс, сабақсыз тегістұмық, жапырақсыз орашық, альпі дифазиаструмы, алтай таутобылғысы, Фукс сүйсіні, бұйра лалагүл кездеседі. Қорықтың Алтай-Саян аймағы зәузат қорының эндемиктік түрлерін сақтауда маңызы зор (Алтай сабынкөгі, шашылған шегіргүл, алтай бәрпісі, ұқсас қазтамақ). Дәрілік өсімдіктерден аралий мен алтын тамыр кездеседі.

Жалпы Марқакөл қорығы мен оны мекендеген жануарлар әлемі ерекше қорғауға алынған. Қорықтың жануарлар әлемі алуан түрлі. Омыртқасыздардан көл мекендеушілер құрамы жақсы зерттелген. Зоопланктонның 60 түрі, макрозообентостың 136 түрі,тұщы су моллюскаларының 11 түрі белгілі. Омыртқалы жануарлардың қазіргі фаунасы негізінен тайгалы бірлестікке жатады,онда 325 түр бар.

Көлдерде балықтың 6 түрі – майқап,сібір хариусы,көлталма,теңгебалық, талма балық кездеседі. Алғашқы екі түрі Марқакөлге ғана тән, эндемик болып табылады. Бұлардың арасында едәуір танымалы – майқап, ол алтай тұрғындары арасында «ускуч»деген атпен танымал және қорық белгісі болып табылады.  Қорықта Қазақстан Қызыл кітабына енген сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар құстардың 19 түрі кездеседі.

Қазіргі Марқакөл қорығының табиғат байлығын, оның таңғажайып сұлу көрінісін қазақтың көрінекті жазушысы Ж.Аймауытов «Ақбілек» атты романында ерекше атап көрсеткен.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button