Жаңалық Редакция таңдауы

Мың айдан да қайырлы – Қадір түні

Күндердің қайырлысы - жұма болса, түндердің қайырлысы - Қадір түні. Сәуірдің 27-нен 28-не қараған түні Ораза айының соңғы он күнінің бірінде атап өтілетін - Қадір түні.

Хадистерде Қадір түнін Рамазан айының соңғы он күнінде, тақ санда іздеу керектігі айтылған. Көпшілік ғалымдардың ортақ пікірінше, оны Рамазан айының жиырма жетінші түні болып есептеледі.

Ибн Кәсир «қадір» сөзінің төмендегі үш мағынасын атап өткен:

1) «Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Осыған байланысты Қадір түні дегенде Алланың тағдырды үкім ететін түні екендігін білуге болады. Бұл жердегі тағдыр ұғымы, әуелгі тағдырдың паш етілуі болатын. Өйткені Құран Кәрімде: «Сол түні (Алланың) хикметімен тағдырға жазылған әрбір іс нақтыланатын болады», – деп бұйырылған («Дұхан» сүресі, 4-аят). Қатада: «Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады», – деді («Тафсир Табари», 25/65).

2) «Қадір» сөзі «абырой, бедел» мағынасын береді. Яғни Қадір түні – ұлық және аса қадірлі түн дегенді білдіреді. Мұндай жоғары дәрежеге лайық болуының себебі, бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы болмақ. Бұл жайында Құранда: «Қадір түні мың айдан артық (қайырлы)», – деп баяндалады («Қадір» сүресі, 3-аят).

3) «Қадір» сөзі «сығылысу» мағынасын береді. Ғалымдар «қадір» сөзі «тарылу» мағынасын да білдіреді деген. Өйткені бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскеннен соң, жердің тарлығынан сығылысады. Бұл жайлы Құранда: «Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының рұқсатымен әртүрлі іс атқару үшін лек-легімен түскен үстіне түсе береді», – деп баяндалады («Қадір» сүресі, 4-аят). Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, «сығылысудағы» мақсат «үлкен қайырлы істердің жүзеге асуы және Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хира үңгірінде Жәбірәйіл періште алғашқы уахи түсіргенде, Пайғамбарымыздың жаны сығылғаны белгілі. Негізінде Қадір сөзі осы үш мағынаны да қамтиды.

Бұл түні жасалуы тиіс істердің қатарына намаз оқу, Құран оқу, өткен күнәларды енді жасамасқа тәубе етіп, кешірім тілеу, жалбарынып тілек тілеу жатады. Қаза (оқымаған, қалып қойған) намазы бар адам шамасына қарап сол қарыз намаздарын оқығаны дұрыс. Қарызы болмаған жағдайда қалағанынша нәпіл намаздарды оқи алады. Сонымен қатар бұл түні көбірек дұға-тілек айту керек. Ғалымдардан Суфиян Сәури (Алла оны рақымына алсын): «Қадір түні тілек тілеп, кешірім тілеу намаздан ұнамды. Құран оқып, артынан тілек тілеу – ең жарасымдысы», – деген.

 

Ақпарат Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтынан алынды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button