Жаңалық Редакция таңдауы

Тақия – жыл тренді

Қазақ халқының қазынасы, ұлттық мұрасының бірі ол – тарихы тереңде жатқан қолөнері. Ата-бабамыз сонау ерте заманда-ақ оюлап кескіндеу, былғарымен жұмыс істеу, қолөнер туындыларын жасауда күрделі әдістерді жақсы меңгерген.

Қазақ қолөнер шеберлерінің орындаған өнер туындылары, адам өміріне керекті тұрмыс­тық және шаруашылық құрал-жабдықтары экологиялық тазалық жағынан әлемде теңдес­сіз болды. Теңдессіз дейтініміз, қолөнер ше­бер­­лері жасаған дүниелердің талғамға сай жасалуын, оның ұзақ қолданыста болуын, эс­тетикалық әсемдігін ешбіреумен салыстыруға болмайды.

Қазір ұлттық киімдерді заманауи стильде кию − трендте. Әсіресе, қазақы нақыштағы сәнге жастардың қызығушылығы жоғары.

Халық киімдерінің ең мәнерлісі – әйелдің бас киімдері. Соның ішінде тақияның орны ерекше, оны күнделікті тұрмыста киген. Тақия – қазақта ерлердің ғана емес қыздардың да жеңіл бас киімі саналады. Тақияның түрлері көп: биік төбелі, тегіс төбелі және үшкір төбелі тақия. Ол барқыттан, қамқадан тігіледі.

Қыз балалар киетін тақия теңге, моншақпен әсемделеді. Ал ерлердің тақиясы оюланып, «мүйіз», «ат ерін», «шырмауық» сияқты өрнектермен кестеленеді.

Қазақ қыздары үкілі тақияны үш жасынан бастап киген. Бес жасқа толғанда шашын өріп, шолпы таққан. Ал бойжеткен соң кәмшат бөрік киген.

Қазір иллюстраторлардың еңбегінде тақиялы қыздар жиі бейнеленген соң көпшіліктің көзі үйрене бастады. Бұрын тақия киіп жүрген қыздарға көпшілік  біртүрлі қарайтын. Ал қазір трендтегі стиль, мода саналады. Тіпті шолпы тағудың өзі жастардың арасында сәнге айналды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button