ЖаңалықРедакция таңдауы

«Түркістан уәлаяты газетінің» бірінші саны қашан жарық көрді?

Бүгін қазақ баспасөзінің тұңғыш қарлығашы «Түркістан уәлаяты газетінің» шыққанына тұп-тура 152 жыл толды.

«Түркістан уәлаятының газеті» – 1870 жылы Ташкент қаласында «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша басылым ретінде тұңғыш қазақ тілінде шыққан аударма газет. Басылымның басты ерекшелігі газет тек қазақ тілінде емес, жалпы Ресей империясының қол астындағы барша түркі халықтары тілінде шыққан, алғашқы мерзімді басылым болды. Газет айына төрт рет шығарылып отырды, бастапқы екі басылымы қазақ тілінде жарық көрсе, ендігі екі басылымы өзбек тілінде шығарылып отырды. «Түркістан уәлаятының газетінің» алғашқы редакторы шығыстанушы Ш.М. Ибрагимов болды.

«Түркістан уәлаяты газетінің» алғаш мерзімді баспасөз болып құрылғандағы негізгі мақсаты – патшаның үкімдері мен бұйрықтарын жергілікті халыққа түсіндіру әрі саяси қуатын осы өлкеде арттыру міндетінде зерттеу мақалаларын жариялап тұру еді. Жалпы алғанда газеттің ресми бөліміндегі мақалаларды екі топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші топ – саяси бағытта жазылған мақалалар. Оның ішінде ел ішінде болып жатқан саяси жағдайлар, елдің мәселесі, жердің дауы, тарихи мақалалар, сонымен қатар патшалық Ресейдің сыртқы саясаты, сыртта жүргізіп жатқан саяси күресері туралы мақалар жарияланып тұрды.

Ресми бөлімнің екінші тармағы патшаның үкімдері мен генерал-губернатордың жергілікті халыққа, шаруашылыққа арнап шығарылған бұйрықтарынан тұрды.

«Түркістан уәлаяты газетінің» неше санмен шығарылып тұрғандығы туралы нақты деректер көрсетілмеген. Тек 1877 жылғы газет бетіне жарияланған сандарға көз жүгіртсек, сол жылы газеттің өзбек тіліндегісін төрт жүз қырық адам, қазақ тіліндегісін екі жүз қырық адам жаздырып алып оқыған екен. Қарап отырсақ сол кездегі халық санымен салыстырғанда бұл өте төмен көрсеткіш. Сонда да оған дейінгі елдегі білім деңгейін алып қарайтын болсақ, осылай болуы тіпті де міндетті еді. Себебі бұрын ондай мүмкіндік болмаған. Тағы да бір ескере кететін жағдай, сол кездегі қазақтар біреуі жазылып алатын болса, оны бүкіл ауыл болып бір ғана газеттен оқитын болған. Газет қашан тозғанша қойшылар бір-біріне беріп оқып жүрген.

«Түркістан уәлаяты газетінің» қазақша шығарылымы 1883 жылы Түркістан генерал-губернаторының бұйрығымен тоқтатылды. Сол уақыттан кейін басылым аптасына жеті рет өзбек тілінде шығып тұратын газетке айналды. Кейінірек 1885 жылы «Түркістан уәлаяты газетіне» тағы да өзгерістер енгізіліп ендігі жерде газет орысша және өзбекше шығарылатын болды. Жалпы алғанда газеттің ғұмыры қырық жеті жылға созылды. Газеттің соңғы шығарылымы 1918 жылы шықты. Айта кететін жағдай, газеттің қазақша бөлімі жұмысын 1883 жылы тоқтатты дегенмен, баспасөз бетіне басылатын қазақша мақалалар онымен тоқталып қалған жоқ. Қазақша бөлім жабылғаннан кейін де қазақтың сол кездегі қаймақтары интеллегенция өкілдері Орынбор, Сібір кадет корпустарында білім алған азаматтар мақалаларын газет бетіне жариялап тұрды. Осылайша «Түркістан уалаяты» газеті өз жұмысын тоқтатқанға дейін қазақ жерінде оқырмандарын жоғалтқан жоқ.

Дереккөз: el.kz сайты

Басқа материалдар

Back to top button