Жаңалық Редакция таңдауы

Europa Press: «Астана Операдағы» әрбір оқиға – бұл театр жылнамасындағы дербес жарқын парақтар»

Әлемдік танымал бұқаралық ақпарат құралдары «Астана Операның» оныншы мерейтойлық маусымы туралы әлемнің 40 тілінде жаңалық таратты. Астана Опера тарихындағы маңызды оқиғаны АҚШ, Канада, Жапония, Қытай, Корея, Италия, Испания, Үндістан, Германия, Австралия, Бразилия және басқа да көптеген елдердің бұқаралық ақпарат құралдары қызу талқылады.

Ірі халықаралық ақпарат агенттігі Ассошиэйтед Пресс былай деп хабарлады: «Қазақстандық «Астана Опера» алғашқылардың бірі болып 2022-2023 жылдардағы маусымның басталуы туралы мәлімдеді. Салтанатты ашылу 9 қыркүйекке жоспарланған, көпшілікке әлемдік жұлдыздардың қатысуымен Гала-опера ұсынылады. Дирижер тұғырында – атақты маэстро, «Астана Операның» бас дирижері Алан Бөрібаев», – делінген мақалада.

Айта кетейік, былтыр маусымның ашылуы туралы жариялаған театрлар арасында миландық Ла Скала көшбасшы болған еді.

Жапонияның 88 миллион аудиториясы бар танымал CNET жаңалықтар сайты театр директоры Ғалым Ахмедьяровтың пікірінен дәйексөз келтірді: «Гала-опера кәрістің белгілі опера әншісі, «Грэмми» сыйлығының лауреаты Суми Чоның қатысуымен өтеді, сондай-ақ ұжым бірқатар айтулы премьералар ұсынады. Біз көпшіліктің назарына С.Прокофьевтің музыкасына неміс хореографы Раймондо Ребектің «Күлше қыз» балетінің жаңа заманауи қойылымын дайындадық. Сондай-ақ маусымның басында Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман – Мамыр» ұлттық операсының премьерасы күтілуде. Бұдан бөлек, репертуарды жуырда ғана толықтырған керемет балет Иржи Килианның «Алты биі» афишаның сәнін келтіреді. Барлық спектакльдер жоғары деңгейде ұсынылған және Қазақстанда сұранысқа ие».

«Астана Операның» айтулы жетістіктерін India Today беделді үнді журналы атап өтті: «Театрда түрлі бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде: театрдың Қамқоршылық кеңесінің қолдауымен Astana Opera Халықаралық опера академиясы құрылды. Академия қазақстандық театрлар үшін ғана емес, шетел театрлары үшін де жас мамандар даярлауда. Сондай-ақ «Астана Операда» балалар театр студиясы жұмыс істейді, ол хор және балет секілді екі бөлімді, сондай-ақ театрлық қолөнерді үйрететін студияны қамтиды. Камералық залда бірнеше жыл бұрын опера-буффа жауһарлары шырқалатын Piccolo театры перспективалық жобасы іске қосылды. Балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова репертуарды Р.Петидің «Париж Құдай анасының соборы», К.Макмилланның «Манон» секілді басқа да әйгілі спектакльдермен толықтырды».

Europa Press испан газетінің журналистері «Астана Операдағы» әрбір оқиға – бұл театр жылнамасындағы дербес жарқын парақтар екенін айтты, «соның бірі ауқымды гастроль – бес мемлекет: АҚШ, Канада, Франция, Бельгия, Голландияға әлемдік турне. Труппа бір емес, бірнеше рет Италия, Испания, Қытай, Оманға және басқа да елдерге гастрольмен барып, өнер көрсетті. Театр Қазақстандағы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінде таныстырған жарқын қойылымдар көпшіліктің есінде қалды, көрме аясында «Астана Операда» Пласидо Домингоның «Опералия» ХХV Халықаралық вокалистер байқауы өткен болатын. 1200 музыканттың орындауындағы Малердің №8 симфониясының қазақстандық премьерасы жұртшылыққа зор әсер сыйлады. Аталған концерттің жазбасы биыл «Меццо» телеарнасында көрсетілді», – деп атап өтті испан газеті.

Барлық шетелдік БАҚ «Астана Операны» туристерге, сондай-ақ әлемдік ынтымақтастыққа ашық ел Қазақстанда осы жылдары орын алған аса ірі жағымды өзгерістерді көрсететін әрі жаңа елорда дегенде бірден ойға оралатын жаһандық жобаға теңегенін атап өткен жөн.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button