Жаңалық Редакция таңдауы

Киелі Домбауыл ескерткіші жайлы білесіз бе?

«Кім? Қайда? Қашан?» айдарының бүгінгі саны Жезқазған қаласынан 54 шақырым қашықтықта орналасқан оғыз-қыпшақ заманында салынған айрықша ескерткіш Домбауыл кесенесі жайлы болмақ.

Домбауыл кесенесі, көптеген ғалымдардың ортақ пікірінше, Орталық Қазақстандағы ең көне сәулет ескерткіштерінің бірі. Сонымен де ерекшеленеді. Бірқатар деректерге сүйенсек, бұл кесене, тіпті, ғұндар заманында тұрғызылған. Сонау ерте заманда ғибадатхана ретінде пайдаланылған көрінеді. Кесене Қаракеңгір өзенінің сол жағалауында орналасқан. Ғимараты биіктігі бес метрден асатын шошақ пішінді төртбұрышты негізге қойылған, тас плиталарынан құрылған. Астыңғы қабаты шаршы пішіндес, үстіне киіз үй тәріздес күмбез салынған. Есігі сопақшалау етіліп, оңтүстік-шығыс жақтан шығарылған. Бұған жалпы биіктігі 1,2 метр болатын төрт баспалдақ арқылы кірелі. Кешеннің еденіне тас аралас тапырық жайып, оның үстіне жалпақ тақта тастар төселген. Қабырғалары 3 метрге көтеріліп барып, көлденең бөренелермен жабылған. Бұлардың барлығы тас қалаудың қола дәуірінен бергі ежелгі дәстүрінен алынған. Осы дәстүрді кешеннің төбесін жабу кезінде де қолданған. Кешен ұзақ уақыт жақсы сақталып, бертін келе біршама қираған. Ескерткіштің дәл мерзімін анықтайтын дерек әзірге жоқ. Қазақстан жеріне тән сыртқы тұрқына қарап, ғалымдар оны ислам діні дендеп ене қоймаған кезеңге жатқызады. Аңыз бойынша бұл кесене ұлы сазгер және жауынгер Домбауыл құрметіне салынған екен, ал ол кісінің өзінің болғаны тарих пен мифпен (ертегі-аңызбен) ұштасады. Мәселен, ауыз әдебиетте Сыпыра жырау туралы мағлұмат бар. Кейбір деректерге сүйенсек, Сыпыра жырау 120 жас, немесе 180 жас жасапты. Оның Тоқтамыс ханға айтқан толғауын, қазақтың ауыз әдебиетінде былай деп жеткізген:

Мен қартыңмын, қартыңмын,
Не көрмеген қартыңмын.
Бастыққа бастық, Бастық хан
Оны көрген кәріңмін.
Одан соңғы Кедей хан,
Оны көрген кәріңмін.
Одан соңғы Ала хан,
Оны көрген кәріңмін.
Одан соңғы Қара хан,
Оны көрген кәріңмін.
Құлағы шұнақ Хазар хан
Оны көрген кәріңмін.
Он екі тұтам оқ атқан,
Одан соңғы ер Шыңғыс
Оны көрген кәріңмін.
Мұнарасы қырық құлаш
Өзден сұлтан Жәнібек
Оны көрген кәріңмін.
Ұлы бабам Домбауыл
Соны көрген кәріңмін.
Жүз сексенге келгенде,
Сонша хандар өткенде
Жас та болсаң, Тоқым хан,
Сені көрген кәріңмін.

Осы толғауды зерттеген мамандар Домбауыл негізінен фольклорлық кейіпкер деген жорамал жасайды. Алайда, кейбір ғалымдар оны Жошы ханның серігі болған деген пікірде. Бұл нұсқаны Жошы хан кесенесінің жақын маңда орналасқаны да айғақтаса керек. Дегенмен, сондай кейіпкер тарихта болғанына күмән келтіруге болмас. Себебі, мұндай сәулет өнері ескерткішінің адамның атымен аталуы да кездейсоқтық емес шығар…

«Домбауыл сияқты ескерткіш Қазақстанда екеу ғана. Бұл Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың ескерткіші, одан кейін осы – Домбауыл. Кесене түркі заманында салынған. Домбауыл кесенесінің жанында жерленгендердің кім екені белгісіз, бірақ, олардың қарапайым адамдар болмағаны мәлім», – дейді тарихшы, археолог Ғабдол Әуезов.

Дереккөз: ASSEMBLY.KZ

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button