Жаңалық Редакция таңдауы

Сән әлемі Әулие ата төрінде

Тараз қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ІІ Ұлттық «нео-фольклор» стиліндегі киім дизайнерлерінің байқауы басталды.

Байқаудың мақсаты – жастар арасында ұлттық киім үлгілерін заманауи талапқа сай қайта қалыптастыру, ұлттық нақыштағы  құндылықтарымызды  дәріптеу,  қолөнер және  өзге де дизайнерлік бұйымдарды  қайта жаңғыртып, әлем назарына ұсыну.

Байқау Қазақстандық қоғамдық даму институты, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткізілуде. Сән индустриясы саласындағы жас таланттарды анықтау және насихаттау мақсатындағы байқауға «Киім дизайны» мен «Тігін өндірісі және киім үлгілеу» мамандықтары бойынша қазақстандық колледждердің студенттері қатысуда.

«Нео-фольклор» – бұл  ұлттық киім мен сән үлгісінің  заманауи үлгімен ұштасқан, сәтті толықтырылған жаңа  бағыты.  Сондай-ақ , қазақ ұлттық киім элементтерін, ою-өрнектерді заман талабына сай жаңғыртқан, жаңаша мазмұндағы ерекше сипат алған  стиль түрі.

Байқаудың өтуіне ұйытқы болып жүрген – белгілі дизайнер Айдархан Қалиев.

Айдархан Қалиев – қазақ сән әлемінде жаңашылдықтың жарқын үлгісін  халыққа көрсетіп, әлемге әйгі етіп жүрген дизайнер. 20 жылдан астам қазақтың ұлттық киімінің көне, дәстүрлі тәжірибесімен сусындаған ол «Нео-фольклор» этникалық стилінің  негізін салушы ғана емес, сонымен қатар заманауи сәндегі ұлттық брендтің тұрақты таныстырушысы.

Айдархан Қалиев сән индустриясының кәсіпқойлары арасында  беделді, «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығының негізін қалаушы және президенті. Сондай-ақ еңбек пен табандылықтың, талант пен табанды ізденіс нәтижесінде пайда болған «Асыл-Дизайн» сән үйінің бас дизайнері. Тараз қаласындағы «Аспара»  және бизнес колледжінің негізін қалаушы, техника ғылымдарының кандидаты, өнертану кафедрасының доценті, Қытай киім және тоқыма өндірушілері қауымдастығының мүшесі ,  80-нен астам сән және маусымдық топтамалардың авторы. Ол Қазақстандағы «нео-фольклор» стилінің негізін салушы ретінде  көпке танымал дизайнер.

Айдархан Қалиев бұл бағытта ғасырлар бойы қалыптасқан бірегей қазақы нақыштар мен дәстүрлі киім үлгісін  қазіргі сән үлгісінде жаңғыртты. Сонымен қатар, Айдархан Қалиев – Орталық Азиядан әлемдік сән үрдісінің жалғыз және тұрақты қатысушысы, ол соңғы уақытта әртүрлі сән апталықтарын кәсіби ұйымдастырушыға айналды. Италия, Германия, Франция, Сербия, Түркия, Үндістан, Марокко, Қытай, Швеция, Ресей , Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия т.б.елдерге барып ұлттық құндылықтарымызды таныстырды.

«Қазіргі киім дизайнерлері Ұлы дала көшпенділері екенін, солардың  ұрпағы екенімізді мақтан тұтуымыз және  өз халқымыздың салт-дәстүрін, тарихын білуіміз керек» – дейді Айдархан Қалиев.

ASPARA FASHION WEEK халықаралық сән апталығында түрлі елдердің дизайнерлері мен сарапшылары бір-бірімен шеберлік пен тәжірибе алмасып, әр елдің мәдениеттерімен танысады, бүкіл әлемнің сән әлемін көруге мүмкіндік алады.

ASPARA FASHION WEEK  халықаралық сән апталығы 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қазақстанның оңтүстік өңірінде алғаш рет Еуропалық дизайнерлер мен Орталық Азияның  дарынды дизайнерлерін бір жерге топтастырған  халықаралық сән көрсетілімдері ұйымдастырылды.

Сән апталығының бірінші күні «Сән әлемі Әулие ата төрінде» «Нео-фольклор» стиліндегі киім топтамаларының халықаралық киім көрмесі өтті.

Сондай-ақ, Туризм басқармасының конференц-залында өткен Баспасөз конференциясында Айдархан Қалиев ASPARA FASHION WEEK сән апталығы өткен екі жыл әлемдік пандемияға байланысты онлайн форматта өткенін айтты. Және де әлем бойынша алғаш рет онлайн өткен сән апталығы екен.

Байқау және «ASPARA FASHION WEEK» Халықаралық сән апталығы алаңының қызметі жас дизайнерлерді қолдауға, Қазақстанның сән индустриясын жандандыруға және дамытуға, сән әлемінде халықаралық деңгейде ынтымақтастыққа қол жеткізуге бағытталған.

«Нео-фольклор» стиліндегі киім дизайнерлерінің ІІ Ұлттық байқауы қазіргі жастардың халықтық дәстүрлерді меңгеруіне және мәдениеттің ортақ қазынасына үлес қосуына және этникалық костюм тек сахнада немесе сән көрсетілімдерінде ғана емес, күнделікті өмірде киетін киім үлгісіне айналуына ықпал ету.

Сонымен қатар, байқау барысында сән индустриясының танымал қазақстандық және шетелдік сарапшыларымен шеберлік сабақтары өтеді.

Олардың қатарында Раф Сардаров (Мәскеу, Ресей); Салиев Сұлтан (Қазан қ., Татарстан); Тамара Штрошерер (Штутгарт, Германия); Татьяна Воротникова (Бішкек, Қырғызстан); Sensemilia Liticia Sumter (Амстердам, Голландия); Лола Сайфи (Ташкент, Өзбекстан) бар.

Қазақстани колледждер арасында өтетін неофольклор стиліндегі киім дизайнерлерінің ІІ Ұлттық байқауына Қазақстанның 25 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымынан, 7 облыстан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан 45 үміткер қатысуда.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button