Жаңалық Редакция таңдауы

Құпияға толы мекен - Барсакелмес

Құпия-сыры мол, түрлі аңыз-әңгімелерге арқау болған жер – Барсакелмес аралы. Бабаларымыздың аралға Барсакелмес атауын қандай түсінікпен бергенін біз әрине білмейміз. Ал тарихқа жүгінсек теңіздің таңертеңгі және кешкі тынық мезгілінде жағалаудан жақсы көрініп тұрса да, Барсакелмес аралы көп жолдар бойы зерттелмегендіктен ғылымда белгісіз болып келген.

Аралды ғылыми түрде бұдан 174 жыл бұрын 1848 жылдың тамыз айында лейтенант Алексей Иранович Бутаков басқарған экпедиция ашқан көрінеді. Сөйтіп, орыс патшасы Николайға «сыйлаған» Барсакелместің табиғатын тұңғыш суретке салған Тарас Шевченко, айдаудағы ақынның акварель мен қаламмен салған суреті қазір Киевте сақтаулы.

Барсакелмес аралы неліктен бұлай аталғаны жөнінде бірнеше аңыздар бар, соның біріне тоқталсақ: бұрынғы заманда жау жан-жақтан қысқан бір тайпа көсемдерінің шешімімен теңіз ортасындағы аралға бас сауғалау үшін көшіп баруды жөн санайды. Олар су бетіне мұз қатқан уақытты тосып тұрғанда, көсемнің көзіне ақсақал көрініп, ол аралдың ешқандай қауіпсіз екенін, егер аң-құсына тимей өмір сүрсе, мал-жандары аман болып, бақытты ғұмыр кешетіндерін айтып, көзден ғайып болады. Шынында да, олар уақыт өте, малдары көбейіп, жауларынан құтылып, мамыражай күйге бөленеді.

Адам қиын сәтін, күні күліп шыққан мезетте-ақ ұмытып кетеді емес пе? Әбден тәтті өмірдің дәмін сезіп алған олар, аралдың ағаштарын кесіп, жануарларын өлтіріп, бейберекет тірліктер жасай бастайды. Міне, осы сәтте олардың барлығын ордалы жылан келіп, жұтып кетіпті-мыс. Бұл оқиғадан соң, арал адам атаулыға қас боп алыпты дейді. Әрине, бұл көптің аузында жүрген аңыз ғана.

Сол секілді мұнда балықшылар келіп, өз жолдастарын ұшты-күйлі жоғалтып алған деген әңгімелер де бар. Қайықпен теңізді шарлаған балықшылар әлдері құрып, аралға тынығуға тоқтайды. Осы кезде аппақ тұман пайда болып, балықшыларды қызықтыра кетеді. Жүрек жұтқандары қызық көріп, тұманға бойлап кеткеннен шықпай қояды. Қалғандары аң-таң. Әрлі-берлі іздеп, аттарын атап шақырғанмен ешқандай із, дыбыс жоқ. Балықшылар ұзақ уақыт бойы жағалауда жолдастарын тосады. Тұман тарағанда да кірген қос адам табылмай, ізім-ғайым жоғалып кетіпті.

Аралдың тағы бір жұмбағы – мұнда уақыт ағымы басқа жерден өзгеше дейді мыс. 1930-шы жылдарда аралға жіберілген топографиялық экспедиция үш айдай із-түзсіз жоғалып кетеді. Мамандарды іздеуге арнайы адамдар жіберілгенмен, еш нәтиже болмайды. Содан бір күні жоғалған экспедиция аман-сау өздері келеді. Олардың айтуынша, оқиға былай болыпты. Топографтар аралдың терістік жағындағы  адамдар онша бара бермейтін аумақты картаға түсірмек болады. Палаткаларын алып шыққан олар үш күн бойы сол аумақты картаға түсіреді. Ал бұл кезде басқа аумақта үш ай өткен.

1983 жылы шағын топ аралда серуендеп жүріп ақ тұманды көреді. Олар тұманға кіріп, жиырма минуттай ғана болған. Ал тұманнан шыққанда арада бір жарым тәуліктей уақыт өткені белгілі болады. Жолдастарын жоғалтқан топтың басқа мүшелері бұл уақытта аралды кезіп, жолдастарын іздеген.

Барсакелмес аралы осы ғасырдың басында Арал теңізінің суы толығуына байланысты өзгерістерге ұшырап, арал болудан қалды.  Десек те, тұзды тақырдың ортасында болған жұмбақ жайлардың беті әлі ашылмаған.

 

Фотосуреттер ғаламтор беттерінен алынды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button