ЖаңалықРедакция таңдауы

«Қазақтың Жезкиігі» туралы фильм жарыққа шықты

Қарағанды облысы Жезқазған қаласының Халықтар достығы мен мәдениет үйінде «Қазақтың Жезкиігі» атанған, елімізге белгілі композитор Жақсыкелді Сейіловтің балалық әрі бозбала шағын арқау еткен Кенжебай Ахметовтің «Неге солай?..» көркем фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті.

Жақсыкелді Сейілов әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.

Қазақ руханиятына өшпес із қалдырған Жақсыкелді Сейіловтің мұрасы мен баға жетпес әндері жайлы түсірілген бұл фильм көрермен үшін үлкен олжа болды. Сонымен қатар, фильмде өткен ғасырдағы 60-70 жылдардағы қазақ даласының тұмса табиғаты мен ақсақалдар, әжелер мен аналар һәм әкелердің тұнып жатқан қалыбы ерекше суреттелген.

Фильм «Ана туралы баллада» секілді композитор әндерімен әрленуімен әсерлі шыққан.

Алғашқы көрсетілімге келген Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров режиссер Кенжебай Ахметовке: «Ұлытау өңірінің ғана емес, жалпы қазақ елінің мақтанышы Жақсыкелді Сейілов туралы фильмді осымен тоқтатып тастамай, әрі қарай жалғастырсаңыз» деген ниетін білдіріп, ол үшін қолдау көрсететінін айтты.

Қаланың зиялы қауым өкілдері, Жақсыкелді Сейіловтің көзін көріп, әріптес болған замандастары өз ризашылықтарын білдірді.

Айта кету керек, рөлдерде ойнаған кәсіби әртістерден гөрі, қарапайым адамдар көп болды. Рөлдерін шебер алып шыққан олардың өнеріне көрермен тәнті болды.

Кеш қонақтары Жақсыкелді Сейіловтің жары Зейнеп, туған бауыры Бақтыкелді, баласы Жанбота Сейіловтер де шығармашылық ұжымға алғыстарын білдіріп, фильмнің жалғасқанын қалайтынын жеткізді.

 

Басқа материалдар

Back to top button