Жаңалық Редакция таңдауы

Мұңға толы мемориалды кешен

«Кім? Қайда? Қашан?» айдарының бүгінгі саны халық арасында «Алжир» деп аталып кеткен әйелдер лагерінің мемориалды кешені жайлы болмақ.

Нұр-Сұлтан қаласынан 40 шақырым жерде «Алжир» – «Отанды сатқындар әйелдерінің Ақмола лагері» атты саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды кешені бар. Ол 2007 жылы 31 мамырда Н.Ә. Назарбаевтың қолдауымен ашылды.

Дәл осы жерде бұрынғы Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен 1937-1939 жылдар аралығында қуғын-сүргінге ұшыраған кінәсіз әйелдер мен балаларды тұтқында ұстаған. Мұнда 18 мың тағдырдың естелігі сақталған, олардың көпшілігі сол кездегі әйгілі тұлғалардың әпкелері, жұбайлары және аналары. Лагерьге түскеннен кейін әйелдер бәрінен айырылып, барлығы бірдей «халық жауы» атағын алды.

Бүгінгі «Алжир» – бұл еңбек лагерлерінің барлық қиындықтарын басынан өткерген әйелдердің өшпес армандары мен сынған тағдырлары мәңгі көмілген жер.

Кешен бірнеше мұражайлық нысандардан тұрады. Ең бірінші көзге түсетін саяси жер аударылған «халық жауларын» таситын «Сталиндік вагон», немесе оны басқаша «Қызылша» деп атаған.

«Қасірет қақпасы» монументі – киелі жерге кірудің нышаны іспеттес, бұл жерде екі дүние – тірілер мен бақи болғандар кездесетіндей. Монумент қайтыс болған күйеуі мен жоғалтып алған балаларын қайғырған әйелді бейнелейді. Қақпадан өтіп бара жатып бас ию қажет, бұл – қуғын-сүргін жылдары мерт болған адамдарға жасалған тағзым!

Ескерткіш белгілер – лагерде отырған 62 ұлттың тұтқын-әйелдеріне деген естелікті мәңгі сақтау үшін Қазақстан Республикасындағы шетел мемлекеттерінің елшіліктері мұражай аумағында құлыптастар орнатқан.

«Түңілу мен әлсіздік» композициясы шарасыздықты, бостандыққа шығуға сенімсіздіктің, сондықтан да мойынұсынғандық пен әлсіздікті бейнелейді.

«Күрес пен үміт» композициясы тұтқыннан құтылу үміті мен ниетінен поэзияға, еркіндікке бет бұрған әйел бейнесінде сомдалған. 

«Көз жасы» стеласы. Стела лагер тозағын көргендерге арналған. Онда бұрынғы КСРО территориясында орын тепкен ГУЛАГ-тың картасы бейнеленген. Сондай-ақ, Қазақстанның аумағында орналасқан Карлагқа бағынышты 11 лагердің атауы жазылған. Тікенекті сымның аржағындағы әйелдер мен балалардың қасіретті тағдыры көрініс тапқан.

«Барак» – «антикеңестік әрекеттерге баратын әлеуметтік қауіпті» деп танылған тұтқын әйелдер тұрған үй.

«АЛЖИР» тұтқындарын балаларынан айыру» диорамасы баракта көрсетілген.

Мұражай ғимараты кесілген конус пішіндес. Бұл құпиясы мен сыры мол қобдиша, қайғы сақтау орны іспеттес. Ғимараттың терезесі жоқ, бірақ жарық экспонаттарға жоғарғы жақтан түсіп тұрады және құпия біртіндеп ашылады дегенді меңзейді. Мұражайға кіру тоннельден басталады. Тоннель мен оның қабырғасында салынған суреттер халықтың қуғын-сүргін жылдарындағы қиын-қыстау тағдырын көрсетеді. Тоннельде тоталитаризм дәуіріндегі жер аудару вагондары мен арбалардағы қуғынға ұшыраған адамдар, ату жазасына кесілгендер бейнелері кескінделген.

Мұражай экспозициялары екі қабатқа қойылған. «Алаш» залының экспозициялары Қазақстанның Ресейдің патшалық империясы құрамына кірген кезден бастап Кеңестік кезеңді, 1937 жылдың жаппай қуғын-сүргінін көрсетеді.

«Алжир» залы ақмолалық лагердің тарихына арналған.

Жер аудару экспозициясы бір тұтас халықтарға жүргізілген жаппай саяси қуғын-сүргін саясатын көрсетеді. Қазақстанға 1,3 млн аса адам мәжбүрлеп аударылды. Қазақстанға жер аударуға немістер, түріктер, корейлер, поляктар, шешендер, қырым татарлары ұшырады. Адамдар Қазақстанға мәжбүрлеп әкелінгенімен, олардың көпшілігі оны екінші отаным деп есептеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button