ЖаңалықРедакция таңдауы

Саясаттанушылар референдумды қолдап, оны тарихи маңызды оқиға деп атады

Қазақстандық қоғамдық даму институты алаңында «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті. Саясаттанушылар, сондай-ақ ҚҚДИ сарапшылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 маусымда Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізу туралы шешімін қолдады.

Саясаттанушы, «Amanat» партиясы қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ахмеди 5 маусым – Екінші Республиканың туған күні деп атады:

«Қазақстан халқы тікелей демократия институты арқылы жаңа Республиканың іргетасын қалайды. Мемлекет басшысы айтқандай: «түзетулер «суперпрезиденттік» басқару формасынан ықпалды Парламенті мен есеп беретін үкіметі бар президенттік республикаға түпкілікті көшуді бекітуге арналған».

Өз кезегінде саясаттанушы Жұлдызай Ысқақова қаңтардағы оқиғалар еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса қажетті өзгерістердің катализаторы болды деп есептейді:

«Қазақстандағы Референдум – сәнге немесе үрдіске құрмет емес. Жедел трансформацияның қазіргі жағдайындағы ұсынылған түзетулер бойынша шешуші сөзді халық айтуы керек. Мен бұл туралы бірнеше рет айттым. Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі бұл бетбұрыс қазіргі Парламенттің емес, халықтың арқасында болды. Егер қаңтар оқиғалары болмаса,біз мұндай өзгерістерден қорқып, ұзақ уақыт жүрер едік. Бірақ, басталған процесті ескере отырып, бүгінгі күні біз үшін халықтың ерік-жігерінің қалыптасуы сана мен түсіну сияқты факторлардың әсерінен болатынын түсіну маңызды», – деп қорытындылады саясаттанушы.

«ҚҚДИ» КеАҚ орталығының стратегиялық талдау тобының жетекшісі Ләззат Нұрқатова Президент конституциялық реформалар аясында әкімдер мен мәслихаттар саяси және экономикалық тәуелсіздікке ие болып, Мемлекет басшысы мен орталық мемлекеттік органдардың ықпал ету дәрежесі азайған жағдайда олардың өкілеттіктері кеңейетінін бірнеше рет атап өтті:

«Президенттің биылғы наурыз айының басында қол қойылған «әкімдердің халықпен кездесуін өткізу туралы» Жарлығы естеріңізде шығар. Қоғамды одан әрі демократияландыру, халықты елімізде жүргізіліп жатқан реформалардан хабардар ету мақсатында қазірдің өзінде барлық деңгейдегі әкімдер халықпен кездесулер өткізіп, әлеуметтік мәселелерге баса назар аударып, түйткілді мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндіре бастады».

«Конституцияға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, облыс әкімдері жанама сайлау арқылы сайланады. Яғни, мәслихат депутаттарының дауыс беруімен бір облыстан кемінде екі кандидат ұсынылып, бекітіледі. Мен референдум арқылы халықтың пікірімен санасуды дұрыс деп санаймын. Өйткені халықпен ақылдасып, әрбір азаматтың пікірімен санасу – демократияның бір белгісі», – деді өз сөзінде саясаттанушы Бауыржан Серікбаев.

ҚҚДИ сарапшысы Аян Сакошев референдум өткізуді қолдап, елімізде құқықтық тәртіп пен құқықтық сананы қалыптастыру және дамыту үшін бүкілхалықтық талқылау қажет екенін атап өтті:

«Референдум аясында әрбір азаматтың Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардан толық хабардар болуы үшін ауқымды ақпараттық науқан ұйымдастырылады. Әрбір қазақстандық өз құқықтары мен заңдарын білуі қажет, бәрі де еліміздің басты құжатын білуден басталады. Конституцияға енгізілген өзгерістермен танысқыңыз келсе, Конституциялық Кеңестің сайтына кіріп, тиісті ақпаратты ала аласыз».

 

Басқа материалдар

Back to top button