«Рухани жаңғыру» аймақтардаЖаңалық

Алматыда IV республикалық Абайтану олимпиадасы өтуде

Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында IV Республикалық Абайтану олимпиадасы өтуде.

Ұлы ақынның бай мұрасын жас ұрпақ санасына терең әрі жан-жақты сіңіруге бағытталған олимпиаданың мақсаты – М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын толық меңгеру арқылы кемеңгердің ақындық болмысына үңілу, Абайдың шығармашылығы мен өнегелі өмірінен ғибрат алу. Және Абай өлеңдерінің мән-маңызы мен қадір-қасиетін түсіну, Абай қарасөздерінің тәрбиелік-тағылымдық маңызын ұғыну, Абайша ойлауға ұмтылу, сөйлеу мәдениетін үйренуге, тіл тазалығын сақтауға дағдылану. Оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Олимпиада екі айналымнан тұрады:

І айналымда Абайдың қарасөздері мен поэзиясы негізінде дайындалған тақырыптардың біріне эссе жазу керек.

ІІ айналымда М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан берілген үзіндінің қай тарау, қандай бөлімнен алынғанын айтып, мазмұнын жалғастырады. Роман мазмұнынан «сократтық» сұрақтар беріліп, логикалық деңгейі тексеріледі. Абай шығармашылығы бойынша дайындалған тапсырмаларға жауап береді. Әр жанрдағы шығармаларына жан-жақты талдау жасап, алған тәлімі мен білімін сарапқа салып, сыннан өткізеді. Абайтанушылар жайлы таным-деңгейін көрсетеді. Сондай-ақ,  М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан алынған сөйлемге кешенді талдау жасау арқылы грамматикалық сауаттылығы анықталады.

Олимпиаданың Республикалық кезеңіне 14 облыс, 3 қала, Республикалық білім беру ұйымдары, НЗМ ДББҰ, Абай мектептері желісі бойынша жалпы саны 130 оқушы қатысуда.  Әділ қазылар алқасының қатарында Абайтанушы, әдебиетші-тілші, зерттеушілер бар. Жеңімпаз атанған оқушылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Басқа материалдар

Back to top button