Жаңалық Редакция таңдауы

Жеңілдетілген автонесие алу шарттары қандай?

Қазақстанда жеңілдетілген автонесие беру басталды. Жеңілдетілген автонесие бір адамға екі жыл ішінде бір-ақ рет беріледі. Жеке автопаркті жаңартуды ынталандыру мақсатында ҚР азаматтарына жеңілдікпен несие беру бойынша автокөлік сатып алу, сондай-ақ автобустар паркін жаңарту үшін «Жасыл Даму» АҚ қаражаты есебінен бағдарлама әзірленді.

Жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша қаржыландырудың жалпы сомасы шамамен 100 млрд теңгені және Қазақстан өңірлеріндегі автобус паркін жаңартуға шамамен 30 млрд теңгені құрайды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, халыққа автокөлікті несиелендіру келесі шарттармен жүзеге асырылады:

– сыйақы мөлшерлемесі 4%;

– несие сомасы 10 000 000 теңгеден аспауы керек;

– қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспайды;

– бастапқы жарна 0%-дан бастап;

– көлік құны 15 000 000 теңгеден аспайды.

Несие беруді Екінші деңгейдегі банктер жүзеге асыратын болады.

Қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ЕДБ-де түпкілікті қарыз алушыға қаржыландыруды ұсыну мерзімдерінің сақталуын бақылаудың автоматтандырылған жүйесі болуы шарт.

Сондай-ақ бір түпкілікті қарыз алушыны екі жылда бір реттен жиі емес қаржыландыру түріндегі шектеулер бар.

Лизинг алушылар үшін автобустарды сатып алу шарттары төмендегідей болады:

– сыйақы мөлшерлемесі 0,01%;

– лизинг мерзімі 7 жылға дейін

– бастапқы жарна 0% бастап;

Жеңілдетілген автонесие түріндегі қолдаудан басқа, мемлекет жеңілдік сертификаттарының қолданылу мерзімі мәселелерін шешу шараларын пысықтауда. Бүгінгі таңда ӨКМ операторының функциялары «Жасыл даму» АҚ-на беруіне байланысты осыған дейін пайдалана алмаған жеңілдік сертификаттарын пайдалануға мүмкіндік беретін тетіктер зерделенуде. Бұл сертификаттарды пайдалану жүргізіліп жатқан тексеру әрекеттеріне байланысты уақытша тоқтатылды.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Ғалымжан Әди мырзаның мәліметі бойынша, қазір осы бағдарламаға қатысатын 4 банк таңдап алынған. Олар: «Халық банк», «Банк ЦентрКредит», «Форте банк» және Еуразиялық банк».

«Бұлардың қатары әлі де кеңеюі мүмкін. Қазір өнеркәсіпті дамыту қоры басқа банктердің де өтініштерін қарастырып жатыр. Ол өтініштер мақұлданса, банктер саны көбейеді.

Сондай-ақ, «Центр Кредит» банкінің өкілі Гүлжаһан Хамитованың айтуынша 4 пайыздық автонесие зейнеткерлерге берілмейді.

Және банктер 4 пайыздық автонесие өтінімін алатын көліктің VIN-коды бойынша ғана қабылдайды.

«Бұл автонесиенің тағы бір назар аударуға тұрарлық мән-жайы бар. Бағдарлама шарты бойынша диллерлер есепшотты дайын автокөліктерге ғана береді. Яғни, есепшотта автокөліктің VIN-коды мен құны көрсетіледі. Содан кейін банктер осы берілген есепшот бойынша өздерінің тұрақты кепілдерін беріп, іске асыра береді», – деді «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамының басқарма басшысы Ғалымжан Әди.

Қордың басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаровтың айтуынша, бұл әлі өндірілмеген көлікке кезек қалыптаспауы үшін қажет.

«Банктер өтінімдерді есеп айырысу шотында VIN-код көрсетілген жағдайда ғана қабылдайды. Яғни, банктер автосалонда бар көліктерге ғана өтінім қабылдайды деген сөз. Бұл ұзынсонар кезектің ұзақ мерзімге созылып кетпеуі үшін жасалып отыр. Несие алуға үміткер адам автомобильді таңдамай тұрып несие рәсімдей алмайды. Бұл өте маңызды мәселе», – деді ол.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button