ЖаңалықРедакция таңдауы

Бурабай – Қазақстанның Швейцариясы

Тасын түртсең тарихтың қатпарлы сырлары сайрап қоя беретін Бурабай жерінің киелі екені бесенеден белгілі. Әрбір қойнауы бабалардан қалған аңыз-әңгімелерден сыр шертетін киелі өлкені қазақ даласындағы аса үлкен тарихи оқиғалар түйіскен мекен деседе болады. «Қазақстанның туристік маршруты» айдарының бүгінгі саны жер шоқтығы атанған көрікті Бурабай туралы болмақ.

Бурабай табиғаты көз тартар сұлулығымен, ауасының тазалығымен тартымды. Көкшетаудың інжуі, ғажап бір мекен. Қазақстанның солтүстігінде, Астана мен Көкшетау қалаларының арасында орналасқан тылсым сұлулыққа толы көрікті жер.

Бурабай ұлттық паркінің жалпы аумағы 83510 гектарды құрайды. Оның 47400 гектары орманды алқап. Ұлттық парк – республикалық деңгейдегі ерекше жүйе бойынша қорғалатын табиғи орындардың қатарына жататын мемлекеттік мекеме болып табылады. Және ҚР Президентігің іс басқармасы қарауында. Бұл жерде өсімдіктің 757 түрі кездеседі. Оның 12 түрі Қызыл Кітапқа енген. Жайқалған ағаштардың 65%-ын қарағай, 31%-ын қайың, 3%-ын көктерек, 1%-ын бұталы өсімдіктер құрайды.

Бурабай көлдеріне Бурабай, Шортанды, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Қотыркөл жатады. Сонымен қатар, Сары-арқаның, Көкшетау тауларының аралығында бір-біріне жақын орналасқан ұсақ көлдер тобы бар. Олар суының тазалығымен ерекшеленеді.

Тұмса табиғаттың шебер үйлестіруімен айнадай болып алыстан көзге түсетін бұл жердің кезінде Әулиекөл атанғанын біреу білсе, біреу білмес.

Әулиекөл (Бурабай көлі) жағасында орналасқан Оқжетпес тауы Бурабайдағы ең танымал жерлердің бірі. Биіктігі 300 метрдей ғана болса да, ол – оқ жетпейтіндей алып, әрі Әулиекөлдің сәні.

Әулиекөлдің (Бурабай көлі) сол жақ жағалауында, Көшетау және Теміртау сілемдерінің ортасында шығанақ орналасқан. Шығанақтың дәл ортасында – желге мүжілген гранит қабаттарының үймесінен тұратын тас арал. Бұл тас – Жұмбақтас. «Жұмбақтасты» бір қырынан қарасаң – бұрымды жас қызға балайсың, екінші қырынан қарасаң – орамал тартқан келіншекке балайсың, үшінші қырынан қарасаң – бетіне әжім түскен кемпірге балап таңқаласың.

 

Басқа материалдар

Back to top button