Жаңалық Редакция таңдауы

Алтын Емел қорығындағы ең ерекше жер

Алтын Емел қорығының ең ерекше жерінің бірі – Әнші құм немесе Айғайқұм деп аталатын төбе, кіші және үлкен Қалқан тауларының етегінде орналасқан. Биіктігі 150 м-дей, ұзындығы 8 км, ені 3 км-ге дейін болатын төбеден әртүрлі үн шығып тұрады.

Ол үн бірнеше шақырымға еркін жетеді. Құм жел әсерінен қозғалғанда одан кәдімгі сырнайдан шыққан әуенді естігендей боласыз, ал жел күшейсе ұшақтың гүрілі сияқты дауысқа ұласады. Бұл құбылысты мамандар құмның ұсақ бөлшектерінің бір – біріне  үйкелуінен деп түсіндіреді.

Ал, ел арасында Әнші құм жайында аңыздар жеткілікті. Аңызға сүйенсек, құмның астында Шыңғыс хан өзінің сенімді жауынгерлерімен жерленген екен. Сиқырлы құмнан шығатын әуенді хан рухы өз ұрпақтарына жеңістері жайлы сыр шерткені дейді. Және де Айғайқұм туралы ел аузындағы аңыз-әңгімелерде құмдағы әуезді кері пиғылды, іші қара ниетке толы адамның құм астында қалып, жаны қиналғаннан қысылғанда шығатын даусы десе, екінші нұсқада дуаланған сұлудың дауысы делінеді.  Құмды таудың басына шығу оңай шаруа емес, кімде-кім таудың басына қиналмастан жететін болса, сол адамның асқақ арманы орындалады, ал жете алмаған адам күнәхар болады деген  наным-сенім де бар.

Құмның тағы бір ерекшелігі ол басқа құмдар секілді орының ауыстырып, көшіп жүрмейді. Керісінше мыңдаған жылдар бойы Алтын Емел аумағында бір орнында тұр.

Осы бір далалы-жартасты жерде осындай құмдардың пайда болуы әзірше жұмбақ. Мұндай құмдар дүние жүзінде Қытайда, Ресейде, Арабияда және Америкада ғана кездеседі екен.

Әнші құмға барар жолда «Ошақтас» қойтастары бар. «Ошақтас» туралы екі түрлі аңыз бар. Біріншісі: ошақ сияқты орналасқан биіктігі 2 метрге жуық қойтастардың үстіне от жағып, жау шапқыншылығын алдын ала мыңдаған шақырым жерде орналасқан мұнараларға белгі беру үшін пайдаланған.

Екіншісі: «Ошақтас» қойтастары Шыңғысханның бұйрығы бойынша орнатылған. 1219 жылы бұл жерге ұлы қолбасшының қолы аялдаған, ал тамақ дайындау үшін қойтастарға үлкен тайқазан орнатылып, от жағылған дейді.

 

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button