Жаңалық Редакция таңдауы

Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашы

Еуропалықтарды қазақ сазына тәнті еткен Әмірені жақсы білетін көпшіліктің Әйткеш Толғанбаевты тани бермейтіні рас. Әйткеш Толғанбаев – Еуропа төрінде «Елімайды» сызылта салған, қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы.

Қазақтың Паганиниі. Абай мен Шәкәрімдей алыптарды берген Қарауылдың қастерлі топырағы Әйткеш Толғанбаевтай дарынды музыканттың да туғанын көбіміз біле бермейміз.

Оның бала кезі Абай әндерінің қазақ даласына таңғы шуақтай жамырай тараған шағына дөп келіпті. Анасы Бибісара Өтелбайқызы өте сирек кездесетін мецо-сопрано дауысымен ақын атаның сыршыл әндерін құлағына сыздықтата құйып отыратын.

Үш атадан туысатын Абайдың әнін анасының аузынан естісе, Шәкәрім қажының тағылымды кеңесі мен салиқалы саздарын өз аузынан тыңдап өсті.

Әйткеш Толғанбаев аштықтың азабын аз тартпаған. Жармадағы балалар үйін паналаған тұста аштықтан естері ауып, өз балаларының етін жегендерді көзімен көрді. Мұның бәрі өзі жазып қалдырған «Қатал тағдыр төлкегі» атты кітабында баяндалады. Үлкен ағасы Иманбек сол нәубет кезінде аурудан көз жұмған екен.

Оның музыкаға әуестігін қолдап, талабын ұштаған тағы бір ағасы Балтақай еді. Скрипка үнін радиодан күнұзақ тапжылмай тыңдайтын Әйткешке 91 сомдық скрипка сатып әпереді. 1936 жылы көркемөнерпаздар байқауына сол скрипкамен қатысып, Латиф Хамиди, Ілияс Жансүгіров сынды аузы дуалы қазылардың батасын алады. Қазақ күйіне өлеңнен ескерткіш орнатқан І.Жансүгіров жас скрипкашының талантына тәнті болып, облыстық газетке жылы лебізді мақала жазыпты.

12 жасында Семейдегі Л.Хамидидің айтуымен әйгілі Ахмет Жұбановтың қамқорлығына алынып, Ленинградтан жер ауып келген Иосиф Лесманның шәкірті атанады. Оның студенттік өмірі де аштықтан ес жия қоймаған бей-берекет кезге сәйкес келді. Осындай қиын кезеңдерде Мұхтар Әуезовтің ағалық ілтипатын көреді.

1941 жылы соғыстан хабар жетіп, Әйткеш Толғанбаевтың асыл армандары аяқсыз қалды. 1942 жылдың күзінде ауыр жараланып, тұтқынға алынады. Тоқтық сияқты аштықтың да адамды аздыратынын екінші мәрте сол кезде көрген.

«Адам бәріне көнсе де, аштыққа шыдамайды екен. Бір кешкілікте оттың айналасында күбірлесіп отырған тұтқындарға көзім түсті. Сүйретіле басып, қастарына келдім. Олар мені байқаған да жоқ, бірдеңені отқа қақтап пісірген болып, жеп отыр. Біреуі «Әй, мынау өзі адамның еті дәмді екен» – десе, екіншісі қостап, «Иә, ол әрі пайдалы» – деп қойып, күйсеп жатыр. Жаным түршікті, лоқсып-лоқсып жібердім. Бұлар адам емес, аштықтан жыртқышқа айналған нағыз адамжегіштер еді» -деп еске алды кейін.

Бах, Моцарт, Бетховен сынды ұлы композиторлары бар неміс халқы үшін скрипка сүйікті аспап еді. Әйткеш Толғанбаев Фрайбург қаласында тұтқындағылардан ұйымдастырылған концертке алынады. Оған өз еліңнің ұранын ойна деген пәрмен түссе керек. Әйткеш ойланбастан «Елім-айды» сызылта жөнеледі. Сөйтіп, бір кездері Әміренің асқақ рухты әніне тебіренген Еуропа төсінде азалы әуеннің зарын төгеді.

Кейін ол «Түркістан» легионына алынады. Бұдан бас тартқан жағдайда Вермахтың сотымен өлім жазасына кесілетін еді. Әйткеш Фрайбургтен Берлинге келісімен қолына қару алудан бас тартқаны үшін зынданға тасталады. Оны бұл тозақтан Мұхаметқали Бақыткерейұлы деген әнші легион командирі Эрнихқа жалынып жүріп, құтқарып алған екен. Сол Мұхаметқалидың кеңесімен үгітшілер взводының құрамына кіреді. Жат жерде өнер табыстырған қос қазақ қалайда Кеңес жағына өтуді ойлаумен болады. Кейін майдан даласында хабарсыз кеткен М.Батыркерейұлы да тегін адам болмаса керек.

