ЖаңалықРедакция таңдауы

Баланы еңбексүйгіштікке қалай баулимыз?

Еңбексүйгіштік – адамды еңбекке баулитын маңызды қасиет. Ол адамды мақсат қоюға, табандылыққа, ұқыптылыққа, шыдамдылыққа, адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату мен шығармашылыққа жетелейді.

Қай заман мен қоғамда болсын жанұядағы бала тәрбиесі аса өзекті мәселелердің бірі болған. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің бастапқы негізгі ұйытқысы да ата-ана болып қала беретіндігіне еш күмән жоқ. Баланы еңбексүйгіштікке баулуда ата-ананың ықпалы өте зор. Тәрбие үдерісі көп еңбектенуді, сондай-ақ ата-аналардың дене күші мен ақыл-ой-моральдық күшін де қажетсінеді. Сол себепті балада мінездің белгілерін, олардың адамдар мен өмірге деген қатынасының негізін салу қажет.

Назарларыңызға жас ерекшеліктеріне қарай баланы еңбекке баулу жұмыстарын ұсынамыз.

Бұл жас аралығындағы балада «Мен» деген түсінік қалыптасады. Баланың жауапкершілігін дамыту жолдарының бірі оның өз бетімен шешім қабылдауын қанағаттандыру. Егер ата-ана баланың жауапкершілігін дамыту үшін қолайлы жағдай жасамайтын болса, онда бұл қасиет балада баяу дамитын болады.

Көп жағдайда ата-аналар балаларына байқамай «кім төкті, кім шашты, неге алдың, неге сүйттің» деген сөздерді жиі айтып жатады. Мұндай жағдайда бала қайткен күнде де бір кінәлі адам болуы тиіс деген шешім шығарады. Осылайша бала кінәдан қашу арқылы өзін ақтауға тырысады. «Мен емес, бауырым төкті, көрген жоқпын» деп өтірік айтуға мәжбүр болады. Сонымен қатар, өзін кінәлі сезінген бала үнемі мазасыз, ашуланғыш болады. Өзін керексіз сезінгендіктен, айналасына ұнауға тырысады.

Осындай мінсіздікті ұстанатын ата-аналар балаларының әлсіз қырларын мойындамай, қосымша сабақтармен, ақыл-кеңестермен балаға көтере алмайтын жүк артады. Осыдан барып, бала өзін кінәлі сезіне бастайды.

2-4 жас кезеңдері психологиялық тұрғыдан баланың «Әлем жалғыз мен үшін жаралған» деп аталатын кезеңі. Әке-шешесінің арасындағы кішкентай ренішке өзін кінәлайды. Жиі кінәлі сезінудің болашақтағы салдары — күйзеліс.

Ал, анасы төгіліп жатқан суды көріп, «мына жерді тазалауға маған кім көмектеседі» немесе тамақты төгіп алған болса, «маған көмектесіп жібер, бірге тазалайық» десе, балалар өз іс-әрекетінің дұрыс емес екендігін түсіну арқылы «анам ұрыспай, бірге реттей алады екенбіз ғой» деген ойға келеді. Бұл ұстанымдағы ата-аналар әңгімелесу және ойын арқылы үйретуіне де болады. Бұндай іс-әрекет арқылы бала өзі жасаған істің жауапкершілігін өз мойнына алуды және бөлісуді, көмектесуді де үйренеді. Баланың жауапкершілігі осы кезеңдерде қалана бастайды.

«Еңбексүйгіштік», «жұмысқа деген талғам» термині осы кезеңнің негізгі тақырыбын көрсетеді. Балалар ол ұғымдардың қайдан пайда болатынын және қалай әрекет ететінін білуге тырысады. 4-7 жас аралығында бала бойында жаңа қырлары мен белгілері ашыла бастайды. Сондай-ақ, бұл жас аралығындағы балалардың бойында бастамашылдық қасиеті дами бастайды. Бала өз дегенін істеп, өз ойы мен қалауын жасауға ұмтылады. Мысалы, баладан бір жұмысты істеуін өтінген кезінде «мен жасағым келмейді» деп айтады. Сол кезде ата-аналар балаға түсіністікпен қарауы өте маңызды. Егер де «сен неге мені тыңдамайсың, менің айтқанымды жасау керексің» деп ұрысып не ұратын болса, баланың қалыптасуына кедергі жасайды. Балада «Әлемде менің қалауым маңызды ма, әлде маңызды емес пе?» деген сұрақ туады. Егер осы жаста баланың қалауларын өшіріп тастасақ, балада жалтақтық және маңызды істі бастарда қорқақтық пайда болады.

Бала жауапкершіліктің моральдық мәнісін түсіне бастайды және жауапкершілікті толықтай болмаса да, жартылай сезіне бастайды.

Жасөспірімде ересек болу сезімі, жауапкершілікті өз мойнына алуға деген ұмтылыс пайда болады. Өзіне жақын адамдар үшін жауапкершілік алып үйренеді және саналы түрде белгілі критерийлерге сүйене отырып, әлеуметтік жетілген, жауапты және жауапкершілігі мол адамды үлгі ретінде алады.

 

Мұхамеджанов Сәбит Ерболатұлы, Есжанова Гүлнұр Нұрмашқызы «Баланы еңбексүйгіштікке қалай баулимыз?»; Нұр-Сұлтан: «Visionkitap» баспасы, 2021. 48 бет.

Басқа материалдар

Back to top button