1944 жылы Венада өткен Түркістан ұлттық комитетінің бірінші құрылтайында Сырым Датұлының бейнесін сомдап, тарихи көтерілісті сахналайды. Бірде бұл екеуінің ішкі ойлары әшкере болып, күзетпен Тулуздағы өлім лагеріне жөнелтіледі. Бақтарына орай, ағылшын-американ ұшақтары әуеден соққы беріп, аласапыранды пайдаланып тұтқыннан босайды. Үркінді күндердің бірінде серігінен адасып қалған А.Толғанбаев француз партизандарының жағына өтіп, герман әскерімен шайқасқа қатысады. Солайша Марсельден Италияның Неаполь қаласына өтіп, ақыры Кеңестер жасағына қайта қосылады.

Әйткеш соғыстың аяқталғанын Римдегі кеңес елшілігінде вахтер болып жүрген кезде естиді. Мұндағы күндер оның өмірінің ең бір жаймашуақ кезеңдері еді. Бір күн кезекте тұрса, екі күнгі бос уақытында Италияның атақты театрларын аралап, опера тыңдап, Батыстың Абай қызыққан мәдениетімен түпнұсқада танысады. Отанға оралар тұста Италия тарапы Әйткешке азаматтық ұсынғаны туралы деректер айтылады. Оны өз елінде саяси қуғын күтіп тұрғаны да ескертіледі. Бірақ Ә.Толғанбаев өз елінде «ұлтан» болуды жөн санаса керек.

Небір зобалаңды көзбен көріп, 1945 жылдың аяғында елге оралған Әйткеш әуелде қазақ зиялыларымен аралас-құралас болып, шығармашылыққа ден қоя бастайды. Жаңа жылды М.Әуезов, Б.Момышұлы, С. Мұқанов, М.Ғабдуллин, Е.Брусиловский, К.Байсейітова бастаған қалың зиялымен бірге Ғабит Мүсіреповтың үйінде қарсы алады. Сол кештегі сөз арасында еуропалықтардың қазақ әндерінің скрипкадағы үніне ерекше ықылас танытып, қазақ музыкасына бас игендерін айтса керек. Сонда Баукең орнынан атып тұрады да:

– Міне, ақсақалдар! Сендер мына баладан үйреніңдер… Өз еңбектеріңді мақтан тұтасыңдар. Мына жігіттен туған халықты сүюді, сол халықтың атын шығаруды үйреніңдер. Сендермен бір үстелдің басында отырғым келмейді, – деп шығып кетеді.

Осы әңгіменің әсері болды ма екен, көп кешікпей «сатқындық жасады» деген желеумен Әйткештің соңына қуғын түседі де, оған «Кеңес үкіметіне қарсы ұрандар айтып, үгіт жүргізді», «Жат елде отанын масқаралаған пьеса қойды» деген сияқты жаланың түр-түрі жабылады.

Жаланың жол таппайтын тұсы бар ма?! Әйткеш 1946 жылдың 3 ақпанында туған ауылына қайтқалы тұрған жерінен қамауға алынып, Магаданнан бірақ шығады. 1947 жылы сот үкімімен 25 жылға жер аударылады.

Магаданда да «үш әріп» соңына түсіп, М.Әуезов, А.Жұбанов, Е.Исмаилов сияқты алаш ұлдарын арандатуға итермелеп бағады. Араға 8 жыл салып, Магаданнан елге оралғаннан кейін де КГБ өкілдері оның қыр соңынан қалмаған екен. Ахмет Жұбановтың арқасында Алматы консерваториясының доценті атанғанымен, көп кешікпей барлық мемлекеттік марапаттары мен соғысқа қатысушы ретінде көрсетілетін жеңілдіктерінен айырылады. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, мұның бәрі КГБ тыңшысы болуға келіспегендіктен болып жатқанын білгенде туысқандары да түсінбестік танытады.

«Әкем өзін ақтау үшін көп табалдырықты тоздырды. Бір жолы Ресейден өте жүдеу күйде келді. Жағасы кірлеп, жүзі тотығып кетіпті. Не болғанын сұрағанымда кейін елмен бірге естисің деген жауап айтты. Оның мән-жайын кейін кітабынан оқыдық. Мәскеуге арызданып жүргенде сонда тұрып жатқан туысының үйіне барыпты. Олар Әйткешке «үш әріп» назарындағы адам болғандықтан, кіргізе алмайтындарын айтады. Кемерово қаласында да, Киров вокзалында да, Беларусь жерінде де вокзалға түнеп жүрген екен. Анамның жұмысы арқылы да әкемді көндірмекші болды. Пәтер, саяжай, атақ дегендерді кезексіз беруге уәде етті. Әкем соның біріне көнбеді. Өмір бойы қамқорлығын көрген адамдарды сатуға болмайтынын үнемі айтып отыратын» – дейді Сәулета Толғанбаева.

Сол кезден бастап, Тәуелсіздік таңы атқанға дейін өзінің саяси бостандығы үшін күресіп, Мәскеуге сан рет барып қайтқан Әйткеш Толғанбаев тек 1992 жылдың мамырында ғана Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының шешімімен «1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбаны» деп танылып, толық ақталып шығады.

Дереккөз: «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button